Мемлекеттік қызметші - мемлекеттің абыройы
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 27 бабына сәйкес, «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурстың 2 түрі бар.
Бірінші түрі бұл азаматтар арасындағы жалпы конкурс болса, екіншісі – мемлекеттік қызметшілер арасындағы ішкі конкурс.
Жалпы конкурс «Б» корпусының бос немесе уақытша бос төменгі мемлекеттік әкімшілік лауазымына, сондай-ақ мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында конкурстық комиссияның немесе бірыңғай конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушылар болмаған кездегі төменгі лауазым болып табылмайтын өзге де бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу үшін өткізіледі.
Ал, ішкі конкурс «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін мемлекеттік орган осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында өткізеді.
Ал, бұған дейінгі мемлекеттік қызмет туралы заңнамада мемлекеттік қызметшілердің бос тұрған лауазымдарға ауысу институты арқылы біліктілік талабы сай келген уақытта бос лауазымға тағайындау мүмкін болса, жаңа заңнама ауысу институтын шектеген.
Ауысу институты көмекші, кеңесші, баспасөз хатшылары лауазымдарына, «А» және «В» санат топтарына жататын мемлекеттік органдар үшін ғана сақталған.
Мемлекеттік органда төменгі лауазымда жұмысы өтілі бар, біліктілігі мен қабілеті бар, өз қызметтік міндетін адал атқарған мемлекеттік қызметшілерді ілгерілету ішкі конкурс өткізу жолымен жоғары тұрған мемлекеттік лауазымдарға сатылып көтеру арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік бейнесіне және іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптарды жоғарылату мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі» бекітілді.
Әдеп кодексі халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Мемлекеттік қызметші өз қызметі шегінде барынша ұқыпты, адал, сыпайы, қай кезде де өзгеге үлгі бола білуі керек.
Мемлекеттік қызметші қызметтен тыс уақытта қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге, сырт келбеті қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал жасауы керек.
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады, сондықтан мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмей мінсіз атқаруы тиіс.
Мөлдір Асанова, Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісі басшысының орынбасары