Пандемия – пневмания және ОТБАСЫ
– Жедел-жәрдем шақырайын ба?
– Ауруханаға жатсаң қайтеді?
– Иә, ауруханаға жату керек шығар.
Қалайда жату керек деген ұғымның мықтап санаға сіңгенінен шығар, ауруханада бос орын жоқ, дәлізі де науқасқа толы дегеннің өзінде тамыр-таныс арқылы телефондатып, қызыл лентаны қиып өтіп, аурухана ауласында отырғанды дәтке қуат көретін ағайынның қарасы артқандай. Бұл неден? Бір есептен, үйдегілерге жұқпасын деген оймен ауруханаға асыққан да жөн шығар. Бәлкім оқшауланатын артық бөлмесі жоқ шығар. Бәрін түсінуге болады, бірақ осы ретте бәрінен бұрын отбасының қолдауы, үй ішіндегілердің мейірімі мен махаббаты маңызды екенін баса айтқым келеді.
«Үйде де емделе аласың. Ауруханаға бармай-ақ қой. Әлі-ақ аяққа тұрып кетесің. Сен күштісің» деп дем беріп, үй ішіндегілердің бір-бірінің сауығуына жағдай жасап, дәтке қуат болғаны қандай жақсы!
Науқастың жағдайы жеңіл немесе орташа тіпті орташадан ауыр болғанның өзінде оқшаулайтын басы артық бөлме болса, үйде қалдырып, дәрігердің кеңесімен уақытылы ем-домын жасап, сорпа-суын дайындап, таза ауаға шығарып, жаттығулар жасатып, көңіл күйін көтерсеңіз бұл да – сауығуға сеп.
Бұны айтып отырғаным, аз-маз ауырып тұрған адамды COVID-тің белгілері бар деп ауруханаға апарып, онда рентгенге түсіріп, шала бүлініп, ақырында сол жерде өкпесі таза болып шыққан жалғыз адам сол болғанда ауруханаға келгеніне өкінген адамдар да бар. Сондықтан сабыр сақтау, жақынымыздың ауруынан бұрын бір үйде тұрып жатқан адам ретінде қадірін ұғыну қайырлы болар. Қалай десек те, біз бұл вируспен бірге өмір сүріп жатырмыз. Қай уақытқа дейін өмір сүреріміз белгісіз. Жағдайды қалай бар, солай қабылдау керек. Кез келген жағдай қабылдаған кезде, бір сөзбен айтқанда, мойынсұнғанда жеңілірек болады. Біздің бұдан басқа амалымыз да жоқ.
Қазақтар тұмауды ауру көрмегенмен, тұмаудың өзі вирус қой. Кәдімгі тұмау – ЖРВИ – жұқпалы респираторлық вирустық инфекция. Бұрын мұрыннан су ағып, одан бітеліп, кейде жөтеліп, басыңды айналдырып, орныңнан тұрғызбай, шат-шәлекейіңді шығаратын бұл жұқпалы тұмау қазір бронхтан өтіп, өкпеңе бірден жетіп баратын болды. Мұнымен қоса жай тұмау кезінде демікпе болмайтынын да білесіз ғой. Ел-жұрттың екі өкпесін қолына ұстатып, сұлқ түсіріп жатқан жұқпалы тұмаудан басталатын бұл пневмания баяғы біз білетін бактериялды пневмания емес, дәрігерлердің сөзімен айтсақ, бұл – вирустық пневмания, COVID-тің уақыт өте келе, өзгеріске ұшыраған бір түрі. Бір жақсысы, егер адамның иммунитеті күшті болса, ешқандай антибиотиксіз де сауыға алады.
Үйде бірді-екілі адам ауырғанның өзінде сап-сау шат көңілмен шапқылап жүрген адамдар бар ғой. Тіпті коронавирус дертімен ауырғандармен тығыз қарым-қатынаста болғанның өзінде сау жүрген адамдар бар. Қазір пневмания тұрмақ тіпті коронавирустың өзінің жеңіл және орташа түрімен ауырып, үйде емделіп жатқан адамдар бар. Олардың үй ішіндегілердің сабырына Алла разы болсын, деніне қуат берсін.
Осындай жұқпалы тұмау болсын, не пневмания, не коронавирус болсын, үйде емделіп жатқан адамдары бар ағайын-туысқа, қаймана қазаққа біле жүруге тиісті жағдайлар бар. Ауырып қалуды күтпеңіз, бірақ ешкім алдын ала сақтандырылмайтынын да біліңіз. Тіпті қабаттап масқа киіп, той-томалақ, жаназаға барудан үзілді-кесілді тыйылғанның өзінде қалай ғана ауырып қалдым деп өзі де түсінбей жатқан адамдар бар. Біз енді белгісіз уақытқа дейін осылай өмір сүреміз. Сондықтан вирусқа қарсы антидене қалыптастыруға күш салу керек. Бұл вирусқа өкпе мен иммунитет қана қарсы тұра алады. Енді не істейміз? Түрлі мамандардың кеңесі бойынша төмендегідей топтама жасадық.
Біріншіден, күнделікті таза ауада жүгіреміз, тыныс алу жаттығуларын жасаймыз. Осылайша өкпедегі қан айналымын жақсартып, нығайтамыз. Бұл жаттығулар егер ауырып қалған жағдайдың өзінде аурудың жеңіл өтуіне көмектеседі.
Екіншіден, жеткілікті ұйықтау. Түнгі 23.00-де ұйқыда болу өте маңызды. Түнгі ұйқы кезінде ағза үшін аса маңызды гармондар бөлінетінін әрбір ересек адам жақсы білсе керек. Сол үшін уақытылы ұйықтау керек.
Үшіншіден, құнарлы тамақтану. Тым болмағанда қазір Coca-Cola сияқты пайдасыз суық сусындардан, алкогольдік ішімдіктерден аулақ бола тұрайық. Оның орнына есептеп отырып, ең кемі екі литр таза су ішейік.
Төртіншіден, шаршап-шалдықпауға тырысыңыз. Карантинді артық жүктемеден құтылу деп қабылдаңыз. Ауырып қалам ба деген ойдан аулақ болыңыз. Бұл да миға артық салмақ түсіреді, жөнімен кетіп бара жатқан ауруды «әй, бері кел» деп шақырып алумен бірдей.
Бесіншіден, мүмкіндік болса, дәрумендер қабылдаңыз. Жеміс-жидектер жеңіз. Айран-қатық, саумал, қымыз, т.б. ағарған ішіңіз. Дастарқаныңыздан жуа, сарымсақ, аскөк қосылған көкөністер, түрлі шөп-шалам үзілмесін. Ыстықтадым, өртендім ойбай деп зиянды кондиционердің астында жатқанша күн сәулесінен Д дәруменін қабылдаңыз. Жаздың қызығы кондиционер емес қой.
Дәрігерлер ұсынатын бұл бес пункт аурудың алдын алуға, тіпті ауыра қалғанның өзінде жеңіл өтуге жәрдемдеседі және бір ауырған соң қайта ауырмаймын деген болмайтынын ескерсек, екінші рет ауырмауға сеп болады.
Ауырып тұрдың – аунап тұрдың. Бәрі өтеді, бәрі өзгереді. Есен-саулықта болайық.
Қазір күллі Қазақстан жөтеліп, екі өкпесі қысып, ентігіп, әзер демалып тұрғандай сезіледі.
Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ