Күйеуінің алғашқы махаббатынан мезі болған келіншек мұңын шақты
Атырау қаласының тұрғыны күйеуінің алғашқы махаббаты болған ару сүйіктісінің қазіргі отбасын бұзғысы келетінін айтып, жан сырымен бөлісті. Шыдамы шегіне жеткен келіншек өз оқиғасын баяндады деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Осыдан жеті жыл бұрын тұрмысқа шыққан Замира есімді (ред. ескертпе кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілген) келіншектің айтуынша, бүгінде отбасыннан береке кеткен.
Ал бұған себеп күйеуінің алғашқы махаббаты екен.
"Күйеуімнің есімі Жасұлан. Қазір жасым 33-тен асты. Отбасымызда екі ұлымыз бар. Молшылыққа кеңеліп отырмасақ та, қатарымыздан қалып отырған жоқпыз. Орталықта пәтеріміз бар, келешекте үлкен үй салуды армандап жүрміз. Соңғы екі жылдан бері жанұямнан береке кетті. Күйеуімнің алғашқы махаббаты қалаға қайта көшіп келіп, мазамызды алып жүр. Өкінішке орай, Жасұланның Ақмарал есімді келіншекке әлі де көңілі бар сияқты", - дейді Замира.
Әйел адамның айтуынша, бұрын күйеуі Ақмаралды шын сүйіп, екеуі ұзақ уақыт кездесіп жүрген. Жастар тойға дайындалып жүргенде, араға бөтен жігіт түсіп, бойжеткенді алып қашып кеткен. Бұл жағдайдан кейін Жасұлан қатты қиналып, біразға дейін қайғырып жүрген екен.
"Мен күйеуіммен аяқ астынан таныстым. Кездесіп жүргенімізге көп уақыт болмаса да, ол маған "отбасын құрайық" деп ұсыныс жасады. Мен Жасұланға келісімімді бердім. Кейін жолдастарынан оның алғашқы махаббаты туралы естіген болатынмын.Бірақ өткен өміріне айтарлықтай мән бергім келмеді. Алғашқыда ол мені қатты ұнатпайтынын іштей сезетінмін, кейін бір-бірімізге бауыр басып кеткен едік. Ара-қатынасымыз түзеліп келе жатқанда ортамызға қайтадан Ақмарал түсіп отыр", - дейді атыраулық келіншек.
Келіншектің айтуынша, Жасұланның бұрынғы ғашығы күйеуімен ажырасып, қалаға қайтып көшіп келген. Ақмаралдың бірінші некесінен ұлы бар екен.
Ол келгелі Замираның көңілі бұзылып, мазасы қаша бастаған. Күйеуі жұмыстан кеш келетінді шығарып, тіпті көрші облыстарға іс-сапарға кетіп қалатын болыпты.
"Бастапқыда Жасұланның опасыздық жасағанына сенгім келмеді. Шынымен жұмыстан қолы босамай жүрген шығар деп іштей ақтайтынмын. Бір күні үйге ішімдік ішіп келіп, ұйықтап қалды. Не түрткенін қайдам, ұялы телефонын ақтара бастадым.Ішінде Ақмаралмен сөйлескен SMS-жазбаларының барлығын оқып шықтым. Ішім мұздай болып кетті. Күйеуім әлгі әйелді әлі күнге дейін сүйетінін жазыпты. Маған тек жұбаныш ретінде, оны ұмыту үшін үйленгенін айтқан. Сонда мен жарымның ойыншығы болғаным ба?", - дейді кейіпкер.
Осыдан кейін Замира мен күйеуі екеуінің арасында жанжал туындаған. Ал Жасұлан бұрынғы сүйіктісіне жазған хаттарды мас болып жазғанымен түсіндірген, алайда атыраулық келіншектің жүрегі жіби қоймапты.
Болған жағдайда ата-енесіне айтып берген. Үлкен кісілер араласқаннан кейін жағдай тіпті, ушығып кетіпті.
"Жасұлан үйге жиі қонбайтын болды. Бір күні шыдамай, таң атпай Ақмаралдың үйіне бардым. Күйеуімді сол пәтерден тауып алдым. "Балаларымның әкесі" деп сыйлап жүрген адамымнан көңілім қалды. Не істерімді білмедім. Айқай-шу шығарғанымнан ештеңе өзгермеді. Ақмарал тіпті ұялып тұрған жоқ.Екеуі бір-бірін шынайы жақсы көретіндерін айтты. Мен оны тыңдағым келмеді. Өз үйіме жетіп, заттарымды жинай бастағанымда Жасұлан келіп, жалынып кешірім сұрады. Екеуміздің арамыздағы жағдайға отбасы мүшелеріміз араласып кетті. Балаларым үшін ғана қалдым", - дейді келіншек.
Үлкен жанжалдан кейін Жасұлан үйге көбірек көңіл бөлетін болған. Дегенмен Ақмарал күйеуінің мазасын алуды қоймапты. Ол жиі хабарласып, үйлерінің алдындағы гаражға екеуінің есімін жазып, жүректің суретін салып кеткен.
Бүгінде Замира қандай қадам жасап, қандай шешім шығаратынын білмей жүр.
"Екеуінің бұрын бір-біріне ғашық болғандарын түсінемін. Бірақ менің өмірім ойыншық емес қой. Балаларымның әкесі қастарында өмір сүргенін қалаймын. Бірақ күйеуіме деген сезімімнің де басылып қалғанын іштей біліп жүрмін. Бұл тығырықтан қалай шығуға болатынын білмеймін", - деп күйінді Замира.