АЙ-НҰРЫМ ЖӘНЕ АЛТЫН ТИЕК
О́tken kúnde belgi bar
Қармақшы жерінде дүниеге келген жанның бойында өнерге деген ерекше құрмет болады. Себебі бұл – өнер қонған өлке. Қорқыт баба қобызының сарыны құлағыңа кеп, жүз жыраудың мақам-сазы әуеде қалықтап, батырлар мінген тұлпар дүбірі еміс-еміс естілетіндей... Қасиетіңнен айналдым, туған жер!
...Жаз айы болатын. Анам көрпеше көктеп отырған. Есіктен бір хор қызы кіріп келді. Басында қызыл түсті әдемі құстың қанатындай майысып тұрған шляпы, үстінде сары төгіліп тұрған көйлек. Бұл – біздің Айнұр екен... Қуанып кеттім. Өз көзіме өзім сенбей құшақ жая жүгірдім. Айнұрда соны күткендей құшақтап алды да, бетімнен сүйіп: «Жаным, сені сағынып қалдым» деп жатыр. Айнұр екеуіміздің арамыз тура бір мүшел, одан 12 жас кішімін. Ол мені жасымнан бағып-қаққан соң дүниедегі ең жақын жан болатын.
Анам да Айнұрдың келгеніне қуанып тұрғанымен, сәл кідіріп, «Мама, қалайсыз, жақсысыз ба?» деген Айнұрдың сәлеміне: «Жақсымыз, шүкір, жай жүрсің бе?» деп қарсы сұрақ қойды. Бұл сұрақтың қойылатынын білген Айнұр: «Сендерді сағынып кеттім» деді де, анамның мойнына асылды... Анам Қатиманың былай сұраған себебін мен бала болсам да сезіп отырмын. Себебі, Айнұр сол жылы тұрмысқа шыққан еді. Екі-үш күннен кейін күйеуі келіп, Айнұр ауылына қайтып кетті. Бұл 1997 жыл болатын. Одан кейін біз Айнұрды көрген жоқпыз. Айнұрдың күйеуі шиелілік гармонмен ән айтатын Рахматулла Жолтаев болатын. Көбіне оны сол кезде қатарлары «Нартай» деп атайтын. Кейіннен Айнұр дүние салған соң, ол тағы шаңырақ көтерді. Көшеде кездессе, сәлем де бермейтін болды. Жә, жарайды, бұл өмір ғой. Әңгіме мұнда емес. Тек есімде ерекше қалған сол жылды ұмыта алмаймын. Ол айдынымен қоштасқан аққудай болды...
Айнұр өте елгезек, ер мінезді, ойлаған жұмысын орындамай қоймайтын қайсар қыз еді. Ел ішінде оны Қали Шыңғысов аға айтқандай, «Қасқыр қыз» дейтін еді.
Біздің үйде күнде базар, күнде той болатын. Ата-анамызда ол кезде жас. Кеше ғана марқұм болған әкем Бостан Махантайұлы (1946-2020 ж.ж.) Қармақшыда ПМК-2, РТС мекемелерінде кран айдап, колхоз-совхоздарда жем шығаратын, бидай өңдейтін агрегаттар салып, құрылыс саласында өзіндік қолтаңба қалдырды. Анам Қатима Ібірәшқызы аудандағы наубайханада меңгеруші болып жұмыс жасады. Көрші-көлем, туған-туыстарға тәттісін, ұнын, шекерінтасып, көмірін түсіріп беріп, батасын, алғысын алып, риза қылып жүретін (Ол кісілер мамамның жақсылығын әлі күнге дейін айтады). Көңілі бай кісілер күнде қонақ жайғайтын. Ақын Қали Шыңғысов, Шәмшат Төлепова, Бидас Үрістембеков, Сәнтөре Пірманов, Бейбіт Ахметов, Қуан Байқожаев секілді кісілердің қарасы үзілмейтін. Қали көкеміз қызықты әңгімелер айтып, жан-жағын күлкіге қарық қылатын. Шәмшат апай терме-толғаулардың бірінен соң бірін төгетін. Сәнтөре ағайдың дауысы зор, шабыттана өлең оқыса, Бидас ағай қобыз сарындас үнімен жыр жырлайтын. Бейбіт Ахметов сырнаймен құйқылжытып ән айтатын. Міне, осының бәрін біз тыңдап өстік... Әрине, Айнұрлар қызмет жасап, орталарында отырады, біз баламыз ғой, келесі бөлмеде тамашалап отырып, ұйықтап қалатынбыз. Хан күткендей күтіп, қонақтардың шашбауын көтеріп жүрген әке-шешемнің қуанышында шек болмайтын. Бидас ағай «Көрұғлы» дастанын жырлағанда ішіндегі кейіпкерлер Ғажденбек пен Раушанбекті сол кісілердің туыстары ма деп ойлайтынмын және күні бүгінге дейін солай ойлап, ертегідей сеніп келдім. Бала кезден тыңдап өскен соң, жыр-дастандарды сол кісілердің айтуы бойынша жаттап өстік. «Қазіргі уакытта жырды тыңдайтын адам жоқ» деп жатады. Жырды тыңдата білу үшін адам өзінің отбасы, ошақ қасынан бастау керек деп ойлаймын. Өйткені әкеміз қара жұмысшы болғанмен жыр айтып, жаттамаса да соған құмарлығы, жырға деген махаббаты күшті болғандықтан, ырыммен үйіне жырау әкеліп жырлату арқылы балаларының бойына сіңіріп, арман-мақсатына жетті. Әйгерім апам да Айнұрға еліктеп өсті. Бүгінде Айнұрдың ізін жалғастырып келеді.
Біз бәріміз өнерге жақынбыз. Соның бәрі – әкемнің арқасы.
Айнұр 22 жасында, 1997 жылдың 17 шілдесінде жол апатынан қайтқанда қайғырып, күңіренбеген пенде болмады. Небары жиырма екі жасында республикаға танымал болып үлгеріпті. Ақын Қуан Байқожаев Айнұрдың қазасына қайғырып, қара жамылып, сенер-сенбесін білмей есеңгіреп, үш күн үйде отырды. «Шын, нағыз өнер иесі өмірден өтті» депқатты қайғырды. Ол кісі ішкі қимастығын, сағынышын, өкінішін «Гүл солды» деген өлеңімен жеткізді. Қали Шыңғысов ағамыз ата-анамның қасында болып, басуайтып отырды. Ол кісініңде Айнұрға арнаған өлеңдері өте көп.
Айнұрдың үйде ешкімге айтпай, үйірмеге тығылып қатысып жүргенін байқап қойған шешем: «Бармай-ақ қой, қыз балаға жараспайды» деп қарсылық білдірген. Ол оны тыңдамай, қашып-пысып, сол үйірмеге, әйтеуір уақыт тауып баратын-ды. Ұстазы Бидас Үрістембеков шәкірті Айнұрды еске алғанда оның ерекше қабілетін, қағілездігін, құймақұлақтығын, мақамды тез қабылдап, өлеңді тез жаттайтынын, ыждағатты, ұқыптылығын тамсанып айтатын. «Бір күні қарасам, бір орыс қыз кеп отыр екен» деп бастайды әңгімесін Бидас ағай. «Орыс қыз» деп отырғаны біздің Айнұр ғой. Домбыра тартысы ерекше, бүгін үйретсең, ертеңіне азанмен жаттап келеді екен. Баланың ерекше қабілетін байқаған ұстазы күрделірек шығармалар бере бастаса, оны да қағып алады. Аз ғана уақыттың ішінде «Көрұғлы» дастанын сала-сала бойынша жаттатып, тұтас бір кітапты бітіртіпті. «Болатын бала жастайынан белгілі екен ғой, – дейді көзіне жас алып шашасына шаң жұқпаған жыр тұлпары Бидас ағай. – Өмірінің аз екенін біліп жүретіндей бәріне үлгеріп, жаттап алатын еді. Жанып тұратын, мінезді еді».
Айнұр тәтем студент кезінде ауылға келсе, керемет той болатын. Мен кішкентайымнан Айнұрға бауыр басып өстім, қасынан бір елі қалмайтынмын. Каникулға шыққанда қасына алып кетіп, Қызылордаға апарып қыдыртатын. Сол кездегі құрбыларымен жиналып отырып, жатақханада концерт қоятын. Ақерке Өтепбергенова, Майра Сәрсенбаева, Мариям Кетебаева бастаған құрбылары көп еді. Достарының көбі ер балалар болатын. Бәрі ауылдағы үйге қыдырып келіп, әке-шешеме, туған-туыстарға шағын концерт жасайтын. Ол кезде қызық еді мұның бәрі. Аптаның аяғы болса, оларды бүкіл ауыл күтіп отыратын. Айнұрлар келгенде жыр, терме, ән-күйдің бәрі бар, құтты бір театр көшіп келгендей әсер алатынбыз.
Ол көпшіл болатын. Өнердегі көптеген кісілермен араласып, өзіндік орнын қалыптастырып кеткен екен марқұм... Елена Мәжитқызы, Арнұр Көшеней, Амандық Қуандықұлы, Берік Саймағамбетов, Ұлжан Байбосынова, Ақмарал Ноғайбаева, Шолпан Бейімбетова секілді көптеген жыршы-жыраулармен өнерімен, адал достығымен, шын көңілімен араласты. Облыстық халық шығармашылығы орталығында бірге жұмыс жасаған Зина апай, Бағдагүл Есмұрзаева, Әлия апай, Әзиза Іздіқұловалар еске алып, кездескенде бірге жүрген шақтарынан естелік айтып отырады.
Айнұр үнемі бәрін ұйымдастырып, күліп-ойнап, концерт жасап жүретін. Не деген энергия, не деген позитив десеңізші! Реті келген жерлерде «Айнұрдың сіңілісімін» деп өзімді таныстыра қалсам болды, оны білетін жандар көзіне жас алып, қызық қылығын, басынан өткен оқиғаларын айтып күліп алатын. Бір жылдары отбасымызға қонақ болып келген «Отырар сазы» оркестірінің бас дирижері Мүсілім Әмзеге «Айнұр Ешбаева – менің туған апам» дегенімде: «Бәрекелді, мен Айнұрмен музыкалық училищеде бір топта оқыдым» деп, қызықты шақтарынан әңгіме өрбітті. Осындай қызықты естеліктер өте көп, ол бөлек әңгімені қажет етеді.
Әкем өнерді жанына серік етіп жақсы көрді. Домбырамен мақам-саздарды шертіп, нақышына келтіріп тартып отыратын. Сол әкемнің ән, терме, жырға деген махаббатының арқасында қыздарына сол қасиет қондыдеп ойлаймын. Басты айтайын деген әңгімем де осы еді. Біз отбасында алты бала болдық, бес қыз, бір ұл. Сол баланың бәрі де өнерге жақын болып өсті. Үлкеніміз Жанар апам музыкалық училищеде флейта аспабында оқыды. Орынбек ағам домбыра тартып, терме айтады. Марқұм Айнұр апам жырға ден қойды. Әйгерім Айнұрдың жыраулық жолын жалғап, үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүр. Марқұм Айсұлу өмірден ерте өтті.
Әкем Жаңақала (Көмекбаев), Қуаңдария, Майлыөзек (Алдашбай ахун), Ақжар, Ленин (Тұрмағамбет) ауылдарында краншы болып жүріп, ауылындағы жолдасы, руы Кіші жүз кете Тоғанас ағаның үйінде қонақ болады. Сол жерде әңгімеден әңгіме шығып, әкем сол кісіге: «Менің Айнұр деген қызым терме айтқысы келеді, бірақ тамағы жібермей ме әлде қолы жүрмей ме, сондай бірдеңесі бар. Кетеге ән-жыр қонған ғой, осы ұстап отырған домбыраны сұрамаймын, тек ырымдап тиегін алсам болды» депті әкем. Сонда Тоғанас ағамыз: «Тиектің несін қызғанайын, шын ниеттеніп отырсаң ал. Бірақ орнына тиек жасап беріп кет. Біз орманда отырып балтаға сап жасай алмайтын олақпыз ғой» деп әзілдепті... Әкемнің ұсталығы да бар еді. Тоғанас ағай осыны меңзеген. Әкем тиек жасап беріп, домбырада тұрған тиекті төс қалтасына салып алады.
Үйге келіп тиекті қызының домбырасына салып береді. Әкем Айнұрға домбыраны өз қолымен қайың ағашынан жасап берген еді. Сол тиекті салғаннан біздің Айнұр азғантай уақытта мақамды нақышына келтіріп, иірімдерді иіріп, наздандырып, дауысына бұлбұл ұялағандай, Құдайдың құдіретімен дауысы ашылып, тамылжыта, шалқыта жыр төге бастайды. Мұны әкем өзі айтып отыратын. Әрі Тоғанас ағаның өз аузынан да талай естідік. Қазақтың қара домбырасының тиегі мен қазақтың көл-көсір ниетінің ұштасқан тұсы осы болар.
Ай-нұрым мен алтын тиектің әңгімесі осы еді...
Назерке ЖАҚСЫҒҰЛОВА,
Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледжі
жастар комитетінің төрайымы