ДОНОР ДӘРІГЕРІ − ФАРИЗАТ

Қан орталығына тұрақты түрде қырық рет қан, жетпіс рет плазма тапсырған адамға «Құрметті донор» атағын беріп, арнайы төс белгі тағады екен. Бүгінде облыс бойынша 8 «Құрметті донор» бар. Қала тұрғыны Игорь Фролов ерікті түрде донор болғаны үшін жуырда «Құрметті донор − 2019» марапатына ие болыпты. Жыл сайын дәрігерлер дүниежүзілік донорлар күнінде орталықта барлық донорларға алғыс білдіреді.
− Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Қызметтік міндетім тікелей донорлармен байланысты болғандықтан дертпен алысқан адамға үміт сыйлап, араша түсетін донорларды құрметтеймін. Бір адамның өмірін сақтап қалу үшін тек донорлар күнінде ғана емес, күндіз-түні тынымсыз еңбек етеміз. Жауапкершілігін сезінемін. Қашанда көмектесуге асығамын. Басты мақсатымыз сапалы қанды уақытылы жеткізу. Жас мамандарға әркез қолдау білдіретін, Қан орталығының директоры Еркебай Ілиясұлы мен ардагер дәрігер Рыскүл Кеңесарықызынан көп нәрсені үйрендім, - дейді Фаризат Асылбекқызы. Жас та болса ұжыммен тез тіл табысып, орталықта екі жылдан аса еңбек етіп келеді. Рамазан есімді жігітке тұрмысқа шыққан Фаризат ата-енесімен бірге тұрады. Қызметпен отбасылық өмірді қатар алып жүр. Болашақта Сыр медицинасының дамуына зор үлес қосып, білікті дәрігер болғым келеді дейді жас маман. Біз өз кезегінде Фаризатты медицина қызметкерлерінің күнімен құттықтап, қызметіне сәттілік тілеп тарастық.
Гүлбану МАҚАЖАН