» » Рухани жаңғыру – ой сананың кемелденуі

Рухани жаңғыру – ой сананың кемелденуі

Рухани жаңғыру – қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын, ой-өрісін өзгертетін қозғаушы күш. Елбасы Нұрcұлтан Назарбаевтың мақаласына көз жүгірткен әрбір адам осындай ой түйетіні анық. Қазіргі қоғам көзқарасы қалыптасқан зерделі де, зерек тұлға тәрбиелеуі тиіс. Ол үшін ілім-білімге ұмтылып, жан-жақты жетілген жөн.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының түп мақсаты халыққа арналғанымен, соның ішінде жастарға деген үлесі басым. Неліктен?
Егемен ел болған Қазақстанның алғашқы ұрпағы ат жалын тартқан азамат, елдің тізгінін ұстайтын тұлға боларлық халге жетті. Сондықтан болар аталған мақаланың негізгі көзі жастарға ескерту, олардың көзін ашу, алға жетелеу болып табылады. Мақалада кездесетін «бәсекелестік», «білім», «ғылым», «тұтастық», «ұлттық код» сынды сөздердің жастар үшін маңызы зор. Себебі білімдінің мыңды жығар заманы келе жатыр. Сандық Қазақстанның болашағы өсіп келе жатқан ұрпақтың қолында. Себебі ХХІ ғасырдың ұрпағы сандық әлемге етене енбесе, Кеңестік кезеңнің дәмін татқан буынның икемі бірден келе бермейді. Басты талап меңгеру. Қай жағынан келсе де кез келген саланы жіті меңгере отырып, жұмыс жасау керек. Мақалада көрсетілген орындалуы тиіс міндеттердің бәрі дерлік жастар алдында тұрған міндеттер.
Елбасының бұған дейін де «Қазақстанның болашағы – жастардың қолында» деген сөзі де әлі ықпалын жоғалтқан жоқ. Тіпті бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табатын дана сөз болып қалары анық. Жастардың билікке келуі, олардың сауаттылығы мен ел басқарудағы әрбір міндеттері маңызды рөл атқарады. Шалалыққа бармас үшін әрбір қазақстандық жас осы мақаладағы көрсетілген міндеттер мен тапсырмалар негізінде жұмыс жасауы тиіс.
Бүгінде әлем жасанды санаға негізделіп барады. Яғни әлемдегі байлар мен ең ұлы ғалымдардың ойы барынша адам қимылынсыз жұмыс жасау күшін арттыру. Бұл тек бер жағы ғана. Ғалымдар адам миына жасанды сана орнату арқылы үлкен биіктерге жеткісі келеді. Бұл ғасыр талабы, даму сатысы. Бірақ жан дүниені, рухани өмірді аңсайтындар да жоқ емес. Ол үшін не істеу керек?
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының басты мәні де осында. Мақалада «рухани» және «сандық» деген сөздерге баса мән берілген. Біз сандық Қазақстанды құру арқылы, яғни IT саласын меңгере отырып, жан дүниенің, түйсіктің керектігін ескереміз. Алдағы келе жатқан жаңа дәуірге төтеп беру үшін гуманитарлық бағыттағы салалардың санын көбейтіп, оларға жағдай жасап, жас ұрпақты компьютербасты тұлға болып кетуден сақтаймыз. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының мақаласында атап көрсетілген мәселелер.
Жастардың кітап оқымауы, әлеуметтік желілер арқылы арзан дүниеге алданып алтын уақытын тиімсіз пайдаланатын ұрпақтың өсіп келе жатқаны, әрине, ел ағаларын алаңдатады. Басты себеп дамып жатқан технологияның үздіксіз адам үшін оңай жағдай жасауы. Қазір ешкімнің ауыр дүние көтеріп, жауапкершілік арқалағысы келмейді. Сондықтан осының алдын алу үшін, рухани жаңғырудың, қайта өсудің маңызы зор.
Заман ағынымен бірге көш басында жүру үшін, сол орында қалу үшін екі жақта сананы бірдей меңгеру керек. Жасанды және табиғи сананың ортасын тауып, зор жұмыстар жасауға да болады. Ол үшін, әрине, бағдарламамалауды және кітап оқуды үйрену маңызды. Себебі олар бір-бірін толықтырушылар. Айналып келгенде мақала үлкен дауылдың алдындағы тыныштықтағы ескерту іспетті.
Мақалада: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қаны¬мызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкіл деп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», – делінген.
Расында, жастайынан дін мен дәстүрімізді, тағылымды тарихымызды оқып, сусындап өскен ұрпақ теріс ағымдар мен бізге жат мәдениеттің жетегінде кетпейді. Салт-дәстүрі мен тарихына ерекше мән берген елдің тұғыры биік, іргесі қашанда берік болмақ.
Неғұрлым тұтастыққа жету үшін елді айшықтап тұрған ұлттың танымдық, тәрбиелік маңызға бай әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері қажет. Кез келген халықты өзінің рухани құндылықтары мен ізгі қасиеттері ғана біріктіре алады. Елбасы мақаласында осы ұстанымды айқын көрсетіп берді:
«…Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады…Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу».
Бұл – тектен тек айтыла салған сөз емес. Бұл - бүгінгі өркениетті, озық технологиялы, жаһандық ықпалдасудан, керек десеңіз, түрлі қауіп-қатерден қорғанудың жолы.
Осылайша, Елбасының Қазақстан жұртшы¬лығына ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жаңа дәуір кеңістігіндегі ел тағдырын анықтап, мемлекетіміздің дамуын жалғастыруға, бағыт - бағдарын белгілеуге жаңа кеңістік ашар үшінші жаңғыру дәуірінің іргелі тарихи құжат екеніне көзіміз жете түсті.

Бәукен ӘЛМЕШ,
Қызылорда облысы
Әділет департаменті басшысының орынбасары
03 маусым 2020 ж. 702 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031