МҰҚТАЖ ОТБАСЫҒА ПӘТЕР СЫЙЛАДЫ
Асыраушысынан айырылған отбасыға пәтер кілтін табыстады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Б.Мансұров Индер ауданына сапары кезінде мұқтаж отбасыға пәтер кілтін табыс етті.
Ұлыстың ұлы күніне тұспа-тұс келген көктемнің жайма-шуақ күнінде 2 бөлмелі жылы да жайлы пәтердің іші әп-сәтте ақ тілек пен жарқын күлкіге, қуанышты көңіл күйге кенелді. Себебі, Назгүл осы күнді ұзақ күткен болатын. 3 жыл бұрын шиеттей балапандарымен отағасынан айырылған ол: «Біз жалдамаған пәтер, аттамаған табалдырық болмады. Тіпті шектен тыс ылғал тартуына байланысты бір қызымның өкпесіне салқын тиіп, ота да жасалды», – дейді көзіне жас алып.
Иә, біз сол сәт осыдан 3 ай бұрынғы ұнжырғасы түскен Назгүлді емес, керісінше, келешекке деген үміті оянған, бұл қоғамда жүрегі ізгілік пен мейірімге толы жандардың аз емес екеніне көзі жеткен, жанарында қуаныштың жасы іркіліп, езуіне күлкі үйірілген Назгүлді көрдік. Еш алаңсыз бір-бірін қуалап, ойын қызығына батып жүрген балаларды көрдік. Ортаншы ұлы Азаматтың алған марапат қағаздарын көріп, бұл шаңырақта күні ертең еліміздің дамуына аянбай үлесін қосатын болашақ қайраткерлердің өсіп келе жатқанын көрдік. Жалпы, екі ай бұрын «Әйіп қажы» мешітінің бастамасымен, «Иман жастары» еріктілер тобының ұйымдастыруымен басталған «Көпшілікпен баспана» акциясы аясында жерлестердің, атымтай жомарт жандардың арқасында бас-аяғы 3 000 000 теңге жиналды. Қала орталығында орналасқан үйден 2 бөлмелі пәтері сатып алып берді.
Рафхат ЖҰМАБАЙ