» » ЖАЙЛЫ ӨМІР ІЗДЕП

ЖАЙЛЫ ӨМІР ІЗДЕП

«Қазақстаннан көшіп кеткім келеді» соңғы уақытта достарымнан осындай пікірді жиі естіп жүрмін. Бірі Еуропада бәрі ерекше деп ойласа, енді бірі сыртта жүрсек бәрі жақсы болады деп түсінеді. Мәселен, бірі күнделікті тұрмыста кездесетін тіршіліктен шаршадым десе, енді бірі азаматтардың құқығын құрметтейтін елге көшкісі келеді. Биыл елімізден 2019 жылдың басынан бері 34 мың қазақстандық басқа елге көшіп кеткен. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 8 пайызға артқан деп хабарлайды Ranking.kz. Қазақстандықтардың басым бөлігі Ресейге қоныс аударады екен. Екінші орында – Германия. Сондай-ақ азаматтарымыздың қоныс аударуға қызығушылық танытқан елдерінің қатарында Беларусь мемлекеті бар. Үздік бестікті Өзбекстан мен АҚШ түйіндейді.
         Ал бір ғана Қызылорда облысынан жыл басынан бері 38 816 адам көшіп кеткен. Олардың 19-ы шекара асыпты. «Қызылордалықтар елдің ішінде Нұр-Сұлтан қаласына, Ақтөбеге көбірек қоныс аударған. Ал 19 адам Түркия, Ресей, Өзбекстанды таңдады. Көшу себептерін ашық көрсетпеген. Алайда басым бөлігі жалақысы жоғары жұмыс, жайлы өмірді аңсаған», − дейді Қызылорда статистика департаментінің әлеуметтік және демографиялық статистика басқармасының басшысы Күлайхан Снасапова.
         Менің ата-анам Қазақстан тәуелсіздік алған соң Өзбекстаннан көшіп келді. Бала болсақ та есімде қалыпты, атам әкеме: «Ұлым, бізді туған жерімізге жеткіз, өлсек туған жердің топырағында жатайық» деп айтып отыратын. Қуғын-сүргін уақытында елден кетуге мәжбүр болғанын, туған жердің жусанының исін аңсап жүргендерін жиі айтатын. Әкем ата-анасын елге жеткізу үшін көп еңбектенді. Қызылорда облысына көшіп келіп, ел қатарлы тіршілік етті. Қазақстанға көшіп келгеннен кейін де балаларды оқыту, жеткізу оңай болмады. Дастарханымызда бірде нан болса, бірде қант болмай қалатын. Бидай қуырып беретін. Қағазға салып алып ойнап кететінбіз. Дегенмен бірлігі жарасқан ауыл халқымен қызықты күндер өтетін. Ата-анамыз «бір елден бір елге көшсем бәрі тамаша болады» деп емес үлкендердің алдындағы міндетін орындау мақсатында келгенін өскен соң түсіндік. Атам ауылдың батагөй ақсақалы болды. Әжеме бақша ішінде кітап оқып беретін едім, сонда ол кісі айналасына көз жүгіртіп: «Туған жерге келгенімізге тәубе» деп отыратын. Туған жерден жырақта жүріп аштықты да, қиындықты да көрген жандар атамекеннің бағасын білетін. Тіпті біздерге «құмырсқаны баспа, шыбынды өлтірме» деп отыратын еді. Бірде атамды есік алдына сәкіге жайғастырып, анам екеуміз үйдегі шыбындарға у сеуіп тастадық. Арада біраз уақыт өткен соң үйге кірген атам, «Алла-ай, мына шыбындарға бір қасірет төнген-ау, алдыма ұшып келіп өліп жатыр» дегені есімізде.
         Атамекен, туған жердің қадірін білу кездейсоқ сезім емесі анық. Жазушы Сайын Мұратбеков өзінің «Жусан исі» әңгімесін прототипі арқылы барша ауылда өскен қазақ баласының тағдырын суреттеді. Оқып отырып, жусан иісі келеді мұрныңызға.
Атамекен – туған халқың, ұлтың мекен еткен, ата-бабаның қоныс тепкен жері. Жастардың туған жерден жырақ кетуі, қайта оралмауы атамекенді сүймеу деп түсінемін. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп жастардың бойынша отансүйгіштік, жауапкершілік, сенімділік, батылдық қасиетті арттыру өте маңызды нәрсе болу керек.
Қаракөз ҚЫПШАҚ
12 желтоқсан 2019 ж. 494 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031