Жастарды қылмысқа не итермеледі?
Осыдан екі апта бұрын бетперде киген белгісіз азаматтар қаладағы кәсіпкердің үйіне қарақшылық шабуыл жасады. Олар кәсіпкерді ұрып-соғып, оның үйінен ақша, зергерлік бұйымдар және екі автокөлікті қолды етті. Орын алған бұл қылмыстың күдіктілері қазіргі таңда ұсталып, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Алынған қаржының біраз бөлігі жұмсалып та кеткені анықталды.
«Қызылорда облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының және ҚР Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция департаменті бірлесе жедел іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде қылмыстық оқиғаға күдікті 6 адам ұсталды. Күдіктілер қылмыстарын толығымен мойындады. Олардан айғақ заттар алынды. Ұсталған қылмыскерлер - 20-25 жас шамасында, тұрақты жұмысы жоқ және бұрын сотты болған азаматтар», – деді Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бізге берген мәліметінде.
Бүгінгі таңда ұсталған күдіктілердің 5 тамыз күні үйдің гаражынан "Toyota land cruiser 200" автокөлігін ұрлау дерегіне қатыстылығы дәлелденген. Күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамалды. Олардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабының 4 - бөлігімен, 99-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА