» » АҒАШТЫ СӨЙЛЕТКЕН ДӘУРЕН

АҒАШТЫ СӨЙЛЕТКЕН ДӘУРЕН

  Жаңа заман техногендік жаңару, жаңғыру дәуірі болса да, ұлттық өнерін сақтап, дәріптеп отырғандар аз емес. Бүгінде той-жиынның көбісі ұлттық нақышсыз өтпейді. Киімнен бастап, ыдыс-аяқ, әшекей-бұйымдардың барлық элементтері қолданылып жүр. Бұл қуантарлық жағдай. Алайда осы қазынаны жасап, көпшілікке ұсынып жүргендер некен-саяқ.
«Ел іші – өнер кеніші» деген. Ел ішінде он саусағынан өнер тамған айтулы шеберлер Сыр елінде бас қосып, "Arai city mall" кешенінде "Қобыз үні" атты республикалық қолөнер шеберлерінің көрмесінде бір-бірімен тәжірибе алмасты. Алматы, Шымкент, Түркістан қалалары мен облысқа қарасты барлық ауданынан 40-қа тарта қолөнер шебері осындай құнды дүниелерін аталмыш шараға арнайы әкелді. Көшелі кәсіпті нәсіп етіп, ауыл аймағына қадірлі болып жүрген жандардың бірі – Дәурен Міншәріпов. Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылының тумасы бүгінде Түркістанда кәсібін дөңгелетуде.  Домбыра, қобыз аспабы мен малдың сүйегінен, мүйізінен түрлі кәдесый дайындайды. Ағаштың тамырын да пайдаға жаратқан ұстаның бұл еңбегі көпке үлгі.
– Барлық үлкен жұмыстар кішкентай бұйымдарды жасап көруден басталады.Бір шығармашылық жұмысты жасау оңай емес. Қанша уақыт, ізденіс, еңбек қажет. Қиялыңдағы дүниені бейнелеп көрсете алатын ағаш табу керек. Бір-бірімен үйлестіре білу – тек шебердің ғана қолынан келеді.
Музыкалық аспаптан бөлек тұрмыстық заттарды жасау технологиясы айтарлықтай ерекше. Сапалы дүниеге сәйкес ағаштың табыла бермейтіні тағы бар. Кейбір ағаштарды жеті жыл көлемінде кептіру керек. Бірақ көпжылдық тәжірибенің арқасында ебін тауып, ескі шикізатты ептеп жүрмін. Нәтижесінде, бүгінде тұтынушылардың қатары қалыптасты, халықты әрдайым жаңа дүниелермен таңғалдыруға асығамын, – дейді шебер.
Шебердің әрбір жасаған туындысы талайды таңғалдырған. Жасаған бұйымдарының арасынан қыл қобызға тапсырыс берушілер көп екен.  Қобыздың қыр-сырын білмесе де бойтұмар қылып төріне іліп қоятын көрінеді.  Дәуреннің қолтаңбасынан шыққан әр туындының атауы және мән мағынасы бар. Мысалы"Тұғыр" деп аталатын туындысында бабалар үні – қобыз, қос ішектің құдіретін танытқан – домбыра, қазақ қасиет тұтқан – бесік, бұрымы белінен түскен бойжеткеннің сұлулығын еселей түскен – шашбау бұйымдары түгел көрініс тауыпты. Қарап тұрып, мінсіз шеберлік пен ұстаның қиял жүйріктігіне тәнті боласың. Шебер бұл туындысын 1млн 500 мың теңгеге бағалапты.
Дәурен секілді шеберлердің қайталанбас дүниелеріне қарап, тұтынушы табарына шүбә келтірмейсіз. Оның үстіне қазір ағаштан жасалған бұйымдар, күнделікті қолданыстағы ыдыстар экологиялық таза, жоғары сапаға ие. Музыкалық аспаптардың үні дертке дауа, жанға шипа.
Ерасыл ШӘРІБЕК
26 наурыз 2019 ж. 832 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930