Еркін сөз байқауының жеңімпаздары анықталды

«Еркін сөз» – 2019» байқауында «Үздік телесюжет» аталымы бойынша бас жүлде Абай Сейфуллаұлына («Астана» телеарнасы) бұйырса, бірінші орынды – Айбек Қосанов («Еуразия» телеарнасы), екінші орынды – Әнуар Карбозов («Atameken Business» телеарнасы), үшінші орынды – Ришат Асқарбекұлы («Астана» телеарнасы) иемденді. Қатарынан үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған байқауға сайттар мен газеттерден түскен материалдар саны жылдан-жылға артып келеді. Қаржылық сауаттылық, банктердің пайыздық мөлшерлемесі, ипотека, депозит секілді мәселелерді қаузаған журналистердің де қаржы саласына бейімделгені қуантады. Сонымен байқау шарттарына сәйкес, «Үздік мақала» аталымы бойынша бас жүлде «Заң» газеті редакторының орынбасары Сәкен Орынбасарұлына бұйырды. Бірінші орынды Сарби Әйтенова («Жетісу» газеті), екінші орынды Айбөпе Сабырова (Атырау облыстық газеті), үшінші орынды Динара Жұмабекқызы («Орал өңірі» газеті) иеленді. Ал «Сайттағы үздік мақала» аталымы бойынша бас жүлде – Аслан Қаженовке (www.inbusiness.kz), бірінші орын жүлдесі Айша Кеңесбайға (www.kazislam.kz), екінші орын Нұрдәулет Кәкіштегіне (www.elorda.info.kz), үшінші орын Жанбота Төлегенге (www.informburo.kz) табысталды.