Пандемияға қарамастан, автоХҚО қызметіне деген сұраныс саябырламай тұр
Елімізде жыл басынан бері автоХҚО-да 1,7 миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді . «Азаматтарға арналған үкіметтің» ресми мәліметіне сәйкес биылғы жеті ай ішінде Қазақстанда жүргізуші куәлігін беру және ауыстыру бойынша 400 мыңнан астам қызмет, ал көлікті тіркеу бойынша 1,3 миллион мемлекеттік қызмет ұсынылған.
Бұл орайда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрайымы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, былтырғы жылға қарағанда биыл egov.kz арқылы алынған онлайн қызметтердің саны артқан. «Бұл үрдіс азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға оң әсерін тигізгені анық. Мәселен, биыл электрондық портал арқылы 145 мыңнан астам адам жүргізуші куәлігін ауыстырса, 90 мыңға жуық кісі көліктерін онлайн түрде қайта тіркеген», - деді ол.
Бүкіләлемдік пандемия салдарынан жарияланған төтенше жағдай мен карантиндік шектеулерге, соның ішінде халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс уақыты қысқарғанына қарамастан, қазақстандықтардың автокөлікке қатысты қызметтерге деген сұранысы өте жоғары. Айта кетсек, биыл жүргізуші куәлігіне қатысты қызметтердің саны былтырғы жылға қарағанда 70 мыңға өскен, ал көлікті қайта тіркеу бойынша қызмет небары 150 мыңға қысқарды.
Бұл тұрғыда еске салайық, елдегі карантиндік жағдайға байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алу үшін алдын-ала брондау арқылы кезекке тұру қажет. «ХҚО-ға кезекті брондау қызметі тегін және ресми түрде egov.kz порталы, телеграм және 1414 байланыс орталығы арқылы ұсынылады. Бұл орайда алаяқтарға алданбауларыңызды сұраймыз», - деп ескертті Әсемгүл Балташева.
Қазіргі таңда аймақтардағы бас санитарлық дәрігерлердің шешімімен халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс тәртібі біртіндеп ұзартылып жатыр.