Әлеумет пен журналист
Бүгінде өткізіліп жатырған тренинг көп. Иә, тренингтің тренері білікті, жүйелі болса адамға берері мол. Оның ішінде бизнеске байланысты тренинг, мотивациялық тренинг немесе бір кәсіби шеберлікке байланысты тренинг пайдалы-ақ. Жалпы мұндай шараларды өз басым қолдаймын. Осыдан бір ай бұрын мен де «Түркітілдес журналистер қоры» әлеуметтік мәселелерге байланысты семинар-тренинг өткізгелі жатқанынан хабардар болдым. Оған қатысу үшін әлеуметтік тақырыпта жазылған бірнеше материалыңды жолдау керек, іріктеуден өткен жағдайда семинарға қатысу мүмкіндігі берілетіндігі айтылған. Жолдадым. Өттім. Араға біршама уақыт салып, өткен аптада Сыр өңірінен бес журналист Алматы қаласына ат басын бұрдық. Барлығымыз қаланың ортасында орналасқан 25 этаждық «Қазақстан» қонақ үйінде тұрақтадық. Қонақ үйдің конференция залында әлгінде айтқан «Түркітілдес журналистер қорының» ұйымдастырумен және «Шеврон» компаниясының қаржылай қолдауымен «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбында екі күндік семинар-тренинг өтті. Бұл іс-шараға Алматы, Қызылорда, Тараз, Талдықорған, Шымкент, Орал және басқа аудан-аймақтардан бас-аяғы 40-қа жуық журналист қатысты. Бастапқыда 25 адамға жоспарланған тізім 40-қа жетіп жығылған. Журналистердің басым бөлігі Шымқала мен Сыр өңірінен. Шығармашыл адам өзін күн сайын дамытып отыру қажет екені белгілі. Ал мына көрсеткіш шараны ұйымдастырушыларды да, бізді де шынымен қуантты. Өйткені журналистің қоғамдағы мәртебесін көтеріп, біліктілігін арттыруға бағытталған бұл шараның маңыздылығы зор еді. Бәрін басынан тарқатып өтейін.
Қазіргі таңда шешімін табға тиіс, алайда әлі күнге түйінді болып тұрған дүниелер көп. Оны біржақты қылу жұртымыз үшін, онда өмір сүретін әрбір этнос үшін маңызды болмақ. Соңғы жылдары Қазақстанда да тұрғындардың әл-ауқатын көтеру, әлеуметтік аз қамтылған топтарға көмек көрсету бағытында түрлі іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Дегенмен халықты ойландыратын маңызды мәселелер әлі де жеткілікті. Бұл орайда қоғам мен ресми органдар арасындағы алтын көпір боп тұрған бұқаралық ақпарат құралдарының ролі ерекше. Журналистердің өзекті мәселелерді дер кезінде және сауатты түрде жеткізуі қоғамға айтарлықтай ықпал ететіні анық. Сондықтан семинар-тренингтің басты мақсаты қазақ журналистерінің баспасөз саласындағы халықаралық тәжірибе, жауапкершілік, журналистік этика және құқық, деректерді тексеру және БАҚ-та әлеуметтік мәселелерді жариялау жолдарын дұрыс меңгертуді көздейді.
Алғашқы күні семинарда Ұлыбританиядан арнайы шақырылған медиа-тренер, «Avrupa Media Group», «Avrupa» газеті, «Avrupa ajansı»
ақпараттық агенттігі, «Avrupa» радиоарнасы секілді бірнеше БАҚ-тың басшысы Ватан Өз бүгінге дейін жинаған тәжірибесімен бөлісті. Ол қатысушыларға еуропалық бұқаралық ақпарат құралдарында әлеуметтік тақырыптағы ақпараттардың ресми құжаттарға сәйкес болуы, қылмыстық және азаматтық жауапкершілік, әлеуметтік мәселелер және жалған хабарлар (fake news), этикалық қағидалар, зиянды ақпарат дайындайтын дереккөздер (troller), деректерді тексеру (fact checkıng), Ұлыбританиядағы «BBC», «Reuters», «CNN» арналарында әлеуметтік мәселелердің жариялануы жөнінде тарқатып айтты.
ақпараттық агенттігі, «Avrupa» радиоарнасы секілді бірнеше БАҚ-тың басшысы Ватан Өз бүгінге дейін жинаған тәжірибесімен бөлісті. Ол қатысушыларға еуропалық бұқаралық ақпарат құралдарында әлеуметтік тақырыптағы ақпараттардың ресми құжаттарға сәйкес болуы, қылмыстық және азаматтық жауапкершілік, әлеуметтік мәселелер және жалған хабарлар (fake news), этикалық қағидалар, зиянды ақпарат дайындайтын дереккөздер (troller), деректерді тексеру (fact checkıng), Ұлыбританиядағы «BBC», «Reuters», «CNN» арналарында әлеуметтік мәселелердің жариялануы жөнінде тарқатып айтты.
Қазірде ел арасында шын өтірігін білмейтін алып-қашпа әңгімелер көп. Таратушы тарап ақпараттың шынайылығына айтарлықтай мән бермейді. Қоғамда да оның дұрыс-бұрысына көз жеткізіп жатқандар шамалы. Сайттардың көпшілігі рейтинг қуалап, жоғарыдан көріну үшін болмағанды болдырып, толмағанды толдырып жалған ақпарат таратуға әуестеніп алған. Бірақ оның зиянына үңіліп жатқандар бірен-саран. Қазар ақпараттық соғыс заманы. Лонданнан келген Ватан бей жалған ақпараттың салдары мемлекет ішінде үлкен дүмпулерге жеткізу мүмкін екендігін қадап айтты. Мысалы, Италияда тұрақты түрде жалған ақпарат таратқан 3 млн қолданушының Фейсбук парақшасын бұғаттап тастаған. «Журналистер бұрын төртінші билік өкілі еді. Қазір бірінші орынға көтерілді. Барлығы журналистің қолында деуге де болады» деді өз сөзінде.
Сайт жұмысына байланысты тағы бір тың дерек. Сайтқа салынған материал ешқашан өшірілмеуі тиіс. Себебі мынада. «Google-де» автоматты түрде жұмыс істейтін роботтар бар. Олар сайттарға сараптама жасап отырады. Егер сіздің материалыңыз алынып қалса, сізге деген сенімділік жоғала бастайды. Яғни рейтинг төмендейді. Тіпті әлемдегі ең мықты сайт болса да солай. Ватан бей биыл өз сайтынан 9 материалды өшіргені үшін рейтингте абыройы жоқ сайттардың қатарынан бір-ақ шыққан. Ақпараттың тұрақтылығы бәрінен маңызды екенін осыдан байқадық. Енді жалған ақпарат таратуға келейік. «Бірде қой бағатын шопан ауылына жүгіріп келіп, «менің қойларымды қасқыр жеп жатыр», – деп ауылдастарынан көмек сұрайды. Көрші-көлем жүгіріп барса, қойлар аман, жайылып жүр екен. Бір айдан соң 25 шақырымнан жүгіріп келген шопан тағы да әлгіндегі әңгімені айтады. Ағайындары жетіп барса, барлығы орнында. Алдаған екен. Бір күні шынымен қасқыр шабады. Үсті жыртылып, ауылға әрең жеткен қойшы тағы да көмек сұрайды. Алайда ауылдастары мұны қалжың деп қабылдап, бармай қояды. Бірақ бұл жолы қасқыр шынымен қойларын жеп кеткен еді. Бұл – мысал. Жалған ақпарт та осындай. Тексерілмей немесе саналы түрде шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат салып, кейін алып тастай берсе, «Google» сайт ақпаратына сенімсіздікпен қарайды. Оның әсері сайтты құлдырауға әкеледі, – дейді медиа-тренер Ватан Өз.
Тағы бір айта кететін жайт, Ұлыбританиядағы «BBC», «CNN» арналары ақпараттың шынайылығын жіті қадағалайды-мыс. Бірақ бірде-бір жалған ақпаратқа жол бермейтін жалғыз арна – «Reuters». Ол этикалық қағидаларды бұзбай, деректердің дұрыстығына көз жеткізгесін ғана таратады екен. Сонымен қатар обьективтілік, жылдамдық оларда алғы шепке шығады. Ватан Өз қазақ журналистеріне осы дүниені үйрену керектігін де айтып өтті. Ватан мырза журналист қауіпсіздігі жайлы да әңгіме өрбітіп, бүгінгі медиасаладағы трендтерді ескерудің маңыздылығына тоқталды.
«Егер сіздің ютуб каналыңыз болып, сол арқылы пайда тапқыңыз келсе, онда сіз өзгелерден бір қадам алда жүруіңіз керек. Жұрт байқамағанды байқау басты нысанаңыз болсын. Одан соң ақпаратты алғашқы болып тарату бәрінен маңызды. Мәселен, көшеде біреуді қағып кетті делік. Сіздің қолыңызда ұялы телефон бар. Егер сіз адами құндылыққа баса мән беріп, оған көмектесіп, жедел-жәрдем шақырсаңыз, бәрінен құр қалдым дей беріңіз. Сіз видеоға түсіріп алдыңыз. Алайда ауыр халдегі адамға көмектесіп болған соң саламын деп жүргенде оны басқа адамдар түсіріп, ютубқа жүктеп жіберді. Ал оны айналдырған 10 минутта миллиондаған адам көріп, бөлісіп тастайды. Сөйтіп барлық ақша таратқан адамның есепшотына аударылады. Сіз жеңілдіңіз. Сондықтан әлеуметтік желімен ақша тапқыңыз келсе, кейбір дүниеге көз жұма қарауға тура келеді», – дейді Ватан бей. Бұл – түрік медиа-тренерінің ойы. Ал біздің ұлт мұндай мәселеге келгенде адами құндылықты алғы шепке шығарады.
Ал семинар соңында тікелей эфир қалай жасалу керек? Ютубқа видеоны қалай жүктейді? Нені ескеру қажеттігі жөнінде толық ақпарат берді.
Енді келесі күнге ойысайық. Семинар-тренингтің екінші күнінде әлеуметтанушы-журналист Дина Имамбаева әлеуметтану ғылымының зерттеу әдістерімен таныстырып, «Айқын» газетін мысалға ала отырып, әлеуметтік тақырыптағы мақалаларға контент-талдау жасады. Сондай-ақ журналистердің осы тақырыптағы материалдарды әзірлеуіне көп көмегін тигізетін сандық және сапалық зерттеу әдістері, сауалнаманы өңдеу және инфографика жасау жолдарын көрсетті. Медиа-тренер инфографиканың қалай жасалатынын жан-жақты түсіндіре келіп, қатысушы журналистерді үш топқа бөліп, әрқайсыларына тақырып беріп, сол бойынша жарыстырды. Әр топ өз мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, тақырыптарын сауатты қорғап шықты.
Мұнан соң «Қазақстан» ұлттық арнасындағы әлеуметтік мәселелерді қозғайтын «Қарекет» бағдарламасының продюсері Самал Мейрамқызы отандық телеарналардағы әлеуметтік тақырыптар: бағдарламаларды талдау, резонанс тудыру, журналистің адам тағдырына ықпалы, әлеуметтік журналистиканың этикалық нормалары мен журналистің ролі жайлы тәжірибесімен бөлісті.
– «Қарекет» маған өмірді сүюге, қай кезде де адамдықтың биік екендігін одан сайын ұғындырды. Сонда бір адамға болса да жақсылық жасайық деп жанталастық. Жылағанды жұбаттық, сүрінгенді сүйедік. Өздеріңіз байқағандай, аты-жөнін, туған күнін білмейтін құжатсыз Айданаға қалай көмектестік, Ресейде бомж боп жүрген Әбілxан Қоразовты xабар жасамай-ақ қалай елге әкелдік? 30 жыл бұрын украин қызына үйленіп туған топырағына жете алмай қалған Қалыбек Айдаровты анасымен қалай табыстырдық? Мұның барлығы журналистің жан-жақтылығы, сауаттылығы, ықпалдылығы және соңына дейін беріспейтін шыдамдылығында жатыр, – дейді Самал Мейрамқызы. Ол басқа да жайттарды қамти келіп, әлеуметтік xабар қалай дайындалады, жеке бастың ар-намысын қорғай отырып бағдарлама жасау, екі ел арасында келіссөздер жүргізу, журналистің қауіпсіздігі төңірегінде біршама ақпарат берді.
Ал ІТ-маман Ернұр Зейнуллаев интернет-журналистика, аудио-бейнемонтаж жасау, сайт ашу және кәсіби жұмыста қолдануға болатын қосымшалармен қалай жұмыс істеуге болатынын егжей-тегжейлі үйретті. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейді қазақ. ХХІ ғасыр ақпараттық технологиялар заманы болғандықтан журналистерге де соңғы шығып жатқан технологияны, мобильді қосымшаларды білу керек-ақ. Медиа-тренер «PicMotion, WavePad Audio Editor, Ustreem, аудио-монтаж программаларымен жұмыс жасау әдістерін қатысушыларға жеке-жеке көрсетіп шығып, кейбіріне ютуб каналын аштырып, оны қалай жүргізу керектігін де түсіндірді.
Айтып өтейік, семинар арасында «Шеврон» компаниясының әлеуметтік жобалар бойынша серіктестері өз жобаларымен таныстырды. Олардың басым көпшілігі әлеуметтік маңызды жобалар. Міне, осылайша екі күнге созылған семинар-тренинг Қазақтанның түкпір-түкпірінен келген журналистерге кәсіби біліктілігін арттыруға көмектесті деуге болады. Бұл шара журналистердің бұрын-соңды білмеген дүниелерінен хабардар болып, оны өз мансаптарында қолдануға түрткі болары сөзсіз. Жалпы журналистер медиа-тренерлермен өзара пікір алмасып, білмегендерін үйренді. Қатысушылардың тәжірибе алмасуына көмектесіп, семинар-тренингті ұйымдастырған «Түркітілдес журналистер қорының» президенті Нәзия Жоямергенқызына және демеуші «Шеврон» компаниясына алғыс білдірді. Шара соңында журналистерге сертификаттар тапсырылып, естелік суретке түсті. Содан соң ала дорбамызды асынып, әрқайсысымыз өз қаламызға тарқастық.
Айта кетейік, 10-11 тамызда аталмыш семинар Астана қаласында өткізілмек. Бұл шараға «Түркітілдес журналистер қорының» медиа-тренерлер мектебінің тәжірибелі мамандары тартылмақ. Мәселен, Ұлыбританиядағы Лестер университетінің PhD докторы, Оксфорд университетінің құқық магистрі, БҰҰ-ның заң кеңесшісі Халида Әжіғұлова журналистердің қызметін реттейтін халықаралық және қазақстандық құқықтық стандарттар, БАҚ-тағы және әлеуметтік желідегі агрессия, жеке бастың қауіпсіздігі мен құпиясы, анонимдікті сақтау жөнінде сөз қозғайды. Мұндай шаралар журналистің қоғамдағы ролін одан әрі күшейтіп, кәсіби түрде өсуіне ықпал етері сөзсіз.
Ақтілек БІТІМБАЙ,
Қызылорда – Алматы –Қызылорда