Қайтыс болған жетінші адамның коронавирусты кімнен жұқтырғаны белгілі болды
Ақмола облысында 8 сәуірде тоқсан бір жастағы қария көз жұмды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы оның вирусты қалай жұқтырғаны туралы айтты
Ақмола облысында коронавирустан көз жұмған адам ауруды қарттар үйі қызметкерінен жұқтырған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
"Науқас артериалды гипертензия, дисциркуляторлық энцефалопатия, Паркинсон синдромы, жүрек ауруы, созылмалы бронхит және стенокардия сырқаттары бойынша есепте тұрған", - деді Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов.
Айта кетсек, Қазақстанда індеттен көз жұмғандар саны жеті адамға жетті. Үш адам Ақмола облысында, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Қарағанды және Түркістан облыстарында бір адамнан.
Барлығы 709 адамда коронавирус анықталды. 53 адам жазылып шықты.