СИҚЫРЛЫ СТЕРЛИНГТІҢ САНДЫҒЫ НЕ ДЕЙДІ?
Футболдағы сиқыр шынайы. Шынайысы алаңдағы ойыншының ертегіге бергісіз тағдыры болар. Онда сиқыр формуласы – жеңіске деген жігер, сенім және жанкүйердің үкілеген үміті. Болмаса сиқыр қосымша уақытта соғылған жеңіс голының дәмі дерсіз. Жанкүйерге сондай сиқыр көрсетіп жүргеннің бірі – Рахим Стерлинг.
Журналистер Рахим жайлы түрлі нәрсе жазды. Мақалаға криминалды балалық шағын, отбасын, қызын араластырды. Ойыннан кейінгі сұхбаттарында «сіздер менің хикаямды толық білмейсіздер» деп жиі айтатын. «Онда бізге турасын айт» дегенде үнсіз қалатын. Стерлинг біраз уақыт өткен соң The Players’ Tribune-ға хикаясын баяндап беріпті. Ойыншы өмірі журналдар жазғандай емес екен.
– 2 жасқа толғанымда әкемді өлтіріп кетті. Бұл жайт өміріме түбегейлі әсер етті. Осыдан соң анам қарындасым екеумізді Ямайкаға тастап, өзі Англияға кетті. Оқу оқып, бізге жақсы жағдай жасаймын дегені еді. Біраз уақыт әжеммен бірге Кингстонда тұрдық. Анасымен бірге жүрген балаларды көріп, қызғанатынмын. Анамның біз үшін жырақта жүргенін жете түсінбедім. Тек оның жанымда жоқ екенін ойладым. Әжем керемет адам еді. Біз дегенде шығарға жаны бөлек-ті. Бірақ бәрібір анаңның жаныңда болғанын қалайды екенсің. Құдайға шүкір, футбол менің ермегім болды. Өшімді доптан алатынмын. Әлі есімде, жаңбыр бастала салысымен далаға жүгіретінбіз. Жаңбырда футбол ойнағанда жанымыз кіретін. Ямайка жайлы ойлағанда есіме бірден түсетін естелік – осы. Жаңбыр жауғанда жасырынуды ойламаңыз. Оданда жаңбыр атмосферасына еніңіз. Рақат алыңыз. Анам біз үшін тырысып бақты. 5 жасқа толғанымда Лондонға көшіп бардым. Өркениеті, мәдениеті бөлек жерге үйренісу қиынға соқты. Оның үстіне көп ақшамыз да жоқ. Анам қалағанымыздың бәрін орындауға тырысты. Ақырындап ел қатарына қосыла бастадық. «Зак пен Коди» оқиғасындай болған жоқ, әрине. Менің тұспалымды түсінген боларсыз. Бізді оқыту үшін түрлі қонақүйде жұмыс істеді. Оған көмектесу үшін таңғы бесте тұрған сәттерді естен шығармаймын. Сабақ басталғанша, Стоунбридж қонақүйінің әжетханасын тазалауға көмектесетінмін. Ылғи қарындасыммен бәстесетінбіз. «Бұл жолы сен әжетхана тазалайсың, мен төсек реттеймін» дейтінбіз. Осыдан кейінгі ең жақсы нәрсе не дейсіз ғой? Тазалап болғасын анам бізді автоматтың жанына шақырып, қалаған балмұздақты сатып әперетін. Бастауыш мектепке барғанымда тынымсыз болдым. Мұғалімнің айтқанын тыңдағым келмейтін. Сабақ басталысымен, минут санап отыратынмын. Қоңырау соғылысымен, үйге асығамын. Ас ішер ішпестен, көшеге шығамын. Батпақтың арасында доп теуіп, өзімді Роналдиньо сезінетінмін. «Тәртіп бұзғандықтан, мені оқудан шығарып жіберді». Негізінде, оқиға басқаша өрбіді. Мұғалімдер анама «балаңызды қадағалау керек» деп түсіндірді. Алты баланың ортасында, үш мұғалімнің қарамағында кішкентай сыныпта оқыдым. Елестетіп көріңізші. Жасырынатын жер таппайтынмын. Бірде сыныптастарымның оқуға деген ниетін байқадым. Олар мен сияқты мектепті жек көрмейтін. Оқуға деген ынтасына қызықтым. Менің де қолымнан келетінін сездім. Адам қатарына қосылайын дедім де, өзімді қолға алдым. Менің басты мәселем – анамнан басқа ешкімді тыңдағым келмейтін. Араға бір жыл салып бұрынғы сыныпқа оралдым. Клайв Эллингтон есімді мұғалімді кезіктіріп, өмірім басқа арнаға түсті. Ол барлық оқушыға қамқор болып жүретін. Бір күні менен «Рахим, сен нені жақсы көресің» деп сұрады. Қарапайым сұрақ, иә? Ойланбастан, футболды жақсы көремін дедім. Ол болса «Шағын ғана командам бар. Сонда ойнауды қалайсың ба?» деді. Сол сәттен бастап Рахим түбегейлі өзгерді. 10 не 11 жастамын, мені Фулхэм өз қатарына қосқысы келді. Біраз уақыт өткен соң «Арсеналға» ауысу туралы ұсыныс түсті. Бақыттан басым айналды. Сыныптастарыма енді «Арсеналда» доп тебетінімді айттым. Анам өте көреген әйел. Маған «сенің «Арсеналда» орнығатыныңа сенбеймін. Онда саған ұқсаған 50 ойыншы бар» деп, мені КПР-ге ауысуға көндірді. Сонда өмірімдегі ең дұрыс шешімді қабылдаған сыңайлымын. Одан арғысын сіздер жақсы білесіздер. Англия әлі де – арман мекені. Кішкентай ғана тынымсыз бала орнын тауып, дегеніне жеткен жер.
Иә, әркімнің өз жолы бар. Өмір-дастаны да өзгенікіне ұқсамайды. Стерлинг КПР-ге келгеннен-ақ үйренісіп кетеді. Түрлі клуб скауттары КПР матчына арнайы келетінді шығарады. Академия директоры Стив Галлен өзгелер клубты «Рахим Парк Рейнджерс» деп атағанын сағына еске алады. КПР-де жүрген Рахимге АПЛ үздіктері ұсыныс білдіреді. Ақырында «Ливерпуль» жас талантты қатарға қосады. «Ливерпуль» сапында алаңға шыққан сәтін Стерлинг ұмытқан емес. Стивен Джерард пен Луис Суарес жанында тұрғанын жадынан шығармайды. Тіпті алғашқы ойынды арнайы дискке жаздырып алған. «Энфилдтағы» ерекше күнді естен шығарғысы жоқ. Стерлинг үшін «Ливерпульдің» орны бөлек. Академиясында тәлім алды, 4 маусым бойы «Энфилдта» доп тепті. 2014 жылы Golden boy атанды. Атағы трансферлік бағасына әсер етті. Аптасына 200 мың фунт жалақы төлейтін клубқа ауысты. 2015 жылдан бері «Манчестер Сити» қатарына қосылды. Гвардиола гвардиясына мүше болды. Англия чемпионатын, 2 рет лига кубогын, Англия суперкубогын иеленді. Биылғы Чемпиондар лигасында «Ситиді» біраз жерге дейін сүйреді. «Тоттенхэммен» болған драмаға толы ойында дубль жасады. Хет-тригі есепке алынбады. Сағы сынған жоқ. Келер жылы турнирге қайта келетініне сенімді. Оған дейін АПЛ-де айбар танытуы тиіс. Жанкүйерлер биыл АПЛ дубілінен дәмелі. «Жүгіргенде аяғымдағы допты сезбеймін» дейді. Қимылы да жүгіргеніне ұқсайды. Тосыннан тебетін шедеврына сөз жоқ. Сондықтан болар Гвардиола Стерлинг сиқырынан үмітті. Түбі бір айқұлақты трофейді «Этихадқа» әкелетініне сенеді. Өзі Джон Барнсқа ұқсағысы келеді. Тырысып жүр. Алған бетінен қайтпаса, АПЛ аңызына айналар күн алыс емес