Ғалымдар тіс пастасы не себепті қауіпті екенін анықтады
Америкалық ғалымдар тіс пастасының құрамында кездесетін Е171 титан диоксиді екінші топтағы қант диабетін тудыратыны жөнінде қорытынды жасады, деп хабарлайды Корреспондент порталы.
Техасс университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу мәліметтері бойынша, тіс пастасының құрамында кездесетін Е171 титан диоксиді екінші топтағы қант диабетін тудыруы мүмкін. Олар диабетке шалдыққандар санының күрт өсуін құрамында Е171 кездесетін тіс пасталары мен косметиканың жаппай шығарылуымен байланыстырып отыр.
Мамандар бұл болжамдарын 11 адамнан тұратын топта жүргізген зерттеулерінің көмегімен растап отыр. Ол зерттеу нәтижесіне сәйкес, сегіз адамның талдауларында титан диоксиді кездескен және олардың барлығы диабеттің екінші түрімен ауырған.
Ендігі ретте, ғалымдар жоғарыда аталған зерттеуді адамдардың үлкен тобында жүргізуді жоспарлап отыр.