» » Минимум бес жыл

Минимум бес жыл

  Назгүл Кенжетай − 24 жаста. Кызылорда каласында туып-өскен. Мектеп бітірген соң Түркиядағы Akdeniz University, Istanbul University оқу орындарында білім алды. Мамандығы әскери және саяси журналист. Журналистикалық зерттеу жұмыстары 2 мәрте TRT таңдауымен “Project of the year” (жыл жобасы) болып жарияланды. Қазақстандық «100 жаңа есім» жобасының лауреаты. Жуырда Назгүл туған жеріне келіп, бір топ әріптестерімен кездесті.
Кездесуді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов жүргізді. Назгүл өзінің журналистік қызметі, дін, саясат тақырыптарында қойған әріптестерінің түрлі сұрақтарына жауап берді.
− Мен студенттік жылдарымнан бастап осы саланың ішінде жүрмін. Кейде небары 4 сағат қана ұйықтап, күндіз сабақ, түнде журналистикамен айналысатынмын. Студент болып жүріп әлем басылымдарына шыға бастадым. Содан кейін мені ешкім тоқтата алмады. Алғашында ақпараттық агенттіктермен жұмыс істедім. Олардың ішінде ТРТ, Bloomberg, Financial Times сияқты әлемге әйгілі агенттіктер бар. Бірақ маған еркін әрекет ету керек болды. Себебі бір идеологияның жетегінде кеткім келген жоқ. Бүкіләлемдік журналистер одағына мүше болып қабылданған соң, кәсібімді фрилансер ретінде жалғастыруды, кейін өз медиамды құруды жөн көрдім. Университетте оқып жүрген кезде ондағы профессорлар бойымда ерекше дағдылар мен икемдер бар екендігін айтып, осы салаға бет бұруыма ықпал етті. Осыдан кейін бәрін мықтап қолға алып, саланы тереңдетіп оқи бастадым. Көптеген тәжірибелерден өттім. Осылайша әскери және саяси журналист атандым. Мамандығымды шын ниетіммен, өз қалауыммен барынша беріліп оқыдым, − деді Назгүл.
Кездесуде Назгүл Қазақстан және оның сыртқы дипломатиясы туралы, Сирия мәселесін, ондағы қазақстандықтар туралы әңгімеледі. Астана процесінің маңызын да атап өтті.
−  Іс-сапарларым туралы анама айтпаймын. Әсіресе Сирияға баратынымды айтпадым. Жақындарымды босқа алаңдатқым келмеді. Ол жақта Алеппода, Хатай, Рейxанлы, Шанлыурфа деген жерлерде болдым. Легальды лагерлер де легальды емес лагерлер де болды. Соғыстың не екенін көрдім. Тірі өлік дегеннің шын мағынасына көз жеткіздім. Кәмелет жасына толмаса да, аяғы ауыр болған қыз балаларын көрдім. Кезінде сауатты инженер болса да соғыстан кейін небары $2- ға жұмыс істеп, бір нанға бір күн құл болғандарды да көрдім. Түсірген суреттерімді бір аптаға дейін қарай алмайтынмын. Өте жағдай ауыр еді, − деп еске алды.
Назгүл ешқандай мемлекетке тәуелсіз жаһандық медиа құруды мақсат еткен. «Мен негізі минимум 5 жылға жоспар жасап жүретін адамдардың қатарынанмын. Мысалы, бүгін істеп жатқандарымды 5 жыл бұрын әрбір детальдарына дейін жоспарлағанмын. Менің жобаларымды сатып алғысы келетіндер әрқашан табылады. Жекелеген сұраныстар да көп. Дегенмен мен өз пікірлеріммен, өзіндік жүйемді қорғап қалуға тырысудамын. Мен үшін қанша ақша төлегендері маңызды емес, мен үшін ең алдымен бұқараға не жеткізгім келеді, сол маңызды», − дейді Назгүл Кенжетай.
Назгүлмен өмірде кездесіп қуанып қалдық. Қазақтың қаршадай қызы қырағы әскери журналист қызметін атқарып, ауқымды саяси тақырыптарды көтеріп жүргеніне сүйсіндік. Небәрі жиырма төрт жасында  ол түрік, ағылшын, орыс тілдерін жетік меңгеріп, кәсіби ортаға бейімделіп, мол тәжірибе жинаған. Ешкімге тәуелді болғысы келмейтін табандылығы мен батылдығы да бар бойында. Әлемдік ақпарат айдынында өз орнын табуы да қара қыздың осы өжеттілігінен болса керек. Қанша табыс табасыз деген сауалға, «нақты қанша қаражат тауып жатқанымды 10 жылдан кейін Forbes cover шығып жатқанда біле аласыздар», − деді Назгүл.
Назгүл халықаралық журналист ретінде псиxологияны, саясатты, орианталистиканы, дипломатияны, географиялық координаттарды, математиканы, діндерді, діндердің псиxологиясын жақсы әрі кәсіби түрде меңгерген. Ізденімпаз, еңбекқор, батыл қыз. Біз қазақ халқы қыз балаға ылғи «Бағың жансын!» деп тілеуін тілеп отырамыз. Кездесуде әріптестері Назгүлге ізгі ниеттерін білдіріп, сәттілік тілеп тарасты.
Гүлбану МАҚАЖАН
20 тамыз 2019 ж. 444 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031