ЖЫРШЫЛАР ШАҚЫРАДЫ
Наурыздың 30-ы күні Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында «Жырласа жастар жырласын!» атты республикалық дәстүрлі ән-жыр кеші өтеді. Жастар жылына орай ұйымдастырылғалы отырған шара жөнінде жыршы Марат Сүгірбаймен тілдестік.
− Аға, «Жырласа жастар жырласын!» ән-жыр кешінің мақсаты ұлттық санаға сілкініс жасауға бағытталған ғой. Осы жөнінде кеңінен тоқталсаңыз...
− Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының бесінші тармағында ұлттық музыка мен фольклорды әлемдік деңгейде насихаттау және ғылыми-техникалық мүмкіншіліктерді сақтай отырып кейінгі ұрпаққа жеткізу жайында айтылды. Біз ұйымдастырып отырған республикалық дәстүрлі әнші, жыршы фестивалінің мазмұндық маңызы да осыған негізделген. Бұл − дәстүрлі өнердегі белсенді еріктілердің бастамасы, шараға ешқандай мемлекеттік мекеменің немесе қоғамдық қордың ықпалы жоқ.
− Көрермен кеш барысында қандай өнерпаздарды тыңдай алады? Жыр қоры жөнінде не айтасыз?
− Қаржылық мүмкіндігімізге қарай Жетісу, Батыс Қазақстан өңірінен, Павлодар қаласынан, Қостанай облысынан жыршыларды шақырдық. Бұл жыр кеші жастар үшін рухани революция болады деген сенімдемін және ұлттық өнердің өміршеңдігін жас жыршылар арқылы көрсетеміз деген ойдамын.
− Соңғы уақытта ұлттық құндылықтарға жіті мән берілуде. Бірақ жыр-терменің жастар арасында жаппай насихатталуына не кедергі? Ізіңізден ерген жастар ұлттық мәдениеттің арқауы болған жыр өнеріне қаншалықты қызығады?
− Біз қазір жаһандану дейтін үлкен үрдісті бастан өткерудеміз. Бұл әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан және алпауыт мемлекет пен дамушы ел арасында байланыс орнатуда пайдалы. Алайда осындай қоғамдық құбылыс кезеңінде рухани иммунитеті әлсіз мемлекеттердің жұтылып кететіні бар. Сан ғасыр бойы сақталып келген дәстүріміз, кешегі кеңес үкіметі кезінде бұрмаланған тарихи және мәдени дүниелеріміздің көпшілігі енді қалпына келіп жатқанда біз осындай бастаманы қолға алдық. Қазір жастар арасындағы өнерге қызығушылық жоғары деңгейде деп айта алмаймыз. Әрине бәрі заманауи әнді айтқысы, тыңдағысы, соған билегісі келеді. Бірақ соның тасасында ұлттық өнер қалып бара жатыр. Бірақ жастар мағынасыз әуен тыңдайды деп қарап отырмай, осы дүниені барлық саланы қамти отырып насихаттауымыз керек.
− Сұхбатыңызға рақмет!
Гүлдана ЖҰМАДИН