Елімізде тағы бір бай отбасы жүкті қыздарының жігітіне үйлену тойын жасап берді
«Үйлену оңай, үй болу қиын». Алайда туыстардың басын қосып, дүбірлетіп той жасау да оңай шаруа емес. Ақтөбе қаласында көпшіліктің жағасын ұстатқан той өтті. Жалданған мейрамхана шығындары мен азық-түлікті қалыңдықтың әулеті алып беруге мәжбүр болған. Бұған күйеу жігітің қаржылық жағдайының төмендігі себеп болыпты. Елді елең еткізген жағдай туралы той иесінің туысы KAZ.NUR.KZ тілшісіне мәлімдеп берді.
Алтынгүл есімді келіншек ауқатты жанұя мен жағдайы төмен отбасының құдалығынан өткен қиын жағдай жоқ екенін айтады.
«Інім Ерлан Ақтөбедегі жоғары оқу орындарының бірінде ақылы негізде оқиды. Ол менің туған ағамның баласы. Өзі 2 курс студенті. Ағам мен жеңгем екеуі еңбек етіп, әрең дегенде оқу ақысын төлеп отыр.
Жуырда аяқ астынан үйленетін болып, бәрімізді таңқалдырды. Сұрастырсақ жүріп жүрген қызының аяғы ауырлап қалғанын білдік. Бойжеткеннің әке-шешесі шу шығарып, інімізді соттататынын айтты.
Қолдарында ақшасы мен билігі бар адамдардан сескенгеніміз рас. Сол себепті ағайындар жиналып, тойдың қамына кірісіп кеттік», - дейді ақтөбелік келіншек.
Ерланның анасы несие алуға мәжбүр болған екен. Алайда жалақысы аз кісіге банк те өзі қалаған соммасын бермеген.
Алтынгүл әулет туысқандары өзара қаражат жинасып, қыздың қалың малы – 300 мың теңгені тауып бергендерін айтады. Отбасының қолындағы бар қаражат тек беташар жасап, құдалық күтуге ғана жететін болған.
«Туыстарымыз өте қатты қиналып кетті. Тойға қажет малды үлкен ағаларымыздың бірі алып берді. Алайда, қалыңдықтың ата-анасы міндетті түрде мейрамханада той жасау керек деп талап қойды.
Өздерінің «атақты» кісілер екенін, жақындарынан ұят болатын айтты. Алайда, Ерланның анасы үйлену тойын кейін ұйымдастырып беретіндерін жеткізін, қаржылық жағдайын түсіндірді.
Екі жақ арасында қайтадан дау-жанжал тбасталды. Ерланды кінәлап, артық айыптаулар тағылды», - дейді Алтынгүл.
Жанжал болған күннің ертесіне күйеужігіттің үйіне қалыңдықтың анасы келген. Мейрамханаға қажетті қаражатты әкеліп беріп, бұл ақшаны қарызға беріп жатқандарын айтыпты.
Төбелеріне жай түскендей болған жандардың келіспегеннен басқа амалдары қалмаған. Осылайша той болатын күнге дереу тойхана іздестіріліп, қонақтарға шақырту қағаздары таратылған.
«Болашақ құдаларымыз қанша қаражат беріп кеткендерін нақты білмеймін, Бірақ жеңгеміздің жүрегі ауырып, біраз уақытқа дейін көңіл –күйі болмай жүрді.
Құдағайымыз үйлену тойының ұйымдастырылуын қатты бақылап отырды. Тіпті қандай тортқа дейін тапсырыс бергенімізді сұрады. Қалыңдыққа өздері таңдап жүріп, көйлек алды.
Бай адам мен кедей адамның құдаласқаны өте қиын жағдай екен. Ағам құдаларына қарызға батқанын айтып, қынжылып жүр», - дейді біздің кейіпкеріміз.
Үйлену тойы құдалары қалағандай өткен.
Тойда Ерланның ата-анасы жұртшылық алдында күлімсіреп жүруге мәжбүр болған. Болашақ құдалары да ешкімге сыр білдірмепті.
«Шындап келгенде, Ерланның қалыңдығына деген айтарлықтай сезімі болмаған екен. Не себепті жақындасуға барғаны да біз үшін түсініксіз.
Бір қателіктің кесірінен, қаншама адам қиналды. Жүректері ауырып, көңілдері қалды. Той кезінде Ерлан мүлдем бақытты адамға ұқсаған жоқ.
Келешекте бірге қалай тұратындары да белгісіз. Оның үстіне келіннің ата-анасы қыздарын қайтадан алып кететін адамдарға ұқсайды.
Дүниеге бала келгеннен кейін, ажырасулары әбден мүмкін. Қалай болатындығын уақыт көрсетеді», - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны.