» » » Жастарға жағдай жасау – біздің кезек күттірмейтін жұмысымыз

Жастарға жағдай жасау – біздің кезек күттірмейтін жұмысымыз

Қуаныш Қуантқанұлы, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:
Қуаныш Жанұзақов 1982 жылы  Арал ауданы, Бөген ауылында туған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2005 жылы Қызылорда облыстық соттар әкімшісінің іс тіркеушісі ретінде бастаған. 2007-2013 жылдары Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының жетекші маманы, бас маманы және бөлім басшысы, 2013-2016 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы, Арал ауданы әкімінің орынбасары, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқарма басшысының орынбасары болған. 2016 жылдың шілде айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы лауазымында қызмет атқарды.
– Қуаныш Қуантқанұлы,  жаңа қызметіңіз құтты болсын!  Қандай жаңа идея, жоспарлармен бөлісе аласыз?
– Рақмет. Бізде барлық нәрсе бар. Жай ғана оны дұрыс үйлестіре білу керек. Жастардың қажетіне жарайтын тың идеяларды нысанға алып жұмыс жасағым келеді. Мысалы, біздегі көп жастар өз елімізден бөлек шетелде оқып жатыр. Сонымен қатар, облыс әкімінің арнайы грантымен оқып, білімін аяқтағалы жатқан студенттеріміз де бар. Басқарма тарапынан осы жастарымыз елге кеп, көптің бірі болып қалмай, өзге елдің озық тәжірибесін өз елімізде пайдаға асыруға ықпал жасауға көп күш салады деген ниеттеміз. Биыл 75 бала Ресейден бітіріп, соның 61-і елге кеп қызмет жасамақ. Қалған 14 жас әрі қарай білімін магистратурада жетілдіруді жоспарлауда. Техникалық білім алып келген жастардың тиісті жұмыспен қамтылуын үйлестіріп қана қоймай, ішіндегі белсенділерін біріктіріп, солардың идеясымен бірлесе жұмыс жасауды қолға алмақпыз. Жалпы алғанда, өңір дамуына осындай білімді жастар арқылы зор үлес қосамыз деген сенімдемін.
– Біздегі жастар ұйымдарының белсенділігі жайында не айтасыз? Олардың саны мен сапасы үйлесе ме?
– Бізде жастардың 65 қоғамдық ұйымы бар. Оның 45-ін белсенді  ұйым депқарауға болады. Рас, жергілікті жердегі белсенділігі аса жоғары емес әрі бұны төмен деп те қарастыруға болмайды. Менің байқайтыным, жастардың арасында өзіндік азаматтық ұстаныммен өз ортама үлесімді қосайын деген ниеттен көрі, ақы төлеу талабы, көрсеткен қызметіне басқаша жағдай сұрау сияқты нәрсе артып барады. Осыдан болу керек, көп жағдайда жастардың белсенділігі төмен деген пікір жиі айтылады. Әйтсе де, ерікті түрдепікір білдіріп, пайдамды тигізем дейтін қыз-жігіттер баршылық.
– Аудандарды аралап, жастармен кездесу өткіздіңіз. Қандай кемшіліктер байқай алдыңыз?
– Барлық аудандарда болдым. Кабинетте отырып жағдай білгеннен, ел аралап, олардың қандай да бір мәселесін көзбен көріп, құлақпен естігенді өзім қашаннан дұрыс көрем. Кездесулерде жастардың басым бөлігі, аудан, ауылдағы жастардың басты мәселесі – олардың бос уақытын тиімді өткізетін тиісті, сұранысқа ие орындардың аз екендігін жеткізді.  Сонымен бірге ауылдық аймақтарда жастарға қатысты мемлекеттік бағдарламалардың жастар үшін әлеуеті туралы дер уақытында ақпарат жетпей жататындығы сөз болды.
– Не санда, не санатта жоқ жастардың жағдайы қаншалықты бақылауда?
– Бізде мұндай жастардың паспорты жасалған. Не жұмыста жоқ, не жергілікті әкімдіктің бақылауында жоқ жастар әлі де бар. Аймақ басшысының бізге тікелей тапсырмасы да осындай жастарымыздың санын азайту. Жаңа айтып өткендей, мемлекеттік бағдарламаларды оларға түсінікті тілмен ақпараттандырып, сол арқылы оқытып, жұмысқа орналастыру, белгілі бір кәсіппен шұғылдануына мүмкіндік жасау – біздің  кезек күттірмейтін жұмыстарымыздың ең бастысы.
– Бұл күні адам шошырлық қылмыстар жиіледі. Әсіресе, жастар арасында. Бұған әркім әртүрлі себеп айтады. Сіз не дейсіз?
– Өкініштісі осы. Тіпті, айтуға ұят. Мұндағы бас себеп – жас буынның бос уақытының тиімді ұйымдастырылмауы. Ұрлап, адам тонап, кісі өлтіруге дейін баратыны да осыдан деп ойлаймын. Егер адамның қол бос болмаса, ондай іс-әрекетке бармас еді. Бір жағынан, барлық жағдай жасалып тұрса да, жалқаулық танытатын жастар  жоқ емес. Тағы да айтарым, елімізде жастарды қолдайтын бағдарлама жетерлік. Олардың басым бөлігі үйлі болу, кәсіптік білім алу, бизнеспен айналысу, тағы сол сияқты мүмкіндіктер береді. Жастар мұны жалқауланбай тиімді пайдаланса, белсенділік танытса, мемлекет қолдауға қашаннан дайын.
– Біздің жастардың белсенділігі көбіне алаулатып-жалаулатудан, ұрандатудан әрі аспайтындай көрінеді. Қызметке келгеніңізге көп болмаса да жалтақтамай пікір айтатын іні-қарындастарыңызды байқай алдыңыз ба?
 –. Әзірге маған өз ұсынысын білдіріп келе қойған ешкім жоқ. Бірақ, алаңдамай пікір айтатын жастар бар деп сеніммен айта аламын. Жақында Ресейден бітіріп келген жастар мен олардың ата-аналарымен жүздестім. Олар, әрине сырт елдің жақсы дүниесін өз туған жерінде көргісі келеді. Кездесуде біршама тамаша ұсыныстар айтылды және олар болашақта қолдау табады.
– Сіздіңше, ой еркіндігіне тұсау болатын не нәрсе?
– Қазіргі жағдайда ой еркіндігіне, оның ішінде жастарға қатысты шектеу, меніңше, жоқ. Бұрынғы қазақи менталитет дейміз бе, «жастарымыз тұйық» дейтін. Қазір, керісінше, ойын  іркілмей айтатын саналы жастар көбейіп келеді. Ең бастысы, сауатты, анық, өз деңгейінде пікір білдірсе болғаны.
– Келешек 20 жылда Қазақстан жастарын қалай елестетесіз?
– Ең белсенді, сауатты, бәсекеге қабілетті, алғыр, көшбасшылық қасиетке ие, жанып тұратын жастар көз алдыма келеді.
– Қандай қызмет орныңыз есіңізде ерекше қалды? Жалпы мемлекеттік қызметке бет бұруға не түрткі болды?
– Үлкендердің сілтеуімен «мұғалім болам» деген оймен мектеп бітірген соң облыс орталығына келдім. Осы мұғалімдік мамандықтыбітіріп шықтым да. Бірақ өзім кеңселік жұмыстарды жақсы көретінмін. Әрі отбасымның, атамның тәрбиесі  себеп болды ма, «елге қызмет қылсам, алғыс арқаласам» деген ой әрдайым басымда жүрді. Мемлекеттік қызметке жоғары оқу орнын бітірісімен, осындай арман жетегімен, арнайы келісім-шарт негізінде 2005 жылы мемлекеттік мекеме қабырғасына келдім. Содан бері осы диірменді қолдан келгенше тартып келем. Бағасын халық береді, халық – төреші екенін әсте ұмыткан да емеспін. Қай қызметті болмасын, барлығы да мен үшін ерекше саналады.
Өзіңізде сенімсіз сәттермен күресетін қандай да бір әдіс бар ма?
– Мен көбіне-көп өзіме сенімсіздік танытсам, мысалы, күмән тудыратын кей жағдайларды, кейбір жұмысқа қатысты шешімдерді бір айналып, сәл уақыт бөліп барып қарастыруға тырысамын. Асығыстық жасамаймын. Бастысы, сенімсіз дүниеге сақ болған дұрыс.
–  Қандай дүниелер сіз үшін жат?
– Астамшылық. Сонымен қатар мақтаншақтық пен жағымпаздық, өтірік сөйлеу  жігіт бойына ешқашан жарасқан емес.
–  Сіздің жолыңызды қуғысы келетін адамға айтар кеңесіңіз?
– Бірден басшылыққа келгісі келетін жастар жетерлік. Менің айтарым, бұл салаға келгің келсе, ең төменгі сатыдан баста. Сонда ғана сен бүкіл жұмыс жүйесін түсіне аласың. Өзім шәкірт тәрбиелер болсам, қызметтің ең төменгі сатысынан бастатып, қиын болса да сол жаққа жіберер едім.Жалпы айтарым, жетер жетістігің мендей болмасын, менен де жоғары болсын деген тілегім бар.
– Әңгімеңізге рақмет
Сұқбаттасқан: Ержан ҚОЖАС
26 шілде 2018 ж. 1 158 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031