» » Кәсіпкер болғыңыз келе ме?

Кәсіпкер болғыңыз келе ме?

    Өткен аптада сол жағалаудағы "Жастар ресурстық орталығында" облыстық жас кәсіпкерлер форумы  өтті.
Мақсат – кәсіп жасауға ниеті бар жастарды қолдау, оларға көмек көрсету, сондай-ақ шағын кәсіпкерлік субъектілерінің санын көбейтіп, жұмыссыздар санын барынша қысқарту. Форумның модераторы – «Жылы жүрек» қоғамдық қорының төрағасы Сағатбек Сиюов жастарды кәсіп ашуға шақырды. Сонымен қатар Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов өңірдегі кәсіпкерлік саласының дамуы және ондағы жас кәсіпкерлердің үлесі туралы баяндады.
Жиынға жиналған жастар "кәсіпті қалай ашу керек, қандай кәсіптен бастау қажет, кәсіпті қалай игеруге болады?" сол жөнінде көп сауалдар қойды. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Қуантқанұлы форум қатысушыларына сәттілік тіледі.
Форумға қатысқан жас кәсіпкерлер Ақжарқын Тасболатова, Баян Дүйсенбек, Жанат Ержігітова, Ердәулет Сәрсенбек, Назым Анарбекқызы, Бибінұр Өтелбай, Дана Ашабаева, Ерлан Кемалов және Толғанай Жұмабекқызы кәсіпті қалай жүргізу керек, оны дамытудың жолдары, табысты кәсіпкер болудың құпиясы, жеке ісін бастағысы келген жастарға қарастырылған мүмкіндіктер туралы кеңес берді.
– Кәсіп ашуда көптеген қиындықтардың кездесетіні жасырын емес. Дегенмен алдымен адам өзіне сенуі керек. "Мен кәсіпті қалай да дамытамын" деген қағиданы ұстанған жөн. Сонымен қатар кәсіп ашқанда ата-ананың қолдауы маңызды. Сондықтан кәсіп ашпас бұрын ата-анамен ақылдасқан жөн. Кәсіптің бүге-шүгесіне дейін білу үшін тиісті маман иелеріне де жүгінген жөн. Ал өзіме келер болсам, 2018 жылы ең үздік кәсіпкер ретінде облыстың экс әкімі Қ.Көшербаевтың 1 млн. теңге грантын ұтып алдым. Қазіргі таңда "Микро кредит – Қызылорда" бағдарламасы арқылы 2 млн. теңге несие алдым. Жас кәсіпкер ретінде жастарды кәсіп ашуға шақырамын, – деді жас кәсіпкер Ақжарқын Тасболатова.
 Форумға облыс бойынша жастар мен жас кәсіпкерлер қатысты. Бизнес бастауға талаптанған талапкерлер кәсіпкерлермен жүздесіп, тәжірибе алмасты.
– Өкінішке қарай көп жастардың жоспары жоқ. Банкке, қаржы ұйымына барады. Мақсат – қалай да ақшаның көзін табу. Бизнесті бастау бөлек, оны әрі қарай алып кету мүлде бөлек. Сондықтан бұл қате пікір. Кәсіпкер болғысы келетін адамға қойылар талап көп. Егер соның барлығынан өте алса, мықты кәсіпкер болары сөзсіз. Егер талапқа сәйкес құжат дайындасаңыз, әрі қарай көмектесуге, қол ұшын созуға әркез дайынбыз. Кәсіпті қалай ашу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бастысы, бизнес жоспар дайындап облыстық кәсіпкерлер палатасына келіңіз, – дейді  кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Фархад Әбжаппаров.
Айта кетейік, кездесуде қатысушыларға несие алуға арналған бағдарламалар, мемлекеттік гранттарды алу жолдары түсіндірілді.
Жас кәсіпкерлер мен форум қатысушылары өз сауалдарын қойып, сала мамандарынан жауап алды.
Мөлдір САБЫРЖАН
06 қыркүйек 2019 ж. 708 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031