Кітап бос уақытта оқылмайды

Ал бізде кітапты бос уақытта оқу керек деген түсінік қалыптасқан. Тіпті арнайы кітап оқитын адам саусақпен санарлық. "Міне, бір сағат уақытым бар, осы уақытта кітап оқиыншы" дейміз. Межелі уақытта келген жерімізден белгілеп, әрі қарай тірлігімізді істей береміз. Бұл әрине дұрыс емес...
Әріптесімнен ауруханаға бір кісінің он күнге 10 кітап сұратқанын естідім. Таң қалғанымнан "сонда бәрін оқиды ма" десем, "бір күнде бір кітап оқиды" деп жауап берді. Ал біз тым құрыса бір аптада бір кітап оқисыз ба?
Жақында жеңгем хабарласты. Дәрігер смартфонның болашақ нәрестесіне зиян екенін айтыпты. Оның орнына кітап оқуға кеңес беріпті. Енді аптасына хабарласып, кітап сұрайды. Сөйтіп аптасына бір кітап оқиды. "Баламды іштен дайындап, кітапқа деген қызығушылығын оятып жатырмын" дейді қуанышты жүзбен. Сонымен бірге оқыған кітабы туралы айтып береді. Қызықты жерлерін қалт жібермейді. "Бұл бір жақсы дүние екен ғой, өзің оқып жүре бермей бізге де кеңес бермейсін бе?" дейді. Әрине кітап оқуға кеңес беруге болады. Дегенмен ол адамның талғамын, өмірге деген көзқарасын біліп алу маңызды. Егер қалауы басқа болса, қанша айтсаңыз да кітап бетін ашу ол үшін мүмкін болмайды. Өйткені кей адамға кітап оқу қызық емес.
Кеше туысқаным хабарласты. Үйіне көп кітап әкеліпті. "Оқисың ба, апарып берейін бе?" дейді. "Авторы кім, қандай кітап?" десем, барлығы орысша кітап екен. Менің орыс жазушысының кітабын оқымайтынымды білмесе керек. "Қазақша кітап жоқ па?" десем, бір апа жаңа үйге көшіп келіпті де қазақша кітаптың бәрін қоймаға салыпты. Сонда мен "кітапты қоймаға салған ба?" деп ренжідім. Өйткені қоймада жатқан нәрсе шаңның астында қалатыны рас қой.
"Өміріңді өзгерту үшін бір-ақ кітап жеткілікті, ал ол кітапты табу үшін он мың кітап оқып шығу керек" дейді ғұламалар. "Егер өмірімді түбегейлі өзгертемін, жаңа бағытқа бет бұрамын" деп алға ұмтылсаңыз бір емес, мың кітап оқып шыққан дұрыс. Кітап оқу адам өмірін түбегейлі өзгертетінін ескерсек, рухани баюға да септігін тигізері ақиқат. Ал "қандай кітап оқуға болады?" десеңіз кез келген кітапханадан өзіңізге ұнайтын кітапты алған дұрыс. Кітап көп, бірақ сіздің жаныңызға жақын, сізге қызықты кітапты таңдап алу оңай емес. Мәселен Нұртөре Жүсіптің "Біз кімнен кембіз", Әзілхан Нұршайықтовтың "Ақиқат пен аңыз", Тұрсын Жұртбайдың "Бейнет сусыны", Әбдіжәміл Нұрпейісовтың "Соңғы парыз" осы кітаптарды оқып болғаннан кейін Мұхтар Әуезовтың "Абай жолын" оқуға кеңес берер едім.
Ең бастысы, Бернард Шоу тәрізді кітапты бос уақытта оқымай оған арнайы уақыт бөлген абзал.
Мөлдір САБЫРЖАН