» » Жұмылған жұрттан дерт те жеңіледі

Жұмылған жұрттан дерт те жеңіледі


Жаһанды жайлаған кесірлі кесел біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Аурудың алдын алу шаралары дер кезінде қолға алынса да, коронавирус қазіргі басты проблемаға айналды. Дегенмен эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандырып, халыққа қажетті көмекті көрсету үшін қалалық әкімдік тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
       Бір жұтым ауаға зар болып жатқандарды ауру тырнағынан арашалауға жергілікті кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері де үлес қосып отырғанын жеткізе кетейік. Ал, еріктілер осы демеушілер есебінен алынған «Бобров аппаратын» емдеу мекемелеріне жеткізіп беріп жүр. Бұған дейін де 10 аппарат алынып, емдеу мекемелеріне табысталған.
– Егер оттегін адамға тікелей жіберсе, кеудесін күйдіріп жібереді. Сондықтан адам ағзасына қажетті оттегі мөлшерін өткізіп отыратын тыныс алу құрылғысы қажет. Бұл құрылғы оттегі жолдарын ылғалдандырып, қабылдауға дайындайды. Таяуда меценат көмекке берген 2 млн теңгенің 1 млн 600 мың теңгесіне осы аппараттың 10 данасына тапсырыс бергенбіз. Қалған 400 мың теңгесін оттегіге жұмсадық. Бүгін тапсырыс берген аппарат келді. Оны емдеу мекемелеріне өткіздік, – деді еріктілер тобының жетекшісі Ләззат Бақтыбаева.
Еріктінің мәліметінше, қазір облыс бойынша осындай 300 құрылғы және 250 концентратор қажет. Алдыңғысының құны 160 мың теңге болса, кейінгісінің бағасы 500 мың мен 1 млн теңгенің аралығында.  Осы орайда «Сыр медиа» ЖШС 6, ал облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы 4 дана тыныс алу аппаратын алдырып, сауапты іске үлес қосты.
– "Ауылы бірдің – ауызы бір"– деген сөз бар халқымызда. Сондықтан, бір болып қана жеңеміз.  «Сыр медиа» ЖШС атынан берілетін қаражат ол біздің азаматтық, адами борышымыз деп білемін. Қолымыз да барымызбен көмек беруге шақырамын, – деді «Сыр медиа» ЖШС бірінші орынбасары Марат АРАЛБАЕВ
Айта кетейік, қала аумағында коронавирус жедел респираторлы аурулар мен пневманияға байланысты тұрғындар тарапынан шақыртулардың күрт көбеюіне байланысты ағымдағы жылдың 29 маусымынан бастап қала аумағындағы емханаларға қосымша көмек ретінде қала әкімдігіне қарасты 23 қызметтік көлік күнделікті қызмет көрсетуде. Осы уақытқа дейін мобильдік топ өкілдері осы көліктермен мың жарымнан аса шақыртуға барған.
Жауапты мамандар құзырлы органдармен бірлесе отырып, медициналық нысандарға қажет етілетін құрылғылармен қамтамасыз ету мақсатында аталған нысандарды күнделікті бақылауға алып, тиісті жұмыстарды жүргізуде.
Тағы бір айта кететін жәйт, ол дәрігерлер еңбегі. Бұрын тек кинолардан ғана көретін дәрігерлер жанкештілігіне осы жолы өзіміз куә болдық. Осы күні саулық сақшылары 24 сағат 2 ауысыммен жұмыс жасап жатыр екен. Індетті індетпей, қиналғандардың жанынан табылған мамандық иелеріне мың алғыс.
 Жақынымызға да, жатқа да жанашыр болайық!

Көмек бергілеріңіз келсе мына нөмірге хабарлассаңыздар болады: +7 775 000 5082 Ләззат Байқтыбаева

13 шілде 2020 ж. 361 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031