Джимми Асылжан
Асылжан Омаровтың алғаш рет Жаңақорғанда бір шарада ән айтқанын көргенмін. Ол арнайы шақырылып, жастардың қалаған әндерінің бәрін түгелімен айтқан еді. Асылжанның өзгелерден ерекшелігі, әнді қай тілде болса да еркін айтып шығуында. Ал дауысы тыңдарманның жүрегін жаулап алады. Ғаламтордың күшімен танымал болатындар жетерлік. Десе де атаққа жету үшін тамыр-таныс, продюссерсіз қиын. Ал Асылжан бұл сынның бәрінен өтіп, жанды дауыста ән айтып жүр.
2015 жылы "Әйел бақыты" бағдарламасы ғаламтор арқылы танылған жұлдыздарды шақырған. Бұл Асылжанның алғашқы эфирі, алғашқы сұхбаты болды. Ал бүгінде әншілікпен бірге актерлік қырынан танылып жүр. "Күлпәштің хикаяларын" көрмейтін адам жоқ шығар. Ал жерлесіміз Күлпәштің хикаяларында ойнады. Ютубтан "Қазақтың Джиммиі" деп терсеңіз, қызылордалық Асылжан Омаровтың қоңыр дауысын естисіз. Енді трактористің қалай әншіге айналғаны туралы өзінен сұрайық. Ол 10 жыл тізгіндеген тракторын неге сатты?
Арман қуып Алматыға келдім
"Армансыз адам, қанатсыз құспен тең" деген керемет сөз бар. Бәріміз де арманмен алға ұмтыламыз. Арман бізге шабыт береді. Мен де арман жетегімен Алматыға келдім. Мұнда келгендегі басты мақсатым өнерге бет бұру болды. Алатауды алғаш көргенде қалаға ғашық болдым.
Қазақтың Джиммиі
Маған бұл атақты халық берді. Өзіңіз де білесіз, мен ғаламтордың күшімен танылғандардың бірімін. Бір туған күнде шиелілік ақын Мейірбек Сұлтанхан менің гитарамен айтқан әнімді ғаламторға жүктеді. Бір қызығы, сол видео ғаламторға жүктелген соң бір-екі сағаттың ішінде 2 миллион қаралым жинады. 2015 жылы мұндай қаралым жинау дегеніңіз, әй-қайдам... Ал әнші Сәкен Майғазиев өзінің инстаграмындағы парақшасына салды. Бұл да оқылым арттырды. Видео жарияланды, бір күннен кейін Ләйлә Сұлтанқызы бағдарламаға шақырды. Адамдар мені көргенде "Мынау Джимми ғой" дейтін. Мен үнді әнін орындаймын, өзім де қазақтың қара баласымын. Сондықтан да осылай атаған болу керек.
Алтын дауыс
Түгіскен аудандық мәдениет үйінде концерттерде ән айтып жүрдім. Бірде мәдениет үйінің қызметкерлерімен бірге ауданаралық жарысқа қатыстық. Өзгент совхозында өткен байқауда біздің команда бас жүлдені иемденді. Ал маған композитор Рамазан Тайманов "Алтын дауыс" атағын берді. Ол кісі дауысымды ұнатып, қалаға шақырды. Мен жүрексіндім де тартынып қалдым.
Әркім өз ісімен айналыссын
Гитараны қалай үйренгенімді өзім де білмеймін. Маған арнайы "былай тартасың" деген адам болған жоқ. Бала кезімде сыпырғышты ұстап алып, ән айтатын көрінемін. Соны құрдастарым әзілдеп әлі күнге дейінайтады. Баян, домбыраны ән ырғағына қарай тартамын. Музыкадан арнайы білімім жоқ. Мен қалай тыңдаймын, солай айтамын, біреуге үйретемін дей алмаймын. Мектеп ашып, шоу бағдарлама жасау де мақсатым емес. Оған білімім жетпейді. Әркім өз ісімен айналысса жақсы. "Шымшық сойса да қасапшы сойсын" деуші ме еді. Мен де сол пікірдемін.
Күлпәштің хикаялары
Шиеліде бір тойда Берік Тұрсынбеков көріп қалдым. Әңгімелесіп, телефон алмастық. Таныстығымыз осылай жалғасты. Мені көргенде " О,о Джимми" деп қуанды. "Сен мына дауыспен жатпауың керек" деп маған күш беретін. Екеуміз тойларда жиі кездесіп, телефонмен сөйлесіп жүрдік. Бірде фильм түсіретінін айтты, маған да ұсыныс жасады. Қабылдап, бір эпизодына түстім.
Барған жерде Джиммисіз қайтпаймын
Мені көргендер "Сенің дауысың әдемі, өзге тілде керемет айтасың" деп жатады. Содан соң жаттап алғанмын. Мен әнді қалай тыңдадым, солай айтамын. Мәселен, Джимми мен Инталли сұранысқа ие. Халыққа осы әндерді айтқаным ұнайды. Бір кісілер "өзге ән айтпайсың ба?" деп сынап жатады. 200-ге тарта ән білемін. Дегенмен сұраныста сол екеуі. "Қамажайды айтшы" дейтіндер саусақпен санарлық.
Тракторымды саттым
2010 жылы шаңырақ көтердім. Ол кезде комбайн айдадым. Ақша жинап, трактор сатып алдым. Сөйтіп тракторист болып шыға келдім. Кейін шиелілік Сардар деген кісі хабарласты. Туыстығымыз жоқ, тіптен танымаймын да. Бірақ жомарттығына ризамын. Мені Уәлибек Әбдраймовпен таныстырды. Шиеліде танысқан біз Қызылорданың аудандарын аралап, гастролді сапардан бір-ақ шықтық. Маған дайындықтың қажеті жоғын айтып, өздерімен бірге алып жүрді. "Биыл үлгермейміз, келесі жылы Шаншарға шақырамын" деді. Сөйтіп Шаншарға да қатысқаным бар.
Төрт ұл, төрт қыз
Бір үйде ағайынды сегізбіз. Барлығымыз аспапта ойнаймыз. Бірақ кәсіби маман емеспіз. Әнді жақсы шырқаймыз, өнерге жақынбыз. Әкем "әнші болсаң арсыз боласың" деген соң, қарсы шықпадық. Қай кезде де әкемнің дегені болады. Одан асып түспедік. Әкем әнші болғанымызды қаламаған соң музыкалық білім ала алмадық. Ал қазір тракторды сатып, ән айтқандағы мақсатым әкеге қарсы шығу емес, халық сұраған соң қуана ән шырқап жүрмін.
Мөлдір САБЫРЖАН