Мен – қызылордалықпын!
- Дос КӨШІМ, саясаткер:
- Дос (Досмахамбет) Қалмаханұлы – республикада алғаш рет "Ана тілі" қоғамын құрушының бірі. 1999-2005 жылдар аралығында "Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі" қоғамдық бірлестігінің негізін қалап, сол ұйымның президенті болды. Ол – "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, саясаткер. 1994 жылы демократияға сіңірген еңбегі үшін АҚШ-тың "Техас штатының құрметті азаматы" атанып, 2006 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері", 2008 жылы Тіл комитетінің "Қазақ тілінің жанашыры" төсбелгісімен марапатталды.
- – Сыр тұрғындары сізді "жерлесіміз" деп жүр. Қызылордаға қандай қатысыңыз бар?
- – Негізі Арыс қаласындағы Дермен совхозының тумасымын. Сол жақта дүниеге келдім. Дегенмен бір жасымда ата-анам Сыр өңіріне қоныс аударды. Қызылордада өстім, балалық шағым, қызықты күндерімнің барлығы осы жермен тікелей байланысты. Сыр өңірі дегенде балалық шағым еске түседі. Бұл аймақ менің жаныма жақын. 18 жасқа дейінгі өмірім осында өтті, демек, мен – «таза» қызылордалықпын! (күліп)!
- – Балалық шаққа саяхат жасасаңыз. Есіңізге тағы не түседі?
- – «Найманский столовойдың» артындағы 27 үйден тұратын Ремонтников көшесі, жаздың аптап ыстығы мен қыстың қызылшұнақ аязындағы ойын, Қызылжарма, Сталин каналында суға түсуіміз... Түнгі тығылмақ ойыны, лагерьдегі алма, бақшадан қауын ұрлаған сәтіміз, аудан-аудан болып төбелескен уақыт (Шанхай әрқашан бірінші орында), поездың үстінен секірген кезең... Бұл сәт менің балалық шақтағы ұмтылмайтын естелігім.
- – "Дос Көшімнің" студенттік шағы қалай өтті?
- – Киров атындағы Қазақ мемлекеттік универсиеттінің филология факультетін бітірдім. 70-80 жылдардағы студенттік өмір ең бір тамаша кезең еді. Романтика мен белгілі бір деңгейдегі еркіндік, сырахана мен «ЖенПи»..., әдебиет пен өнер, тіл, тарих туралы ашық пікірталастар (саясат пен қоғам туралы пікірталас болған жоқ!) студенттік кезеңнің жарқын бейнесі еді. Шымкенттің жігіттерімен жатаханада бес жыл бірге тұрдық. Қыдыратын уақыт та көп болды. Студент кезімде төбелестен, тәртіпсіздіктен қалмайтынмын. Кітапханадан шықпайтын, көзілдірік киіп жүретін "биолог" болған емеспін.
– "Орыстандыру кіріп кеткен елдің біріміз" дедіңіз. Бұл мәселені шешудің жолы қандай?
– Қазаққа "орыстандыру" саясаты шынымен сіңіп кеткен. Басқа республиканың қай-қайсысын алып қарасаңыз да, орыс тілін қолданысқа енгізбеген. Кавказ елі де орыс тілін енгізбеуге тырысты. Ал грузин ақсақалдары Орталық комитетке барып, "орыс тілін енгізсеңдер, біз мұнда өмір сүрмейміз" деп қарсыласты. Бізде ондай болған жоқ. Орыстандыру саясаты Кеңес үкіметі кезінде қалыптасты. Сол аурудан әлі айыға алмай келеміз. Орыстардың білімі, салт-дәстүрі, мәдениеті санамызға сіңді. Орыстанудан шығудың бірден-бір жолы – қазақ болу. Алайда қазақ болу оңай деп ойламаңыз. Қазақтыққа қайтып келу үшін жоғалып бара жатқан намысты оятып, ұйқыдағы рухыңды ту етіп көтеру керек. Бәріміз (көпшілігіміз дейік) қазақ болсақ, жағымпаздық жоғалады, жемқорлық жолда қалады, тіліңді түзу ұстанып, жеріңді жауға бермейсің. Президентке басыңды имейсің, әкімге иіліп сәлем бермейсің – тек халқыңның құлы боласың. Өсек пен өтіріктен алыс боласың. Абайды оқып, тамсанып қана қоймайсың, көрсеткен жолымен жүріп, айтқанын орындайсың.
– Бүгінгінің биігінен қарап, өзіңізге есеп беріп көрсеңіз, не нәрсеге қанағаттанасыз? Не істеуге үлгермедіңіз?
– Өз мүмкіндігімше, қазақ үшін саяси – ағарту жұмысын жүргіздім. Оны айтып, жазумен шектелмей нақты тәжірибемен (саяси партия құрып, республикалық қоғамдық бірлестік құрып) көрсетуге тырыстым. Осының барлығына шүкіршілік деймін. Коммунистік партияның мүшесі болмауға, тоталитарлық және авторитарлық билікке қызмет етпеуге ақылым жетті. Алайда өзімізден кейінгі жастарды, жаңа ұлтшыл саяси жетекшілерді дайындай алмағаныма өкінемін.
- – Адамдар кейде барлық нәрсені бір қалыпта қабылдауға құмар. Неге?
– Себебі бұл – оңай. Ал кез келген мәселеге ой жүгіртіп, дұрысы мен бұрысын ажырату – жауапкершілікті, ойлануды талап етеді. Біз оңайға жүгіреміз. Бұл – қате пікір. Мұның астарында жалқаулық жатыр. Жасыратыны жоқ, бізде жалқаулық белең алған. Жаңаға көзқарас, өзгешелікке бетбұрыс жоқ. Тың идеяны ойлап табуға да құлшынбаймыз, соңында салдары өзімізге келіп тиеді.
– Сыбайлас жемқорлық белең алған бүгінгі заманда одан басқа ойсырап жатқан келеңсіз мәселе қандай?
– Сыбайлас жемқорлықты өмірге алып келген қазіргі билік жүйесі. Демек биліктің толықтай өзгеріске ұшырауы, шын мәнінде, халық қолындағы биліктің орнауы көп мәселені шешеді. Демек, «ойсырап жатқан» басты мәселе – халықтың саяси сауатының төмендігі.
– Біздің негізгі аудиториямыз – жастар. Сізден кеңес болсыншы, әлеуметтік желіде тек қазақ тілінде сөйлесу үшін не істеу керек? Қайтсек "привет, каксын" деген сөздерден құтыламыз?
– Соны жазған, не айтқан адам сол сөзі үшін қасындағылардың (сендердің) мазағына қалса, сонда өзгеріс болады деп ойлаймын. Ондай сөзді айту – көшеде тыр жалаңаш жүргенмен бірдей болатын жағдай жасау – жастардың қолыңда.
– Жиналысқа бара қалсақ, орыс тілінде баяндаманы мүдірмей бастан-аяқ оқып беретін басшылар бар. Мұндай жағдаймен қалай күрессек болады? Қазақ тілінде еркін пікір алмасатын ортаны қалай дамытамыз?
– Өткен жылы Орал қаласында бір жиналыс болып, сол уақыттағы азаматтық қоғамды дамыту министрі Дархан Қалетаев сөзін орысша бастап еді, екі жерден екі жігіт тұрып, сөзін бөліп, мемлекеттік тілде сөйлеуді талап етті. Министр бір ауыз әзілмен ыңғайсыздықтан шықты да, қазақшаға көшті. Сондықтан әрбір жиналыста «Қарағым» («Замандас», «Ағатай», «Ақсақал»), мемлекеттік тілді қолдану, ең бірінші, мемлекеттік қызметкердің міндеті. Сондықтан ұятыңыз бен намысыңыз болса, қазақ тілінде сөйлеңіз. Біз орыс тілін білуге міндетті емеспіз!» дейтін мемлекеттің тілін, қазақтың тілін қорғай білетін оншақты азамат болу керек. Қазақта «жағаласқанның жаны қалады» деген сөз бар. Барлық өзгеріс іс-әрекетпен, нақты қимылмен келеді.
– "Біздің билікте қазақ тілін білмейтін министрлер, шенеуніктер бар десем, шетелдік достарым сенбейді. Мұны менің басшылыққа ренішім деп қабылдайды. Міне, біздегі жағдай осындай" депсіз бір сұхбатыңызда. Қазақ тілі неге "қазақтың" тіліне айналмай отыр?
– Себебі тілге деген қажеттілік жоқ. Қажеттілік жоқ болса, ондай тілді ешкім үйренбейді, қолданбайды. Сондықтан сол қажеттілікті жасайтын Заң қабылдану керек.
– Сіз бардық облыста болып, жұмыс барысын байқайсыз. Сіздің ойыңызша қай өңір әкімінің жұмысы ерекше көзге түседі?
– Әкімдердің жұмысын салыстырып көрмеппін. Саясаттың адамы облыс әкімдеріне жеке-дара баға бере алмайтын шығар. Сол себепті қарапайым адам ретінде баға бергенім жөн. Бердібек Сапарбаев Қызылорда, Шымкент, Өскемен, Ақтөбеде әкім болды. Оның әкім ретінде жұмысы ұнады. Шаруашылық, әлеуметтік жағында жүреді, саяси жағына көп бара қоймайды. Бір адамның төрт мәрте әкім болуы оңай емес. Өзге әкімдер осы кісіні үлгі тұтса деймін.
– Біз шыдамды халықпыз, бірақ "Алла, жуастың ашуынан сақта" депсіз. Сіздіңше біз жуас халықпыз ба?
– Бір ақылды адам «Ұлтқа тиесілі жер жөнінде қазақ әлемде бірінші орын алады» дегені бар. Шынында, мемлекеттің жері жөнінде тоғызыншы орында болсақ та, біздің алдымыздағы мемлекеттердің барлығының мемлекетті құраушы ұлтының тиесілі жері бізден кем екен. (Егер Ресейден татарлар, башқұрттар, буряттар, сахалар бөлінсе, орыс жері қазақ жерінің жартысына да жетпейді). Біз көп мәселеге ашулана қоймаймыз. Жуас емес, «онда тұрған не бар?» дейтін, кең халықпыз. Бірақ ұлттық мәселеге келгенде, бізді тоқтату мүмкін емес.
– Сіздің атыңыз аталғанда бірден "саясаткер" деген сөз ойымызға оралады. Дұрысы қайсы?
– Өкінішке қарай, басқалар мені «саясаттанушы» деп те таныстырып жүр. Бірақ мен өзімді қоғам қайраткері деп атаса да ренжімеймін.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА