» » "Мына сұхбатты мамам оқыса ұрысады": Аян Өтепберген қандай құпияны ашып қойды?

"Мына сұхбатты мамам оқыса ұрысады": Аян Өтепберген қандай құпияны ашып қойды?

    «Зеркала», «Қазақ хандығы», «Дала қырандары», «Жаужүрек мың бала», «Тайталас» және т.б. көптеген отандық ауқымды жобаларда бой көрсетіп, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленген танымал актер Аян Өтепберген алғаш рет еш жерде айтпаған сырын бөлісті. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында отбасы, өзі түскен жобалардағы ыңғайыссыз сахналар мен өміріндегі қызықты оқиғаларын баяндады.  

— Сізді осы күнге дейін ауқымды он шақты жобаға түсіп үлгерді деп айту қиын. Жұлдыз ауруына шалдықпай, қарапайым болуыңызға не көмектеседі?
— Меніңше, мұның барлығы бірінші кезекте әке-шешемнің берген тәрбиесінің арқасы. Бала күнімде көп жоқшылық көрдім деп айтқым келмейді. Қанша қиын заман болса да, әке-шешем өмірдің суығын бізге көрсетпей өсірді. Екіншіден, ғылымға, киноға еңбегі сіңген, әлемдік деңгейде маңызы бар жобаларды қолға алған азаматтардың сұхбатын көп қараймын. Қарап отырып өзімнің осы күнге дейін істеген жетістіктеріммен салыстырамын. Сондайда «Менің істегенім әншейін дүниелер. Олардың еңбегінің жанында шаң екен» деген ой келеді. Сол себепті қарапайымдылық – мен үшін қалыпты нәрсе. 
— Ораза ұстап, достарыңызбен бірге ауызашар беретініңізді білемін. Жалпы мешітке жиі барасыз ба?
— Иә, әр апта сайын жұма намазға барып тұрамын. Бірақ, өтірік айтпайын, осы жұмада бара алмадым. Өзімді «жерде ұстап тұруға» осы нәрсе де көмектеседі деп ойлаймын. 
— Жалғыз ұл болып өскен қиын емес пе? «Ағам немесе інім болса» деп армандаған кездеріңіз болды ма?
— Әрине, Шерхан Мұртаза ағамыз жазып кеткендей, бір кем дүние ғой. Бұл өмірде адамға бәрібір бір нәрсе жетпей тұрады. Мектепте оқып жүріп, жоғары сыныптың оқушылары жұдырық жұмсаған кезде «Ей, ағам болғанда ғой» деп немесе бір жерге бару керек болса, «Ех, осындайда інім болса ғой» деп аңсаған кездерім болды. Бірақ осы күніме де көп шүкіршілік етемін. Қамқор әпкем мен ерке қарындасым бар. Оларға мен де кейде еркелеп, үйге кіре салысымен киімдерімді әрі-бері лақтырамын. (Күлді.) Кейде, тіпті, төсегімді жинамай кететін күндерім болады. Үйге барғанда бірінші кезекте қарындасымды іздеп тұрамын. Ол да «О, ағам келді» деп қарсы алады. Дауысын естімей қалсам болды, «Қарындасым қайда?» деп іздеп кетемін. 
— Қандай шебер актер екеніңізді жақсы білеміз. Бірақ үйде қандайсыз? Әке-шешеңізге көп еркелейсіз бе? Қарындасыңызға күйеу балалар тақырыбына келгенде қаталсыз ба?
— Жалғыз ұл болған соң, сөзсіз еркелетеді. Бірақ барлығы да орнымен. Ал қарындасыма келсем, қажет кезде қаталмын, реті келіп тұрса, еркелетемін. Жігіттер жағы – өзінің жеке ісі, кімді таңдайтынын өзі шешеді. Қарындасым Аружан өте ақылды, оның таңдауына толықтай сенемін. Бір шетінен бұл тақырыпта сөз қозғау өте қиын. Төбе шашым тік тұрады десем де болады. (Күлді.) 

— Ақылды демекші, суреттегі қызыл диплом өзіңіздікі ме?
— Ұл бала болған соң, ата-анамның үмітін ақтаймын деп 8-сыныпқа дейін үздік оқыдым. Кейін Алматы қаласына келіп, сұлу қыздарды көріп, үлгерімім кенеттен нашарлап кетті. Содан кейін үздік оқушылар қатарынан көрінбедім. Бірақ 8-сыныпқа дейін мектепте білім министрі, президенті дегендер болып, олимпиада мен спорт жағынан ерекше көзге түсіп жүргенім бар. 
— Соңғы кезде сүрбойдақтар тізімінен жиі көрініп жүрсіз. Қалай ойлайсыз, неге Қазақстанда ертерек үйлендіруге тырысады?
— Шын мәнінде, менің де құрдастарым қатарлы отбасын құрғым келеді. Бірақ бұл қадамға баруға кішкене уақыт керек болып тұр. Адам өмірге келгендегі басты миссиясын ұғынып, алдымен, өзін толыққанды жан сезінген кезде отбасын құруы керек деп ойлаймын. Айтпағым, «Болашақ жарым маған не бере алады?» деп емес, керісінше «Мен сүйіктімді қалай бақытты ете аламын?» деген позицияда келсе, неке берік болады деп білемін. Десе де, бұл өмірден орнымды таппадым немесе өзімді толыққанды сезінбеймін деген сөз емес. Дәл қазір мен екпінді шығармашылық мақсаттарыма түсіріп отырмын. 
«Неге ерте үйлендіруге асығады?» деген сұрағыңызға келер болсам, бұл Ислам дінімен байланысты болар. Өйткені Исламда «Үш нәрсеге асығу керек» деген «қағида» бар. Осы үш «қағиданың» біреуі – үйленуге асығу. Екіншіден, адам бұл өмірде бір ғана сұрақтың жауабын білмейтін шығар, ол – қай күні бақилық боламын деген сауал. Сол себепті кейбіреуі ұрпақ қалдырып үлгеруге асығады. Екінші жағынан жоғарыда айтып өткенімдей кеш үйленетін азаматтар маңызды мақсаттарына қол жеткізеді. 
— Мақсаттарыңызды орындап, түрлі туындыдан бой көрсетіп жүрсіз. Соның бірі – «Зеркала». Өзіңізге ұнады ма?
— Шынымды айтсам, фильмді бірінші рет көрген кезде, премьера кезінде де аса ұната қоймадым. Дәл қазір мен 2-3 фильмге түстім екен деп мәз болып жүретін жаста емеспін. Бірден фильмнің жеткізбек ойы мен өзімнің актер ретінде қателіктеріме мән беремін. Яғни алғашында сәл арзандау, жеткізер ойы мен мақсаты жоқ туынды болып көрінді. Бірақ өзің қатысып отырған кез келген жоба ыстық болып көрінеді. Бір күні арнайы билет алып, киноны жалғыз өзім барып қайталап көрдім. Сол кезде ерекше ұнаттым. Өйткені қазіргі бірсарынды комедияларға қарағанда, қоғаммен қатар келе жатқан туынды болды. Бір сөзбен бұл фильмді халықтың ықыласы арқылы сүйдім десем болады. Тіпті, бірнеше рет қайталап көргендерін жазғандар да бар.
«Жаужүрек мың бала» туындысы шыққанда есімде, көрермендер «Кешіріңіз, қазақ тілін білмейміз. Осы фильмді көріп қазақ тілін үйреніп жатырмыз» деп жазып жатты. Осындай ықыластан кейін пайдасы тиетін жобалар түсірсем қалай болады деген ой келді. Мысалы, Алматы қаласында зообаққа қатысты проблемалар бар дегендей және т.б.
— Адам өзінде жоқты баласына тілейді, береді деп жатады ғой. Сіз не тілер едіңіз?
— Аллаға шүкір, әке-шешем мен туғандарымның арқасында менде барлығы болды. Рухани байлық та, материалдық дүниелер де. Бәрінен бұрын ол кісілердің маған еркіндік бергеніне қуанамын. Сол себепті бала-шағама өзім сезінген махаббат пен жылылықты, ешкім шектей алмайтын еркіндікті, спортта үздік болуды тілер едім. 
— Сұхбатыңыз үшін рахмет. Келесі сұхбатты кәсіби режиссер ретінде беруіңізге тілектеспін. 
— Рахмет, сіздерге де шығармашылық табыстар тілеймін.  
Сұхбаттасқан: Қарлыға БҮЙЕНБАЙ


24 қараша 2019 ж. 728 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031