» » Қазақстан Президенті – Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан Президенті – Қасым-Жомарт Тоқаев

  Кеше Астанада Тәуелсіздік сарайында өткен ұлықтау рәсімінде Қазақстанның жаңа сайланған Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді.
Залға Қазақстанның Туы, штандарты, Конституциясы әкелінді. Заңға сәйкес Президент Тоқаев Конституцияға қолын қойып тұрып: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін», – деп халыққа ант берді.  
Осы сәттен Президент қызметіне ресми кірісті деп есептелінеді. Ант беру рәсімінен соң Қазақстанның мемлекеттік Әнұраны орындалды. Сосын Орталық Сайлау комиссиясының төрағасы Мемлекет басшысына Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін табыстады.
ҚР Орталық Сайлау комиссиясының шығарған қорытындысына сәйкес 9 маусымдағы кезектен тыс Президенттік сайлауда үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70,96% дауысын (сайлаушылардың 6 539 715 дауысы) алып, жеңіске жетті.
«Сайлау – бұл қатысушылардың пікірі ғана жеңіске жететін жарыс». Расында, әділ пікір. Осы өте маңызды саяси бәсекеде біздің халқымыздың даналығы, парасаты жеңді. Сондықтан бұл жеңіс – халқымыздың жеңісі.
Біз бір ел болып, халық болып, Қазақстанның алдағы даму жолын бірге айқындадық. 9 маусымда Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс берген Әрбір азаматтың пікірі Біз үшін өте маңызды!  Өйткені халқымыздың татулығы, ынтымағы, бірлігі – біздің ең басты құндылығымыз. Осы құндылықты көздің қарашығындай сақтау – баршамызға ортақ парыз. Сондықтан Президент ретінде халқымызға мынаны айтқым келеді:
Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін! Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін. Ашық және әділ жұмыс істейміз. Біз халқымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Биылғы 13 мамырда #BIRGE жалпыхалықтық акциясы басталғанынан ел хабардар. Акцияның басты мақсаты – ел дамуындағы ең маңызды міндеттерді айқындау. Бүгінде Қазақстанның барлық аймақтарынан 540 мыңға жуық ұсыныс-тілек келіп түскен.  
«#BIRGE акциясына қатысып, азаматтық белсенділік танытқан барша халыққа шын жүректен алғысымды білдіремін. Енді біз қоғамдағы өзекті мәселелерді айқын көріп отырмыз. Оны шешу жолдарын білеміз.
Бүгін халықты алдымен не мазалайды? Ең бірінші, азаматтар барлық жерде әділдік орнауын қалайды. Әлеуметтік саясаттан бастап мемлекеттік органдардың халыққа әділ қызмет көрсетуін талап етеді.
Халықты толғандырып отырған басты мәселе – табыс көлемінің азаюы. Халықаралық қаржы нарықтарының тұрақсыздануы, теңгенің девальвациясы халықтың табысына кері әсер етті. Миллионнан астам азаматтарымыз банктен несие алуға мәжбүр болды. Табысы жоғары және төмен азаматтардың арасындағы алшақтық – біздің қоғамды мазалайтын тағы бір өзекті мәселе. Сондықтан дәл осы өткір әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселені шешу үшін ортамерзімді кешенді шаралар қабылдау қажет», – деді Мемлекет басшысы. 
Мұнымен қоса экологиялық саясат, ауыз су, жолдардың сапасы да назардан тыс қалған жоқ. Президент 10 бағытты айқындап айтты. «Халықтың табысын арттыру», «Сыбайлас жемқорлықты жою», «Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау», «Жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту»,  «Тұрғын үй мәселесін шешу», «Әділетті әлеуметтік саясат», «Өңірлерді дамытудың жаңа бағдары», «Рухани жаңғыру құндылықтары – біздің басты бағдарымыз», «Ішкі саясат», «Жастар – ел тірегі» деген бағыттар қуатты әрі гүлденген Қазақстанның алдындағы ауқымды міндеттер қатарында аталды.
«Антқа адал болу, сертке берік болу – менің халық алдындағы парызым. Қазақстанның жарқын болашағы үшін, халық үшін аянбай еңбек етуге серт беремін. Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасай берсін», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.  
Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

14 маусым 2019 ж. 1 161 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031