» » БІЗДІҢ ТӘРБИЕДЕ ЕШКІМ ТЕМЕКІ ШЕКПЕЙДІ

БІЗДІҢ ТӘРБИЕДЕ ЕШКІМ ТЕМЕКІ ШЕКПЕЙДІ

  Қаллиядин ДОСТЫБАЕВ, Кәмпит СҮЛЕЙМЕНОВА:


Қаллиядин ата он алты ағайынды. Көп балалы отбасынан шыққан ұстаздың бүгінде сегіз баласы, жиырма алты немересі, отыз шөбересі бар. Ең қызығы, әулетте ұстаздық қызмет атадан балаға жалғасып келеді. Қазір Қаллиядин атаның немерелері де мұғалім. Жуырда қалалық «Мерейлі отбасы» байқауынан бас жүлдені иемдеген Қаллиядин ата мен Кәмпит апаның отбасы құрғанына биыл алпыс жыл. Осы орайда ардагер ұстаздың шаңырағына арнайы барып, кеңінен әңгімелестік. 

Мектеп − мешіт тәрізді...

− Біз бала кезімізден мұғалім тәрбиесін көріп өстік. Содан болар 1938 жылдан бүгінге дейін отбасымыз оқытушы қызметін серік етіп келеді, ‒ деп Қаллиядин ата әлденені есіне түсіргендей сөзін жалғады. − Үлкен ағам Пәуәдин Қазалы ауданының «Жаңа басшылық» дейтін жерінде қызмет атқарды, ол кезде мұғалім  сирек кездесетін мамандық еді. Алайда оқытушы болып жүрген кезінде әскерге алынып, 1941 жылы соғысқа алынды. Одан кейінгі Өтепберген ағам да Қазалы техникумын бітіріп, 46 жылдары мектепте сабақ берді, кейін мектеп директоры болды. Ол кезде халықтың жағдайы төмен, елу-алпыс үй колхозға, он-он бес үй артельге бірігетін. Біздің отбасымызда ұстаздар буыны осылай қалыптасты. 16 жасымда өзім де ауылшаруашылығы техникумына оқуға түстім, кейін сол училищеде мұғалім болдым. Хрущевтің уақытында мені "механизатор дайындайсың" деген бұйрықпен ауылға жіберді. Солай № Үрмаш Түктібаев атындағы мектептің жоғары сынып оқушыларына білім беруге білек сыбана кірістім. Ұстаз еңбегі шәкіртімен бағалы ғой, өзімнен өнеге көрген оқушыларым да кейін елге абыройлы қызмет етті. Ұзақ Оралбаев деген шәкіртім облыстық ауылшаруашылық басқармасының орынбасары, Қазалыдағы ауылшаруашылық бөлімінің төрағасы болды, Төлеу Сақтағанов есімді оқушым автобаздың директоры қызметін атқарды. Айта берсең, ауыз толтырып айтар шәкірттерімнің жетістігі баршылық.
Мектеп мешіт тәрізді, мұғалім ол жерде баланың қыңыр мінезін түзеп, тура жолға бағыттайды. Баланың жақсы болмағы отбасындағы тәрбиеге байланысты, ал мерейлі отбасының негізгі ұйытқысы – ана. Оқытушы содан кейін ғана балаға білім үйрете алады. Адамды ешқашан сот тәрбиелей алмайды.  Балаға бірнәрсені үйрету үшін оны алдымен өзің көрсетуің керек. Мәселен, әкесі атқа мінсе де, егін ексе де қасына баласын ерткен жөн. Ол біріншіден, баланың денсаулығын нығайтады, тәртібін түзейді, үшіншіден, еңбекпен келген астың қадірін біледі. Жылқыны бас білдіріп, қолға үйреткен қазақ екенін білесің, бала сол тәрізді асау тай ғой. Оны өз ыңғайыңа көндіріп, өнеге бермейінше, жекіріп жөнге салудың еш пайдасыз екенін талай жылғы тәжірибемнен білемін.
Бүгінде ғылымға көңіл бөлу кенжелеп тұр. Оның үстіне қазіргі білім саласында сенімсіздік басым. Жемқорлықтың жайлап мектеп қабырғасына жеткенінен хабардармын, қазіргі уайымым да осы. Жиналыста «ұры, алаяқ, тәрбиесіз адам қайдан шығады?» деп аласұрамыз. Бірақ соның бәрі отбасындағы тәрбиеден екені белгілі ғой. Сондықтан қоғамды жөндемес бұрын, баланы тезге салған дұрыс, ‒ деп көпті көрген ұстаз отбасындағы бала тәрбиесі жайындағы әңгімесін әрі жалғады.

Сексенге келсем де, атқа мінемін

‒ Біздің отбасылық тәрбиемізде сырттағы сөз үйге кірмейді, үйдегі сөз тысқа таралмайды. Кәмпит екеуміздің келіспей қалатын кезіміз болады, бірақ оны балалар көзінен жырақта талқылаймыз. Ал дастарқан басында жарқылдап, ақылымызды айтып, көңілді отырамыз. Бұл − бірінші тәрбие. Түсіністік болған жерде отбасы тату болады. Жаңа мұғалім отбасынан шыққанымды айттым, біздегі тәрбие бойынша ешкім темекі шекпейді, ұрлық жасамайды. Бұл − екінші қағида.
Биыл немерелерімізбен бірге аулаға жиырма түп ағаш отырғыздық, былтыр он түп тал еккенбіз. Ауылдан көшпес бұрын ол жақта да алма, шие, қарақат гүлдеген бағымыз болған. Ол жерге Кәмпит екеумізге арнап екі ақ терек отырғызғам. Жасым сексенге келсе де атқа мінемін. Соның шипасы ғой, осы кезге дейін дәрігер есігін қағып көрмеппін. Жылқыны ауылда үлкен балам ұстайды, немерелерім жазғы демалыста барғанда атқа мініп, бой жазып қайтады.
Заңға айналған әке сөзі

Қазақта баланың әке сөзіне тоқтауы заңдылық. Бірақ соңғы уақытта бұл қағиданың да көп жерде қалыбы сақталмайтыны бар. Қаллиядин ата отбасындағы бала тәрбиесін әңгімелей отырып, мына бір оқиғаны баяндап берді.
‒ Үлкен балам Қарағандыға оқуға түсті. Оны тәмамдаған соң, елге оралды. Әрине жалғыз емес, жанында бірге оқыған екі қыз, үш жолдасымен келді. Қалада қазақылықтан бейхабар өскен баламның жолдастарына ауылды аралатып, қайыққа, атқа мінгіздім. Содан үйге келсем жаңағы Қарағандыдан келген бір қыз үй сыпырып, Кәмпитке көмектесіп жүр екен. Кемпірім жаныма келіп, жаймен ғана «Бұйырса,  келін бала осы екен» дейді. «Мм, жақсы екен» деп мән-жайды баламнан сұрамақ болдым. Қыздың әкесі Қарағандыдағы Қарқаралы совхозының партия ұйымында секретар екен. Дипломды тойлатқан бір аптадан соң балалар қайтпақшы болды. Сонда балама айттым «ол қыз да бір үйдің әлпештеп өсірген баласы. Бір жыл болса да ата-анасына қолғабыс етіп, еңбектеніп нанын жегізсін» дедім. Балам бойжеткенді қанша ұнатып тұрғанымен, артық сөз қайтармады, мен оның осы қасиетіне риза болдым. Кейін бір әңгімеде «ұлым, ауылдың қызын қарап көрсең қайтеді?» деп аяқ алысын байқадым. Ұлым кет әрі емес тәрізді. Менің көздегенім қарамағымдағы бухгалтердің бойжеткен қызы. Бір күні ұлым келіп, «сол қызды алып қашамын» дейді. Айтуынша, өзара келісімі бар, бірақ мен оған көнбей, дәстүр бойынша құда түсіп, айттырып алайық деген шешімге тоқтадым. Болашақ құданың үйін бір канал ғана бөліп тұр. Бір күні ауыл ақсақалдарын жиып үйіне қонақ болып түстім. Қапелімде суыт жүрістен шошынса керек, құдалар бастапқыда қорқып кетті. Содан көп ұзатпай сөз бастадым.
‒ Жаңбырбай, сабыр ет, мен бір үлкен жұмыспен келіп отырмын. Егер сол мәселе бейбіт шешімін тапса тойға ұласады, ‒ деп жағдайды түсіндірдім.
Сонда құдам «О не дегеніңіз, Кәмпит екеуіңізге қызымды бармаймын десе де беремін» дейді. Солай үлкен келінімді құда түсіп, шаңыраққа алып келдік, тәрбиелі бала ғой, қолымызда он төрт жыл бойы қызмет етті.
Балаларымның үлкен сөзіне тоқтап, сый көрсеткеннің өзі әуелі Жаратқанның, сосын  тәрбиенің арқасы деп ойлаймын кейде.   
Қандай келін болсаң...

Қаллиядин ата әңгімесін үзген сәтте «Батыр ана»  атанған Кәмпит апаны әңгімеге тарттық. Бес уақыт намазын қаза қылмаған жылы жүзді ана сөзін Тәңірге шүкіршілік айтып бастап, ене тәрбиесімен сабақтай жөнелді.
      ‒ Өмір деген күрделі роман ғой негізі. Мені босанып жатқанда анам дүниеден озыпты, − деп әңгіме бастады Кәмпит апа. Мен он үшінші баламын, бірақ маған дейін бірде-бірі тұрақтамапты. Қазір айтудың өзі ауыр, әкем момын, молда кісі еді. Мені "айналайын" деп еркелетуге өгей шешемнен батпайтын. Олай айта қалса, екінші анам "одан өзге балаң жоқ па?" деп қыртыстана қалатын. Әкем Аралдан плотина құрылысы салынып жатқан кезде қалаға көшіп келген, Тәңірдің жазуы шығар Тасбөгеттегі №11 мектебіне оқуға бардым. Мектепті жетінші сыныбымда үздік бітірдім де, әкеме есепші боламын деген тілегімді жеткіздім. Сол бухгалтерлік оқу Қазалыда бар екен, бірақ баламын ғой, Қазалының қай жақта екенін де білмеймін әрі мені ол жаққа апаратын да адамның реті жоқ. Құдай оңдағанда өгей шешемнің інісі Қазалыда тұрады екен, сол нағашым оқу орнына әкелді. Алайда құжаттарды тапсыру бойына кетіп қалды, одан кейін емтихан тапсырдым, нәтижесін күттім. "Сынақтан өттің" деп сүйіншілегенде қуанышым қойныма сыймай далаға алып-ұшып жүгіріп шықтым. Далада мені күткен бір жан жоқ. Жалғыздық кеудемді қарып, ұзақ егіліп есік алдында тұрып қалыппын. Ол кезде 14 жастамын, осылай оқуға түстім.
‒ Енді енемнің тәрбиесін айтайын, ‒ деп Кәмпит апа сәл қозғалақтап, сөзін жалғады. Атаңа тұрмысқа шыққан кезде небәрі он бес жастамын, атаң он тоғызда. Ол кезде жасымды үлкейтіп жаздырып алған, әйтпесе заң бар ғой, қудалап жібереді. Келін екенімді сонша сезінбеймін, баламын ғой кейде сырттағы кішкентайлармен бірге ойнап кетемін. Бірақ соның бәрін шын көңілмен түсініп кешкен енем жақсы кісі еді. "Мен де біреудің жалғызы едім, сен де жалғыз екенсің. Сені ешқашан жылатпаймын" деуші еді. Оқуыңды оқы деп үлкен қызыма да өзі қарады. Тұңғышым дүниеге келгенде де "балам бар екен ау" деп аса алаң болмадым, оқуымды оқып, ойнап-күліп жүре бердім. Енем мені көп тәрбиеледі, әйтпесе тұрмысқа шыққанша үй шаруасын маған кім үйретті дейсің?! Бірде наным шикі болады, бірде тамағым піспей есімді шығарады. Бірақ енем сол үшін ашу шақырып, кейіген емес. Оның басқа да балалары бар ғой, бірақ ол кісі "мен Кәмпиттің қолында қаламын, осы келінімді өзім тәрбиелегенмін" дейтін. Оқу бітірген соң дүкенге жұмысқа тұрдым, сол жерде қаншама сатушы қызды тәрбиеледім. "Қыздар, кассадан тиын жемеңдер, бір тиын ақша алсаңдар, өлеміз дейтінмін. Қазір керісінше тиын жемесе өлетін заман болды ғой. Сол жұмыстан алған айлығымды енеме әкеп беремін, қайда жұмсадыңыз, кімге бердіңіз деп есебін сұраған емеспін. Жаңа үлкен қызды сол кісі бақты дедім ғой, бірде мынадай қызық болды. Жұмыста жүрсем бір құрдасымыз келіп, «ана жерде сені Қаллекең шақырып жатыр" деп дүкенді жаптырып алып кетті. Жастық қой, бір танысымыздың үйінде той болып жатыр екен, бардым да күліп-ойнап, билеп жүре бердім. Содан бір құрдасымыз келіп "Ей сен не істеп жүрсің? Сені есік алдында Қаллиядин күтіп тұр, қолында әйдік таяғы бар" дейді. "Әй жаңа ғана өзі шақырды ғой, өзі де осында жүр" деймін сасқалақтап. Содан жаңағы жиынға алдап әкелген жігіт Қалиядиннің ең жақын досы еді, бара сала "ұрсаң мені ұр. Кәмпитті тойға алып келген мен» деп ақталып жатыр. Қаллекеңнің қабағы қатулы, түс алдыға деп жол бастады. Үйге келсем қызым шырқырап жылап жатыр, шешесі жоқ болған соң оны кім емізсін? Содан іздеу салған ғой. Жастық кезде осындай қызықтар да, қателіктер де болды. Соның бәріне түсіністікпен қарап, кешірген енем не деген кең адам десеңізші?! Көкірегі кең еді ғой, сондай жақсы адамға қолдан келген көмегімді аяған емеспін.
Енем ауырып, үмітімізді күдік жеңген шақта мені қасына шақырып алды. Мен барғым келмей қашып жүрмін. Енемнің қасына барсам, о дүниеге кетіп қалатындай қорқып, жылаймын. "Анам орнына ана болдың, қимаймын. Кете көрме" деймін егіліп, сонда енем "мен өлсем, ағайын сені талайды, сондықтан жан-жағыңа бекем бол. Қызымдай болдың, сен де келіндеріңнің қызығын көр" деп батасын берді. Құдайға шүкір, сол кісінің алғаусыз алғысы мен ізі шығар қазір қолымдағы келінім де тәрбиелі. Келіндеріме бір ауыз артық сөз айтпаймын, өйткені қатесін өзі түсінсін деймін. Ол да өзгенің әлпештеп өсірген баласы, оған жекіргенмен ешнәрсе жөнделмейді ғой.
Кіші келінім Алматыда оқыған, бастапқыда мүлде қазақша білмейтін. Мен оған қазақша үйретемін, солай дос тәрізді араласып кеттік. Негізі ол өзімнің құрбымның қызы, кішкентай күнінде  алдымнан «әй-әй мама» деп жүгіріп шығатын. Алайда келінім болады деп ойламағанмын ғой. Тәрбие анадан беріледі, келінімнің анасы «Кәмпит жайлы бір ауыз сөз жамандық айтушы болма» деп ұзатылар сәтінде тапсырып жіберіпті.
Қазір кіші баланың қолындамыз, қалғанын енші беріп өз алдына бөлек шығардық. «Құдай жетімді үнемі жылатсын ба? Әкем де, анам да болған Қаллиядинді өмірме тірек болсын деп жіберген ғой. Сен сексенге келдің, мен жетпістен астым» деп еріме күліп айтып отырсам, кіші келінім: «Мама, біз жоқ болсақ күліп әңгіме айтасыздар да, біз келсек үндемей қаласыздар», – дейді. «Келін-ау, баланың көзінше айтылатын сөз болады, айтылмайтын әңгіме бар. Біз екеуміз күліп отырсақ, өткен-кеткенді, қателіктерді айтамыз» деймін.
Балаларыма «Әуелі Алла, сосын әкеңнің арқасында осындай күйге жеттік. Ұлды да, қызды да оқытқан осы. Әкеңді пір тұтып, өле-өлгенше сыйлаңдар» деп айтып отырамын. Балалар әкесін қорыққаннан емес, құрметтегеннен тыңдайды. Әйел адам еріне бағыну керек. Көріп отырсың ғой, үйде осы кісінің айтқаны заң. Әлі күнге дейін ай сайынғы барлық табысты осы кісіге береміз.
Мені тәрбиелеген енем. Жас кезімде «Батыр Ана» атағын да алдым, «Халықтар достығы» ордені, «Совет сауда үздігі» марапатын алдым. Ауылдық, аудандық, облыстық Советтің депутаты болдым.  Көрдің бе, әйел адам бәріне де үлгереді, оның табиғи жаратылысы сондай, ‒ деп әңгімесін аяқтады Кәмпит апа.
Сөз соңында ел баласына ілім үйретіп, отбасында берік тәрбиенің іргетасын қалаған Қалииядин ата халық тыныштығын тілеп батасын берді. Аймақ дамуына басымдық берген облыс әкімі Қырымбек Елеуұлына ерекше  алғысын жеткізді. Ал біз іштей «қазақтың барлық отбасы осындай берекелі, мерейлі болса екен» деп тілек тіледік.

Гүлдана ЖҰМАДИН
14 маусым 2019 ж. 541 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031