Жақсы есім малдан артық.

«Сәбиге ауыр болады» деп әруақты кісілердің аттарын қоярда үлкендердің рұқсатын алуы ұлтымыздың ұрпақ ертеңін ойлағандығының белгісі емес пе? Баласы тұрмай жүрсе, ешкімнің назары түспесін деген ниетпен жұпыны есімдерді таңдайтын немесе Жасұзақ, Жүзжасар, Өлмес, Өскен деп атайтын, сәбидің дені сау, жаны берік болуын меңзеп Темірболат немесе Шойынбай деген есім беретін дәстүріміз кешеге дейін желісін үзбей жетіп еді.
Ғалымдар ХХ ғасырдан бері адамның есімі оның тағдырына, болмысына қаншалықты әсер ететіні төңірегінде зерттеулер жүргізіп келеді. Антропонимика ғылымы деп аталатын бұл саладағы зерттеулер нәтижелері адамның есімі оның өміріне айтарлықтай әсер етеді деген тұжырымға табан тірейді. Осындайда әлемге жаңалық болып жатқан антропонимиканы біздің бабаларымыз әлдеқашан игеріп тастағанына мақтанасың. Бүгінде балаға есім қою дәстүрі де өзгеріске ұшырады. Мағынасы белгісіз шетелдік ныспыларды жиірек таңдайтын болдық. Бұған ауыз да, құлақ та үйреніп келе жатыр.
Жуырда Ресейде Урал қаласының тұрғыны есімін кәдімгі Түшпара деп өзгертіпті. Түшпара шығаратын фабриканың акциясын ұтып алу үшін жасаған қадамы екен. Тағы да Украина астанасы Киев қаласында болған мына бір акция талай жанды таң қалдырды. Оның шарты бойынша кәдімгі Айфон 10 телефонын бар болғаны 1 гривнаға сатып алуға болады. Ол үшін... ата тегіңмен қоса өз атыңды ауыстыруың керек. Яғни жаңа смартфон алу үшін тегіңді 10, ал есіміңді Айфон деп өзгертсең болғаны.
Осындай сұмдық бізге келмесе екен. Қаракөздеріміздің арасында айдың-күннің аманында өз атынан бас тартып, Айфон атанғысы келетіндер табылып қала ма деген қорқыныш қой біздікі...
Байтүгей СУАН