Жастар саясаты: өзекті шақырулар, өмірлік мәселелер, өңірлік ерекшеліктер
Бүгінде жастар саясаты тәуелсіз Қазақстан елінің басты басымдықтарының бірі саналады. Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жете алады. Жастардың инновациялық әлеуетін тиімді қолдана білген мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болады. Сондықтан елімізде жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ынталандыру шаралары іске асырылып, мемлекеттік деңгейде жағдай жасалуда.
Жастар – әлеуетті салмаққа ие болатын халықтың қоғамдық белсенді тобының бірі. Заманауи әлемдік дамудың заңдылығы жастар саясатын мемлекет қызметінің дербес бағытына айналдыруға байланысты. Қазақстанда жастар саясаты бірнеше деңгейде жүзеге асырылады: республикалық, облыстық, қалалық және аудандық деңгейлерде. Республикадағы жастар саясатының жүзеге асырылуы туралы деректер 1-суретте берілген.
Сурет 1. ҚР мемлекеттік жастар саясатын басқару құрылымы
Мемлекеттік жастар саясатына арналған заңнаманы талдау, Қазақстандағы мемлекеттік жастар саясатын қалыптастыратын, жүзеге асыратын органдардың қызметі мен құрылымын талдау соңғы бес жылда мемлекеттің осы бағыттағы қызметінің белсендендірілген деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Алайда мемлекеттік жастар саясатының сапасын құқықтық актілер санымен, өткізілген шаралармен, оны жүзеге асыру үшін құрылған органдармен анықтай алмаймыз. Жастар саясатын жүргізуде әлеуметтік-экономикалық және саяси шынайылыққа сәйкес басымдықтарды объективті орналастыру маңызды. Қысқамерзімді және ұзақмерзімді басымдықтарды айқындау орынды, себебі осыған байланысты жастар бағдарламасын қаржыландыру жүзеге асырылады. Қазіргі күні Қазақстанда кәсіби, жастардың әлеуметтік қатысуы, тұрғын үй мәселесін шешу, әлеуметтік аз қорғалған жастар тобын қорғау, жастар әлеуетін жүзеге асыру басымды мәселелердің бірі саналады.
Әлемдік экономикалық дағдарыс, діни экстремизмнің таралуы жастардың өзекті шақырулар мен қоғамның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістерге жеткілікті түрде дайын еместігін көрсетті. Жастардың білім саласындағы мәселелері едәуір шешілген, медициналық қызмет көрсету бойынша мәселелерімен қоса жұмысқа орналасу және тұрғын үй өзекті болып қалатынын көрсетеді. Өзектілігі бойынша келесі мәселелердің қатарында: жастар ортасындағы есірткінің таралуы, діни экстремизм мен терроризм қаупі. Жастар санының қысқаруы еңбек ресурстары мәселелерінің туындауына, экономиканың әртүрлі саласында білікті кадрлардың азаюына әкеліп, Қазақстанның сыртқы технологиялық тәуелділік қаупін күшейтеді. Қызылорда облысының экономикалық құрылымы жалпы республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуын сипаттайтын, сол сияқты өңірдің аумақтық еңбек бөлінісі жүйесіндегі орны мен мамандану нысаны мен бағытын айқындайтын көптеген факторлардың әсерімен ұзақ уақыт бойы қалыптасып келді.
Мемлекеттік жастар саясатын республикалық және өңірлік деңгейде тиімді жүзеге асыру үшін келесі қағидаттарға сүйену қажет:
жастар саясатын әзірлеудің жинақтылығы мен жүзеге асырылуы, ресурстардың топтасу бағдары (барлық жауапты және мүдделі тараптарды тарту, түрлі әлеуметтік-экономикалық саланы қамту);
ел дамуының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі міндетіне арналған жастар саясатына бағытталған әлеуметтік бағыт пен түрлі жастар тобының қажеттілігі;
жастар саясаты саласындағы жабдықтаушы және қызметті қолданушылар үшін ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі;
жастар саясаты саласындағы жоспарлау мен белгілі топқа қызмет көрсету кезінде мақсатты топқа нақты сегментация беру;
жауапты орындаушының кәсіптілігі мен барлық деңгейдегі тең орындаушылардың ұйымдылығы.
Қызылорда облысындағы жастар саясатының қазіргі жағдайын облыстағы жастар ұйымдарының қызметін талдау арқылы білуге болады. 2018 жылы мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 649 млн. аса қаржы (2017 жылдан 30% артып отыр), оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 128 067,0 теңге қаржы қарастырылды. Биыл 42 әлеуметтік жобаны жүзеге асыру жоспарланған, оның 29-ы қала және аудандық деңгейде іске асады.
Өңірлік жастар саясатын жүзеге асырудың келесідей тетіктерін атап өтуге болады.
Кесте 1 – Өңірлік жастар саясатын жүзеге асыру тетіктері
Тетік атауы | Түсіндірмесі |
Нормативтік-құқықтық | Жергілікті атқарушы органдардың тиісті заңнамалық және нормативтік-әдістемелік базасын өңдеуі мен қабылдауы; |
Бағдарламалық-мақсаттық | Жастар мәселелерін шешу мақсатында өңірлік мақсатты жастар бағдарламасын өңдеу мен қабылдау. Мақсатты бағдарламалар мерзімі мен мазмұны жағынан үйлестірілген қандай да бір мәселені шешуге бағытталған қызметтер жоспары; |
Құрылымдық-ұйымдық | Жергілікті атқарушы органдардың ұйымдық құрылымдарын құру, басқарудың тіке-көлденең жүйелерін құру; |
Қаржылық | Өңірлік жастар саясатын жүзеге асыруға қажетті қаржыны жергілікті бюджеттен, орталық бюджеттен, т.б. көздерден бөлу; |
Үйлестіру тетігі | Мемлекеттік және қоғамдық бөліктердің арақатынасын реттеу үшін, қабылданатын шешімдердің оң нәтижелеріне қол жеткізу үшін қажетті шаралар; |
Қоғамдық бастамалардың басымдылық тетігі | Мемлекеттік органдардың жастардың басмашылдық-ииновациялық әлеуетін белсендіру қызметі; |
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасымен 13 әлеуметтік жоба жүзеге асырылады. Атап айтқанда, ауыл жастарын әлеуметтендіру, еріктілердің тиімді жұмысының жүйесін, жастардың бойында жоғары патриоттық сана, өз елі үшін мақтаныш сезімін қалыптастыру, педагогикалық, құрылыс, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысын ұйымдастыру, жастар шығармашылығын дамыту, ҚР Қарулы Күштерінің имиджін көтеру және әскери қызметін насихаттау, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жастар арасында ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру, жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында жұмыс жасалады.
Жастар мен кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын-алу, қылмыстың өсуіне жол бермеу мақсатында «Облыс бойынша NEET санатындағы жастармен жұмыс жасау жөніндегі егжей-тегжейлі іс-шаралар жоспары» жаңартылып қайта бекітілді. Сонымен қатар Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы арасындағы жастардың өзара әрекеттестік және әріптестік қызметінің жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында облыс әкімі және Байқоныр қаласының әкімшісінің басшысымен бірлескен ісшаралар жоспары бекітілген. Облыста 9 жастар ресурстық орталығы жұмыс жасайды. Онда 100 маман жастармен жұмыс жасайды. Әрбір ауылдық округте жастар ісі жөніндегі 149 маман қызмет көрсетуде.
Кесте 2 – Қызылорда облысындағы жастар саясатының жағдайы туралы SWOT- талдау
Күшті тұстары | Әлсіз тұстары |
Бірқатар жастар ұйымдарының ауызбіршілігі; Жастар ұйымдарының түрлі бағытта жұмыс істеуі; Жастар бірлестіктерінің саны артуы мен белсенділігінің өсуі; Басшылардың көшбасшылық қабілетінің болуы; Жастар бағдарламасының тиімділігі; | Жастар ұйымдарының жеткілікті және лайықты қаржыландырылмауы; Материалдық-техникалық базаның әлсіздігі; Кадрлардың тұрақтамауы; Жастардың өңірдің қоғамдық өміріне қатысуына мотивацияның әлсіздігі; |
Мүмкіндіктер | Қауіптер |
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс; БАҚ қолдауы; Меморгандар мен халықаралық ұйымдармен өзара әрекеттестік; Жастардың әлеуметтік белсенділігінің артуы; | Жастардың енжарлығы; Бағдарламалар мен жобалардың жеткілікті қаржыландырылмауы; |
Қазіргі үкіметтік емес ұйымдар әлі де облыс жастарының мүддесін толық дәрежеде білдіре алады деп айту қиын. Өйткені олар тек мектеп оқушылары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері секілді жастардың тек белгілі бір санаттарымен ғана жұмыс атқаруда, ал жұмыс істейтін немесе жұмыссыз жүрген және басқа да санаттардағы жастар қамтылмай қалып отыр. Демократиялық қоғам дамуының басты көрсеткішінің бірі – жастардың қабылданған шешімдерге атсалысуы. Оң әсерлі жобаларды қабылдауға жекелеген жастарды тарту мысалдарына қарамастан, бұл тетік әлі де дұрыс жетілдірілмеген.
Өңірлік жастар саясатының сәтті жүзеге асуының шешуші факторларының бірі – республикалық, сондай-ақ өңірлік деңгейдегі жастар саясаты саласындағы өкілетті орган құрылымы тиімділігінің жоғарылығы. Жергілікті атқарушы орган жанындағы консультативтік-кеңесші қызметі туралы үлгілік ереже келісімі бойынша оның құзіретіне үлес беру жолымен ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты бойынша кеңесінің мәртебесі айтарлықтай өседі. Жастардың мемлекеттік басқару органдарына қатысуын қамтамасыз ету мақсатында жастар саясаты саласының консультативті кеңесші органдарының қызмет ету үлгісін анықтайтын сәйкес нормативтік құқықтық базалар әзірленген. Жастар саясатын жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша заңнамалар жаңартылған. Жастар саясатын ведомствоаралық үйлестіруді, жастар саясатын талдау мен мониторинг жүргізуді күшейтетін бірқатар заңға қарасты нормативтік құқықтық актілер қабылданған. Жастар саясаты саласында жоспарлау жүйесін құру бойынша шаралар қарастырылған. Бүгінде осы үшін жастар саясаты саласында талдау әдісі – мониторинг әзірлену үстінде. Осы қызметті сүйемелдеу үшін жастар сарапшылық-талдамалық құрылымы керек. Мемлекеттік жоспарлауға бірегей қатынас енгізу, жастар саясаты саласында мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру үшін мемлекеттік органдар қызметін тиімді бағалау әдісі дайындалады. Сонымен қатар өңірлерде жастар саясатындағы қаржыландыру дифференциациясы деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретін қаржыландыру әдісін әзірлеу жоспарлануда. Әрбір өңірлік деңгейде жастар ұйымдарын қаржыландыру қарастырылған. Жұмыстың жеке блогы ретінде жергілікті атқарушы органдармен облыстық және аудандық (қалалық) деңгейде жастар мен жастар ұйымдарына арналған ресурстық орталықтар жұмыс істейді. Оның жұмыстарын жүйелендіру үшін қызмет көрсету тізімдері, стандарттары және ресурстары бекітілген.
Алма ӘБДІМОМЫНОВА,
ҚМУ доценті