Несиесі жабылған Ақсуаттықтар
Жақында ғана Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына президент ретіндегі алғашқы Жолдауын жолдаған еді. Осы Жолдауда бірнеше критириге сүйене отырып, кейбір отбасылардың несиесі кешірледі деген болатын. Яғни әр отбасыға ері мен әйеліне 300 мың, 300 мыңнан есептеліп, банктерден алған кредиті жабылатындығы айтылды. Осы Жолдаудың іске асқандығына алғашқы болып куә болғандардың бірі – Ақсуаттықтар. Ауыл тұрғындарына бір күнде несиесі кешірілгендігі туралы хабарлама келген. Бөркін аспанға атқан тұрғындардың қуанышын өз аузынан естіп, барлығын бір жерге топтастыруды жөн көрдік.
Ажар Қасқырбаева Ақсуат ауылының тұрғыны:
Халық банкінен 500 мың теңге алғанмын. Баламның еміне. Екі жылын төледім. Ары қарай төлей алмадым. Қазір банкте қара тізімдемін. Жаным әбден қиналып жүрген болатын. Президент көпбалалы аналардың, мүмкіндігі шектеулі баласы барлардың несиесін кешіру туралы жарлыққа қол қойды дегенді естігенде, қуаныштан жыладым. Бұл біз сияқты қиналып жүрген жандар үшін үлкен көмек. Осы кредиттің кесірінен бар тапқан табысымыздан айырыламыз. Тапқан табысымызды несие төлеуге жұмсаймыз. Енді кредитімізді кешіріп жатса, бұл қаншама мыңдаған отбасы үшін үлкен көмек болды деп ойлаймын. Жұмыста жүргенімде маған смс хабарлама келді. Онда кредитімнің кешірілгендігі туралы жазылыпты. Барып тексерсем, шынымен жабылған.. Президенттің халықтың жанына батқан мәселені қолына алғаны үшін алғысымыз шексіз.
Бақытгүл Бейбітова, Қазалы ауданының тұрғыны:
Мен Қазалы ауданында 7 жылдан бері пәтер кезегінде тұрып келемін. Сол жеті жылда кезегім 208 адамға жылжыды. Ақырындап алға жылжыппын. Баспана қашан бұйырады деп жүргенмін. Бірақ жақында Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге Жолдауынан кейін көп нәрсе өзгерді. Қалай дейсіз бе? Мен мектепте еден жуушы болып істеймін. Күйеуім жоқ болғасын, Хоум банктен осыдан 8 ай бұрын кредит алғам. Онда да жаным қысылғасын. Азанда тұрып, мектепке бара жатқанмын қалта телофоным тыз ете қалды. Қарасам кредитім кешірілді деген смс кеп тұр. Алып-ұшып банкке барсам. Шынымен жабылыпты. Мұндай қуанбаспын. Енді президент айтқандай, үйге зейнетақы қорындағы ақшаны берсе, үйлі болар едік.
Ермек Сейітқазы, Ақсуат ауылының тұрғыны:
Жақында ғана президент Жолдауы болды ғой. Бірақ мұның бәрі құрғақ уәде деп ойладым. Бірақ сертінде тұрып, несиемді кешіргенде аң-таң болдым. Келген хабарламаны әйелім Дариғаға көрсете бердім, көрсете бердім. Ертесі таң атысымен ауылдан шығатын газелге мініп, аудан орталығына бардым. Сөйтіп тексерсем, шынымен жабылыпты несием. Мұндай қуанбаспын. Баламыз үйленгенде 1 млн кредит алған едім. Бір шамасын өтегем. Мойындайыншы, маған 300 мың, әйеліме 300 мың аударып, несиемді жапқанда балаша қуандым. Жалпы бұл бастама кредиті барларға, әсіресе, көп балалы аналар үшін және мүгедек жандар үшін үлкен көмек болар еді, арқаларынан жүк түсер еді.
Асыл Қырықбайқызы, Ақсуат ауылының тұрғыны:
Елді қуантқан жаңалық осы болды ғой. Ауылда несиесі кешірілгендер бір-бірінен сүйінші сұрап жүр. Менде қуандым. Мысалы, менің жолдасым жалғыз өзі жұмыс істейді, мен балаларым кішкентай болған соң үйде отырамын. Кешеге дейін оның жалғыз жалақысын біз кредитке төлеп отырдық. Сөздің шыны керек, тапқан-таянғаны ештеңеге жетпейтін. Бірақ несие кешірілді деген хабар келді. Мұны естіп Аллаға сансыз шүкірлік еттім. Президенттің бұл еңбегі жоғары бағалаймын. Қаншама отбасыға көмектесу ерлік қой.