» » Жақсы әке деген кім? Жаман әке деген кім?

Жақсы әке деген кім? Жаман әке деген кім?

 
Әкенің қоғамдағы рөлі қандай? Әке тәрбиесі деген не? Әкеге қарсы сөйлеп, әкемен бірге сыра ішетін буын қалай пайда болды? Әкеге жұдырық көтеретін жасөспірім ше? Көбіне әкенің емес, ананың сөзіне басымдық берудің себебі неде? Неліктен бала әкеде емес, анада қалуы тиіс? Осы және өзгеде сұрақтар кеше облыстық жастар ресурстық орталығында талқыланды.
Өңірімізде алғаш рет өткізілген "Әке – асқар тау" тақырыбындағы І әкелер форумы отбасы күніне орай ұйымдастырылды. Тағылымды шараға Сыр өңірінің абыз ақсақалы, қаламы қарымды жазушылардың бірі Сәпен Аңсат, белгілі дінтанушы Бахтияр Оспанов, айтыскер ақын Нұрмат Мансұр мен жас кәсіпкер Мағжан Ералиев қатысты. Алғы сөз облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Қуантқанұлына берілді.
– Бұл шара Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің бастамасымен жүзеге асты. Спикерлерді де өздері іріктеп, бейнероликтерді де өздері түсірді. Бұл тақырып өте ауқымды. Әке тәрбиесінің өзіндік ерекшелігі көп. Форумның мақсаты – қоғамдағы әке рөлін күшейту, жасөпірімдерге отбасы құндылығын дәріптеу, – деді Қ.Жанұзақов.

Форум алдында арнайы түсірілген бейнероликте сауалнамаға жауап берген жастардың дені анасының рөлі басым екенін айтыпты. Қаражатты анасынан алатынын, көп мәселеде анасымен ақылдасатынын жасырмайды. Әкенің қадірін білетін, көп уақытын бірге өткізетін жастар санаулы ғана болып шықты. Бақсаңыз, әкенің тілін алмайтындар да бар. Тіпті әкесімен жанжалдасып, арты жұдырықтасуға баратын сәттерді де естіп жатамыз. Бұрын әкенің көзінше шылым шекпейтін бала бүгінде әкемен бірге шарап ішетін деңгейге жетті. Кім, қай жерден ағаттық жіберді? Әлде "табыс тауып, отбасын асыраймын" деп талпынып жүргенде тәрбиеге көңіл бөлінбеді ме?
Отбасында үлгілі әке, қоғамда орны қалыптасқан, ел қолдайтын, жастарға өзіндік айтар ойы бар азаматтар әдемі әңгіме өрбітті. Отбасы құндылығы, бала тәрбиесі, соның ішінде әке рөлі мен әкеге деген сүйіспеншілік тақырыбын түрлі саладан қонақ ретінде келген қатысушылар да кеңінен қозғады. Форумда спикерлер бала тәрбиесін басты орынға қоюға кеңес беріп, қоғамдағы әке рөлін бірлесе күшейтуге шақырды.
 
 – Менің әкем 8 жасымда қайтыс болған. "Әкем қандай болды, әкеден қандай тәрбие алдым, әкенің қоғамдағы рөлі, әкем мынадай тәрбие беріп еді" деген ештеңе айта алмаймын. Әке образын аша алмаймын. Дегенмен өзім балаларымның бірде-бірін жұмысқа тұрғызу үшін біреуден жұмыс сұраған емеспін. Әрқайсысы өзі білім алды, өзі жұмыс істеді. Одан жаман болған жоқ. Немерелерімнің болашақта қандай болатынын білмеймін, бірақ балаларымның тәрбиесін өз қолыма алдым. Енді олар өздері алған тәрбиені балаларына береді деген ойдамын. Үйде күнделікті тамақты барлығымыз дастарқан басында ішеміз. Таңғы аста "кімнің қандай жоспары бар, не істейді, кіммен сөйлеседі, қайда барады т.б. Мұның барлығы талқыланады. Ал кешкі дастарқанда күнінің қалай өткенін сұраймыз. Өзімнің істеген жұмысымды ешкім сұрамаса да айтып отырамын. Себебі осы үлгі қалыптассын деймін. Осылайша олар ойланбай әрекет етпейді, бір шешім қабылдар кезде отбасымен ақылдасып істейді. Меніңше, әке жақсы ұл, ибалы қыз өсіруге міндетті, – деді Сәпен Аңсатов.
Сөз орайында журналист Нұрбек Бекбаудың фейсбук парақшасындағы "Қандай әкесің?" деген жазбасында үлкен мән бар екенін айтайық.
«Қандай әкесің?». «Иә, бірден «жақсы әкемін ғой» дейсіз... Иә. Салыстырмалы түрде жақсы әкеміз. Бірақ кіммен салыстырғанда? Баласына назар аудармайтын анау Әнуарбекке қарағанда жақсырақ әке сияқтымыз. Бірақ... Неге нашарлау әкені мысалға аламыз? Себебі оның фонында жақсы әке көрінеміз. Солай өзімізді алдаймыз. Ал, салыстырады екенбіз, неге ұлын жанынан тастамайтын Расулмен салыстырмаймыз? Өйтсек, әке рөліміз орта деңгейден де төмен болып қалады-ау, ә?!
Енді тағы өзіңе сұрақ қойшы. Мен қандай әкемін? Ең-ең мықты әкелермен өзіңді салыстыршы. Нашарлау болып тұрсың ба? Бұлай болмайды. Бар да, балаңа уақыт бөл. Ертең бізден оларға «әкем осындай еді» деген естеліктер ғана қалады. Сенің солар үшін таңнан қара кешке дейін офисте отырғаның дым да естелік емес. Жақсы әке болайықшы?! Бар мәселе осы жақсы әке бола алмауымыздан шығып жатқандай көрінеді...», – деп жазады журналист.

– Алмас Алматов болашақта әке туралы кітап шығаратынын айтқан еді. Оған әкеден көрген тәрбиесін, өсиетінің барлығын жазғысы келеді. Алмас бір әңгімесін айтып берген. Соны сіздерге де айтайын. "6-7 сынып оқып жүргенімде әр жерде терме жыр айтамын. Сонда бір кісі маған қол сағат сыйға тартқан. Соны тағып мектепке барамын, бір сөзбен айтсам, қайда барсам да тағып жүремін. Бірде өзімнен үлкен ағам отырысқа тағып баруға сұрады. Мен бермедім. Сөйтіп екеуміздің таласып отырғанымызды әкем көрді де өтіп кетті. Кешкісін қасына шақырып алды. "Не болды" деп мән-жайды сұрады. Мен барлығын айтып жатырмын. Бір кезде "жақында" деді, тіземе тізесін тигізіп отырғызды. Қолымды алып көйлегімнің жеңінен шымшыды. "Батады ма?" деп сұрады. Мен "жоқ" дедім. Сосын көйлекті түріп қойып, қолымнан шымшыды. Ауырғаны сонша жаныма батып кетті. "Ауырады ма? деді". "Иә" дедім. Сонда айтты: Балам терінің астында не бар, сол сенікі. Ал терінің сыртындағы нәрсені уайымдама. Ол "жоғалып та қалады" деді. Бұл 6 сыныптағы балаға беріп отырған тәрбиесі. Ер адам тұрған жерде береке болатынын білдірді.
Қызылорданың қызы шешен жігітке тұрмысқа шығады. Араларында екі ұл бар. Ажырасып кеткен соң Шешенстан Республикасына әкесі ұлын алып кетеді. Анасы Рамзан Қадіровқа хат жазады. "Мен Қызылорда қаласында тұрамын. Әкем осында қайтыс болған. Менің баламды алып кетті. Біздің елде бала анасының қасында болады. Заңымызды құрметтеп, баламды елге жіберуіңізді сұраймын" дейді. Ол жігітті тауып алады. Келіншекке елге қайтару үшін екі шартым бар. Бірі Шешенстанды жамандамайсың, екіншісі, балаға әкесі туралы жаман нәрсе айтпайсың" дейді. Бұл шартпен келісіп, балаларын алады. Дегенмен балалары анасына 15-16 жасымда әкемнің қасына кетемін, сіз қарсы болмайсыз. Сізді сыйлаймыз, жақсы көреміз. Бірақ әкеміздің қасында болғымыз келеді" дейді. Бұл – баланың әкеге деген махаббаты, – деді ақын Нұрмат Мансұр.
Атақты «Абай жолы» романында мынадай бір тағылымды эпизод бар. Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әкесінің үйіне күн кешкіре жетіп жығылған он үш жастағы шәкірт Абай аттан түскен бетте анасына қарай бет алады. Сонда байсалды Ұлжан: «Әй, балам, анда әкең тұр, әкеңе барып сәлем бер», – дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай жалт бұрылып, әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі. Ұлы жазушы М.Әуезов мұны халықтың жүрекке жылы, тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, оның тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағандықтан да келтіріп отырғаны анық.
   
– "Әке" ұғымы әркімнің санасында әр түрлі қалыптасқан. Бақсаңыз, әйел құқы қорғалған. Еркектің құқы қорғалмаған. Баланың әкеде емес, анасымен тұруы міндеттелген. Сондай-ақ ажырасу да көп. Бізде "ішке сыйға бала сыртқа да сыяды" деген түсінік басым. Осы жерде ажыраспау керегін ешкім айтпайды. Осындай мәселелер бар. Бұл бір жақсы шешілмейтін мәселе.
"Ертеде бір ғалым баласын шақырып алып: "Балам, айтшы, кім күшті? Мен бе, сен бе?" деп сұрапты. Баласы: "Әке, мен күштімін" депті. Әкесі ренжіп, қайтара сұрапты. "Балам, сен дұрыс естімей қалған шығарсың, шынымен сен күштісің бе?" депті. Баласы: "Әке, бірінші сұрағаныңызда естігенмін, мен жаспын, күштімін. Несіне сұрай бересіз" дейді. Таң қалған әкесі есіктен шығып бара жатып: "Мен ғалым, ғұлама кісімін ғой" деп тағы сұрайды. "Балам, ойландың ба, кім күшті?" дейді. "Әке, сіз күштісіз ғой" депті. "Мынау ойнап тұр ма, түсінбедім ғой" деп, неге олай айттың деп сұрайды. "Әке, екі рет сұрағанда сіз менің қасымда тұрдыңыз. Әкесі қасында тұрған баладан мына өмірде кім артық? Үшінші рет сұрағанда сіз менен алыстап кеттіңіз. Мен табанымның астынан топырақ кеткендей өзімді әлсіз сезіндім. Сондықтан солай жауап бердім, ақиқаты осы депті.
Қазір адамдардың арасында "Балам, абайлап жүр" десе, "Әке, сіз абайлап жүріңіз. Мен тек сіздің ізіңізбен келе жатырмын. Сіз құламасаңыз, мен құламаймын, сіз адаспасаңыз, мен адаспаймын" дейтін көрінеді. Отбасыға көңіл бөлу бізге жетіспей жатыр. Қазір отбасындағы тәрбиеден гөрі әлемжелідегі тәрбиеге көп көңіл бөлініп кетті. Миллиардтарды тәрбиелеп, оларды ақыл айтып басқарғысы келеді. Бірақ әкесінің ақылын естігісі келетін балалар көп.
Пайғамбарымыз с.ғ.у. кешкі асты әке-шешеңмен бірге іш, солардың көңілін жабырқатпай, жақсы әңгімелер айт. Хал-жағдайын біл. Солардың жүрегін басып, солардың қасында ұйықта. Бұған кіші қажылықтың сауабындай сауап жазады делінген. Біз кешке қарай жолдас балалар келіп еді дейміз. Кеш болса болды, сырттан тамақтанғымыз келеді. Бұл ойымыздың бәрі сыртта екенінді дәлелдейді. Қымбат жерде тамақ ішкенді абырой санайтын күнге жеттік, – дейді Б.Оспанов.
"Әкені қадірлей білейік, өзіміз де жақсы әке болайық" деген пайым мен парасат биігінде өткен бұл жиын қатысушыларға жақсы әсер қалдырды деген ойдамыз.
Мөлдір САБЫРЖАН
09 қыркүйек 2020 ж. 2 070 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031