Көшеде бетпердесіз жүру рұқсат етілді
Бұл жолы Жандарбек Бекшин алматылықтарға көшеде маскасыз жүруге болатынын құжат жүзінде бекітіп отыр
Алматылықтарға көшеде бетпердесіз жүруге ресми түрде рұқсат берілді. Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин тиісті қаулы шығарды.
Бекшин Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, адам бір минутта қолын бетіне 3-5 рет тигізетінін айтты.
"Адамдарға жабық ғимараттан тыс жерде бетперде тағу тек ұсынылып отыр. Алайда мұны орындамағандар жауапкершілікке тартылмайды", - деп жазылған хабарламада.
Ал жабық жерлерде бетпердемен жүру шарт. Бұған құлақ аспағандар жауапқа тартылады.
Қай жерде бетперде тағу керек
- жабық ғимараттарда (дәріхана, дүкен, кеңсе, медицина ұйымдары және т.б., сондай-ақ, көлікте;
- вирус жұқтырмаған адам COVID-19-ға шалдығуы мүмкін адамға көмектескен кезде;
- коронавирус инфекциясына ұқсас ауру белгілері пайда болған жағдайда ( дене қызуының көтерілуі, жөтел, түшкіру).
Жандарбек Бекшин 22 сәуірдегі мәлімдемесінде алматылықтарға далаға бетпердесіз шығуға болатынын алғаш рет айтқан болатын. Ол осының арқасында маска тапшылығы мәселесі шешілетінін жеткізді. Бұған қоса, ашық ауада медициналық бетперденің тиімсіз болатынын айтты.
Алайда бір тәулік өткен соң ол бұл сөзінінен бас тартып, жұрт дұрыс түсінбегенін жеткізді.
Енді Жандарбек Бекшин алматылықтарға көшеде маскасыз жүруге болатынын құжат жүзінде бекітіп отыр.