Байқоңырда полицейлермен бала тәрбиесіне қатысты кездесу өткізілді

Жиын ҚР ІІМ Байқоңыр қаласындағы Өкілдігі бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Ахметов Алтынбек Меңлібайұлының бастамасымен ұйымдастырылып, оған Байқоңыр қаласының прокуроры әділет кеңесшісі Рахметов Нұржан Жанатұлы, Ресей Федерациясының «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы Ішкі істер басқармасының бастығы полиция полковнигі Кузьмин Алексей Владимирович және Қармақшы аудандық білім бөлімінің Байқоңыр қаласындағы сектор меңгерушісі Күнқожаев Самат Алашбайұлы, Байқоңыр қаласындағы 5 мектептің 8-11 сынып оқушылары мен мектеп директорлары және тәрбие жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Кездесу мақсаты - жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, мектеп пен полиция органдарында профилактикалық есепте тұрған девиантты мінез-құлықты жасөспірімдерді бақылау мәселелерін бірлесіп шешу болып табылады.
Кездесу барысында ҚР ІІМ Байқоңыр қаласындағы Өкілдігінің бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Ахметов Алтынбек Меңлібайұлы сөз сөйледі. Өз сөзінде ол мектеп оқушыларының мектептен тыс және қысқы демалыс кезінде түнгі уақытта заңды өкілдерімен жүру, жасөспірімдер арасында топтасып төбелесу қылмыстарын болдырмау, сондай-ақ мектеп директорларына оқушыларға бақылауды және ата-аналар кеңесінің рөлін күшейтуді сұрады.
Одан кейін, Өкілдіктің Әкімшілік полиция бөлімі бастығының орынбасары полиция подполковнигі Елденбаев Қайрат Итимбекович баяндама жасап, балалар мен жасөспірімдердің жеке қауіпсіздік шараларына, қоғамдық орындарда және көшелерде жүріс-тұрыс ережелеріне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Өз кезегінде мектеп директорлары осындай бірлескен алдын-алу шараларын көптеп өткізу жөнінде өтініш білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар шешімдер қабылданды.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі