Ақ халаттылардың көмегімен коронавирус індетінен емделіп шыққан қызылордалық ауырған кездегі көңіл-күйі және емделіп шыққаннан кейінгі әсерімен бөлісті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің фейсбуктегі ресми парақшасында жарияланды. Хат иесі аты-жөнін атамауды дұрыс көрген екен.
Онда былай делінген: "Мен - коронавирус індетінен жазылып шыққан Қызылорда қаласының тұрғынымын. Осы аурумен күресуге көмектескен және емдеп шығарған Қызылорда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының медицина қызметкерлеріне ерекше алғысымды білдіргім келеді. Бүгін үйге келгенімізге екі күн болды. Көңіл-күйіміз бен денсаулығымыз жақсы. Осыдан 15 күн бұрын ауруханаға түскенде өте қатты үрейде болғанымызды жасырмаймын. Сол сәтте қасымызға келген дәрігерлер дәрі-дәрмек беріп, кетіп қала салмай, жанымыздан табылып, түскен көңілімізді көтеріп, психологиялық қолдау көрсетті. Дәрігерлер бізбен бірге уайымдап, бізбен бірге тағатсыздана зерттеу нәтижелерін күтті. Онымен қоса дәрігерлер палатаға «Біз біргеміз, біз жеңеміз!» деп ұрандап кіргенде дәрігерлердің даусынан еңсеміз кәдімгідей көтерілетін. Шын айтам, сырт көзге ыңғайсыз көрінгенімен төрт қабырғада қамалып, еңсесі езілген науқастарға бұл үлкен демеу беріп, жігер сыйлайды екен. Ақ халатты абзал жандар мені ғана емес, әкем мен анамды, тәтелерім мен інімді емдеп шықты. Сонымен қатар, менің 87 жастағы әжемді қосалқы сырқаттарына қарамастан, аты жаман аурудан айықтырып алды. Бұл - біздің дәрігерлеріміздің кәсібилігін көрсетеді емес пе?! Осы тұста қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігеріне, бас дәрігерінің орынбасары Әлмаханова Мира Аябекқызына, емдеуші дәрігерлер Оспанова Гүльнар Аманжолқызына мен Жүкешев Қанат Талғатұлына, орта буын қызметкерлеріне ерекше алғысым білдіремін. Құрметті дәрігерлер, сіздерге отбасымыздың атынан әлемдегі бар жақсылықты тілейміз. Аты жаман вирусты тезірек жеңіп, аман-есен отбасыларыңызға қосылуды Алла нәсіп етсін. Алла сіздерге мықты денсаулық пен имунитет берсін. Алдарыңызға келген науқастар сауығып кете берсін. Өмірлеріңізде қуанышты сәттер көп болғай"