» » Қызғылт көл немесе эко-мәдениет

Қызғылт көл немесе эко-мәдениет

 
Көл түсінің қызғылт түске боялуы табиғатта сирек кездесетін құбылыс. Десек те, әлемде мұндай көрікті көлдер баршылық. Австралиядағы Хиллер, Хатт және Қызғылт көлі, Сенегалдағы Ретба көлі, Испаниядағы Торревьеха тұзды көлі, Канададағы Тозаңды қызғылт көлі, Әзірбайжандағы Масазир көлі, Қырымдағы Сасық-Сиваш көлі таңдай қақтырмай қоймайды. Мұндай көлдер АҚШ, Франция, Тунис, Боливия, Мексика сынды елдерде де кездеседі. Бір қызығы, ерекше түске боялатын табиғат туындысы біздің елде де бар. Көл Ақмола облысы, Ерейментау ауданы Өлеңті ауылдық округінің аумағында орналасқа
н.

Көбейтұздың бір ерекшелігі жылына бірнеше рет өзгеріп, қызғылт түспен қатар күлгін түске боялады. Мамандардың айтуынша, көл түсінің өзгеруі ауа райы мен күннің сәулесіне, тәуліктік мезгілге тікелей байланысты. Ал судың қызғылт реңге боялуына тұзды теңіздерді мекендейтін біржасушалы дуналиелла сортаңды су балдыры әсер етеді екен. Өкініштісі сол, Көбейтұз көлі енді ерекше қорғалатын табиғи аймақ саналады. Себебінің салмағы «ауыр». Жыл сайын шетел асып, қиыр жағалайтын халық биыл карантин режиміне орай Ақмола облысына ат басын бұрды. Жай лекпен емес, жаппай ұмтылды. Көпшілік жерде «асқан» жауапкершіліктің болмайтыны белгілі, көп ұзамай көл жағалауына тұрмыстық қоқыстар жиналды, аймақта уақытша құрылыс көбейді. Ең жаманы, ел ондағы табиғи тұзды рұқсатсыз алып кететінді шығарды. Осы жағдайға байланысты Қазақстанның Экология министрлігі көлге келушілерге заңға сәйкес тиісті әкімшілік жаза бар екенін ескертті. Мамандардың айтуынша, табиғаттың ерекше құбылысына залал келтіру мен кейбір адамдардың қара батпақты қазып алуы келешекте көлдің суалуына, тіпті кейіннен жойылуына да әкелуі мүмкін екен.
Бұл жөнінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter-дегі парақшасында: "Демалыс орындарында азаматтарымыздың жаппай мәдениеті жетіспейді. Отандастарымыздың бірегей "қызғылт" Көбейтұз көліне келтірген залалы наразылық тудырады. Осы жағымсыз фактілер өскелең ұрпақты экологиялық тәрбиелеудегі проблемаларды айқындап берді. Білім, экология, ақпарат министрліктері бұл міндетті басым бағытта ұстануы керек" деп жазды.
Ал көлдің ерекше қорғалатынын айтқан ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жақында келесідей мәлімдеме жасады.
‒ Экологиялық бекеттер құру жоспарлануда. Бірақ осы бірегей көлге құмартатындар саны артуда. Демек, жалпы алғанда, ең алдымен, азаматтарға мұндай жерлерде жүріп-тұру ережелерін түсіндіру және эко-мәдениетті көтеру, тұзды өзімен бірге алып кетуге болмайтынын, оның ешқандай емдік қасиеті жоқ екенін, ал көл туристердің осындай әрекеттерінен жойылып кетуі мүмкін екенін түсіндіру қажет. Сондай-ақ біз қоғам белсенділерін, экологтарды, эко-белсенділерді осы жұмысқа жұмылдырмақшымыз",‒ деді ол.
Көбейтұздан бөлек елдегі басқа да табиғи нысандағы жағдайлар көңіл алаңдатады. Мәселен, Алматыдағы Бурабай немесе Первомайский тоғанындағы оқиғалар немесе Қызыл кітапқа енген лотос гүлін жұлып алу жағдайы да ведомства өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүктеуде.
‒ Бұл үшін бүкіл қоғамның бірлескен күш-жігері қажет. Жоғарыда айтқанымдай, бәрі бала кезден бойға сіңірілу керек. Сол себепті де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерде экологиялық мәдениет пәнін енгізуді ұсынды", ‒ дейді министр.
Жоғарыдағы жағдайдан түсінгеніміздей, бүгінгі ахуал эко-сауаттылық, эко-мәдениет ұғымын жиі насихаттауды қажет етеді. Әйтпесе табиғат туындысын қызықтаймын деген тұрғындар жер байлығын құрдымға кетіруі ғажап емес...
Осы орайда айта кетейік, жақында қоғам қайраткері, журналист Арман Хайруллин 2021 жылды «Экология жылы» деп атауды ұсынды. Елдегі экологиялық жағдайдың мәз емес екенін алға тартқан атыраулық экологтың бұл ұсынысын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева да қолдады. Демек қоршаған ортаның тазалығына баса назар аударатын уақыт енді жеткен тәрізді...
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
06 тамыз 2020 ж. 433 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031