Саят Медеуов Роза Рымбаеваға қарсы шықты
Қазақстанның Халық артисі Роза Рымбаеваның әнші Ернар Айдарға қаратып айтқан сыны өнер иелерін бей-жай қалдырмады. Кішіпейілділігі мен қарапайымдылығының арқасында қарапайым халықтың ғана емес, өнердегі аға буынның да жүрегінен орын алған Ернарды әріптестері жақтап сөйледі. Мақпал Жүнісова бастаған өнер майталмандары Роза Қуанышқызының пікірімен келіспейтіндерін жеткізді.
Отандық танымалдар бұл туралы 31 арнаның “Айта берсін” бағдарламасында айтқан, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.
“Басы-қасында болмағаннан кейін ештеңе айта алмаймын. Дегенмен Роза апамызға да ешқандай қарсылығым жоқ, Ернар ешқандай байқауға қатысып жатқан жоқ. Бірақ халықтың алдында қолынан келгенше өнерін көрсетіп жүр. Ернар Айдар егер әнші болмаған күнде, халық неге оны жақсы көреді? Себебі халыққа жағымды, халық тыңдағысы келетін әндерді орындайды.
Артымыздан еріп келе жатқан інілеріміздің, бауырларымыздың бетіне бағатындай нәрсе көріп тұрған жоқпын”, – деп пікірін білдірді Мұқасан Шахзадаев.
Саят Медеуовтің де пікірі осыған ұқсас. Әншінің айтуынша, өнерде жүрген тұлғалардың басым дені тойға барады. Тіпті, Роза Қуанышқызының өзі де.
“Шынымды айтайын, мен ол кісінің пікірі жайлы оқыған жоқпын. Бірақ енді неге Ернар деп бөліп айтқанын түсінбедім. Той-томалақта жүрген әншілердің ішінде мен де бармын. Оның ішінде Мақпал апамыз да, “Музарт” тобы да, тіпті, соны айтып отырған Роза апамыздың өзі де бар. Тойдың әншісі деп бөлуге болмайды. Олай айтқан дұрыс емес шығар. Байқауға келмейтін әнші десе, мүмкін келісетін едім. Ал енді тойдың әншісі дегенге келіспеймін. Ол кісі Ернарды тыңдап көруі керек шығар. Жалпы алдыңғы буын көңілі толмайтын әншілерді шақырып алып, сынақ өткізуі керек шығар?! Сол жерде тыңдап, “тірі дауыста ән айта алмайды” деп әншінің өзіне айту керек шығар?!” – деп ұсынысын білдірді ол.