Жылу маусымы жақын
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен жылу беру маусымына дайындық жөніндегі облыстық штаб отырысы өтті. Жиында бірқатар сала басшылары баяндама жасап, маусым кезінде қолға алынған жұмыстардың барысы сараланды.
Алдымен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов атқарылған жұмыстарды тізбелеп, қазіргі ахуалды баяндады.Жылу беру маусымына дайындық 85 процентке аяқталған. Биыл ағымдағы және күрделі жөндеуге, «Нұрлы жер» бағдарламасы және «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 4 млрд теңге қаржы қаралыпты. Нәтижесінде қазандықтарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы 15 шақырым болатын магистральды және кварталішілік жылу желілері қайта жаңғыртылуда. Бұл жұмыстар өңірдегі жалпы жылу желілерінің тозу процентін біршама төмендетіп отыр.– Әлеуметтік нысандар бойынша аудан және қала әкімдері мен бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің мәліметіне сәйкес, жоспарланған 507 білім мекемесінен 456, 411 мәдениет үйінен 350, 267 денсаулық сақтау ғимаратынан 258 нысанға және 640 кіші қазандықтың 477-не жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс бойынша 19 әлеуметтік нысанның жылу қазандықтарын газ отынына бейімдеу жұмыстары толығымен аяқталады. Ал аймақ бойынша бүгінгі күні барлығы 1196 көпқабатты тұрғын үй бар. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көпқабатты тұрғын үйлердің 70 проценті жылу маусымына дайын, – деді өз баяндамасында басқарма басшысы.Облыс әкімі қала, аудан ішіндегі жылыту жағдайларын бағамдай келе, бірқатар мәселелерге уақытылы мән беріп, жұмысты тез арада реттеуді тапсырды.– Қалаға қарасты Белкөл кентінде жылу құбырларын күрделі жөндеу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілмей отыр. Барлық жүзеге асып жатқан жобалар 1 қазанға дейін аяқталуы қажет. Оған арнайы кесте әзірлеп, орындалуы туралы әр аптаның дүйсенбісінде маған баяндауларыңыз тиіс, – деп тапсырма берді облыс әкімі сала басшыларына.Мұнымен бірге жиында аудандарға газ тарату мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ облыстағы өндірістік филиалының директоры Талғат Қызылбаевқа Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандары орталығына газ тарату стансаларын пайдалануға қажетті қаржы шешілгендіктен, аудан халқына уақытылы газ беруді міндеттеді.– Облыстағы жылу беру нысандарының басым бөлігі әлеуметтік салаға тиесілі. Денсаулық сақтау мекемелерінде, әсіресе, Қазалы аудандық туберкулезге қарсы күрес диспансері және Сырдария аудандық ауруханасының күрделі жөндеу жұмыстары бүгінде толық аяқталмаған. Жылу беру маусымына аз ғана уақыт қалса да, денсаулық сақтау саласының әзірлігіне күмәнім бар. Сондықтан, аудан әкімдігімен бірлесе отырып, аурухананың жылу жүйесінің қалыпты жұмыс жасауына жағдай жасаңыздар, – деді аймақ басшысы.Отырыста облыс әкімі көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беру мәселесін қарап, модернизациядан өткен үйлердің жұмыстарына қатысты қала әкіміне де бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ, отын қоймаларына керекті отын көлемін қамтамасыз етуде әлі де жұмысты жандандыру керектігін айтты. Көмір қоймаларында тапшылық туындамас үшін бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу қажеттігін ескертіп, бұл жөнінде кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновке нақты тапсырма жүктелді.– Алдыңғы жылдары көмір тапшылығы мен бағаның күрт өсуіне байланысты тұрғындар тарапынан дүрбелең туғанын білесіздер. Сондықтан бағаның өсуін, екі ортадағы делдалдықты болдырмау мақсатында, көмір өндіруші мекемелермен тікелей келісім-шартқа отыру үшін кәсіпкерлермен жұмыстарды үйлестіріңіз, – деді облыс басшысы.Жиын соңында облыс әкімі барлық маусымдық кезеңге қатысты сала басшыларына 1 қазанға дейін әлеуметтік нысандар бойынша қажетті отын қорын жасақтауды қамтамасыз етуді, коммуналдық төлемдерді жинақтауды басты назарға алу керектігін айтты. Сондай-ақ, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысына мекемелер арасындағы берешек қарыздарды болдырмау шараларын қабылдауды қатаң тапсырды. Ал, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабайға электр энергиясы тарифінің өсуіне байланысты бюджеттік мекемелердің шығындарын қайта қарауды міндеттеді.Мұнан бөлек, облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің инспекторлары 1 қазанға дейін қаладағы және аудандардағы нысандарды аралап, мониторинг жүргізуі қажеттігін атап өтіп, жұмыстың орындалуын бақылауды облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменовке тапсырды.Жиынды қорытындылаған облыс әкімі алдағы жылу беру маусымы ең бірінші шаруа екендігін тағы бір шегелей айтып, ешқандай кедергісіз өткізу қажеттігін жеткізді.