Бірінші сынып оқушысының сөмкесі 3 кг артық болмау керек
Денсаулық сақтау министрлігіне оқушылардың гигиеналық норматив пен санитарлық талаптарына өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс жасадық. Бұл жайында «Оқулық» республикалық ғылыми парктикалық орталығы директорының орынбасары Әділхан Дүйсебек Baq.kz ақпарат агенттігінң тілшісімен сұхбаттасу барысында айтты.
- Әділхан Төлегенұлы, биылғы оқу жылында жаңа мазмұндағы оқулықтар енгізілетіндігі бұған дейін айтылды. Осы оқулықтардың жасалу үрдісі жөнінде айтып берсеңіз?
- Ол рас, 1 қыркүйектен бастап 3, 6 және 8 сыныптың оқушылары жаңа мазмұндағы оқулықтар алады. Оны баспалар әзірлеп, барлық сараптамадан, апробация үрдістерінен өтті. Пәндік комиссия болды және ең таңдаулы оқулықтар, қоғамдық бағалаудан өтті. Оқулықтардың макеттерін порталға жүктедік, соған мұғалімдер, ата-аналар өздерінің пікірлерін жазды. Осылардың барлығының қорытындысы бойынша республикалық комиссия қарап, тізімге ең таңдаулы оқулықтарды енгізді.
Онда қатысушы әр баспа өз оқулығын әзірлейді. Мысалы, 3 сыныптың математикасын 5 баспа әзірлеуі мүмкін. 6 сыныптың биологиясын 4 баспа әзірлеуі мүмкін. Әр түрлі, оны ешкім шектемейді. Қай баспа әзірлегісі келеді, сол дайындай береді, комиссия соның ішінен таңдап алады. Қазір бастауыш сыныптарда базалық оқулық деген болып жатыр. Яғни, бірақ оқулықты таңдап аламыз. Сол таңдап алынған оқулықтар министрлік бекітетін бұйрыққа кіреді. Бұйрық «оқулықтардың тізбесі» деп аталады. Сол тізбеге кірген оқулықтарды облыстар, аудандар ақша бөліп сатып алады. Бастауыш сыныптарда базалық оқулық болады дедім ғой, ол бойынша бір оқулықты бүкіл республика оқиды. Қай баспа ұтып алды сол бүкіл республикаға жарамды. Бұрын әр жерде әр баспаның кітабын оқытатын. Ал, орта буында, яғни 6-8 сыныптарда балама оқулықтар сақталды. Мысалы математиканы 2-3 баспа шығаруы мүмкін. Оны жергілікті орындар өздері таңдап алады. Мысалы біреуі «Атамұраны» таңдауы мүмкін, енді біреуі «Мектеп» баспасының оқулығын жөн көруі мүмкін. Бұл оқулықтардың барлығы типтік оқу бағдарлмасына сәйкес әзірленген. Сондықтан олардың ішкі мазмұнында, құрылымында, берілу реттілігінде аса өзгеріс бола қоймайды.
- Жаңадан енгізілгелі отырған оқулықтарда қандай өзгешеліктер бар?
- Бұрынғы оқулықтарда мәтіндер көп болатын. Қазіргі оқулықта көбінде тапсырма түрінде берілуде. Аздап ақпарат беріледі, негізгі мәселелер көрсетіледі де көбінде балаларды ойландыратын сұрақтар, әртүрлі тапсырмалар, жаттығулар, жобаларға басымдылық берілуде. Бағдарламаның мақсаты баланың дайын ақпаратты жаттап алу емес, ойландыратын сұрақтарды шешу. Іздендіретін, өзіндік жұмысын ұйымдастыратын тапсырмалар көп. Әсіресе баланың тактикалық қабілетін дамытуға негізделген. Олардың креативтілігін, тапқырлығын дамытатын материалдар беріп жатырмыз.
- Сонда бұл бұрынғы оқулықтарға қарағанда сапалы дейсіз ғой?
- Иә, оқулықтардың сапалы болып шығуы үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі өте көп жұмыстар істеп жатыр. Оның ішінде нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізілді, яғни оқулықтарды әзірлеу және сараптамадан өткізу деген 344 бұйрықпен бекітілген қағидаға өзгеріс енгізіліп, біраз жаңалықтар кірді. Мәселен, бұрын бір-ақ адам автор бола беретін, ол ғалым болуы мүмкін, алайда ол оқушының жағдайын ескермей ғылымға бұрып кететін. Осыған өзгерістер енгіздік, ғалым және оның қасында әдіскер мен мұғалім болу керек деген талап қойдық. Сонда олар баланың жас ерекшелігін ескереді. Сонымен қатар, қазір қоғамдық бағалауға көп мән беріп жатыр. Біз порталға оқулықтардың барлығының жобасын, макетін қоямыз. Бұл ашық өтеді және кез-келген адам өз пікірін, сын-ескертпелерін қалдыра алады. Оның барлығын біз баспаларға жібереміз. Бұл үлкен көмек, былтырғы оқулықтарға 4 мың ұсыныстар болды. Баспалар оны ескерді. Министрлік тарапынан пәндік комиссия бұрын бір рет өткізілетін, енді екі рет өткізілетін болды. Ол мықты мұғалімдерден, әдіскерлерден және ғалымдардан тұратын комиссия. Олар оқулықтың әзірлеу барысында бір рет қарайды, біткеннен кейін тағы бір рет қарап шығады.
- Қазір оқулықтардың электронды нұсқасын шығару керек деген ұсыныстар айтылып жатыр, бұл жағы ескерілді ме?
- Әрине, балалар оқулықты электронды нұсқасын да пайдалана алады. Әр балада планшет болмауы мүмкін, дегенімен оқулықтарға PI кодты орналастыру талабы қойылды. Әр оқулықтың артында коды тұрады, сол арқылы кіріп электронды нұсқасын кез-келген жерде пайдалана алады. Яғни оқулықты көтеріп жүру міндетті емес. Өзіңнің планшетіңе, мобильді телефонға немесе компьютерге жүкетеп алып пайдалануға болады. Бұл жерде басып шығарылған оқулықтан түбегейлі бас тарту деген мәселе жоқ, ол баларадың денсаулығына да зиянды. Екіншіден елдің барлығында планшет жоқ. Бүкіл оқулықты компьютермен оқу деген болмайтын нәрсе, денсаулыққа зиян. Кейбір жағдайда өздерінің қалауы бойынша пайдалануға болады, мысалы ата-аналардың қарауына дегендей.
- Одан кейін ата-аналара көбінде төменгі сыныпта оқитын балала кітабының аурылығына шағымданып жатады. Бұл тұрғыда не айтуға болады?
- Оқулықтардың салмағына келсек оны реттеп, сараптама жасайтын денсаулық сақтау министрлігінің арнайы коммитеті бар. Олардың өз қағидаты, бекітілген ережесі бар. Сол ережеде оқулық салмағының қандай болу керектігі жазылған. Мысалы, бастауышта 1-4 сыныптың арасындағыларда оқулықтың салмағы 300 гр болу керек. 5-6 сыныпта 400 гр, 7-9 сыныпта– 500 гр. жоғары сыныптарда - 600 гр болу керек. Бұны тексеретін Денсаулық министрлігі. Оқулық ауыр болып кетіп жатса көбінде Білім министрлігін кінәлап жатады. Жергілікті орындар оқулықты сатып алар кезде «сіздер сараптамадан өттіңіздер ме?» деп сұрауы керек. Егер өтпесе олар сатып алу жөніндегі келісімшарт жасаспауға құқылы. Дегінмен қазір оқулыққа қосымша жұмыс дәптерлері қосылды, христоматия, қосымша әдебиеттер көбейіп кетті, осыдан келіп баланың сөмкесі ауыр болып кетіп жатыр. Соған байланысты Білім және ғылым министрлігі денсаулық сақтау министрлігінің екі бұйрығына гигиеналық норматив пен санитарлық талаптарына өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс жасадық. Бұның бірі оқушының жалпы күнделікті көтеріп жүретін салмағы, оның ішіне оқулық та кіреді, оқу әдістемелік кешені де кіреді, қаламы, дәптері, пеналы, соның барлығын қосқанда оқушының бір күнде көтеретін салмағы қандай болу керек? Соны зерттеп, оқушының өз салмағына байланысты бекіту. Мысалы бірінші сыныптың баласы 30 келі болатын болса оның көтеретін салмағы 3 кг артық болмау керек. Міне, біз осындай ұсыныс енгіздік. Мысалы 1-2 сыныптың балалары 2 келіден артық көтермеуі керек, 3-4 сынып оқушысы-2,5 артық көтермеу керек деп барлық сыныптар бойынша жазып бердік. Денсаулық министрлігі бұны тезірек бекітіп берсе, осы мәселе реттеледі деп отырмыз.
- «Оқулық» орталығының қазіргі атқарып отырған істері жайлы тағы не айтар едіңіз?
- Қазір 3,6-8 сыныптардың жаңа оқулықтарын білім ұйымдарына жеткізу ісін атқарудамыз. Біз онымен тікелей айналыспаймыз, дегенімен монитринг жасап отырамыз. Баспаның міндеті басып шығару, ал әкімдіктер мектептерге жеткізілуін басқарады. Құдай қаласа 1 қыркүйекке дейін барлық оқулықтар білім мекемелеріне жеткізіледі деген үміттеміз.
Қазір 4, 9-10 сыныптардың оқулықтары әзірленіп, бізге сараптамаға келіп түсіп жатыр. Біздің оқу орталығының міндеті сараптама жасау. Алдағы бір жыл бойы соған сараптама жасаймыз, олар келесі оқу жылына енгізіледі.
Баспалар оқулықты өздері жасайды, авторларды табады. Шетелдік тәжірибеге жүгінеді, өздерінің әдістемелік бөлмелері бар. Мамандарды шақырып, авторларын оқытады, біз де ол жұмысқа араласамыз. Әр түрлі ғылыми конференциялар өткізіледі. Сол жерге шетедік мамандарды шақырамыз, олар өздерінің тәжірибесін айтады, сол бойынша оқулықтардың сапасы жасалып жатыр. Оқу бағдарламалары мен авторларды кездестіреміз, былтыр бірнеше кездесу ұйымдастырдық, Яғни оқу бағдарламасын басқа мамандар жасайды, сондықтан авторды солармен кездестіріп отырамыз. Сонда олар бір-бірін түсініп, ұйымдаса жұмыс жасайды. Былтыр Білім және ғылым минстрі ауқымды жұмыс ұйымдастырды, яғни оқулық авторларын барлық өңірлерге ертіп апарып, сондағы мұғалімдерге оқулықтың жобасын таныстырдық, олар өздерінің сұрақтарын қойып, пікірлерін білдірді. Оның барлығы оқулық жасауда ескерілді. Баспа алдында әзірлеу деген тағы жұмыс жүргізілді, ол жерде тіл мамандары А. Байтұрсынов атындағы тіл білім институты, БАҚ өкілдерін, қоғамдық ұйым өкілдерін шақырып, оқулықтың ең соңғы нұсқасын көрсеттік. Бұны әлеуметтік қабылдау дейміз, сол жердегі ескертулерді де тіркедік. Яғни, оқулықтың сапасы дұрыс болу үшін, қателер кетпес үшін жан-жақты жұмыстар жүргізіп жатыр. Сондықтан бұл өз нәтижесін беретін шығар деп ойлаймын.
-Әңгімеңізге рахмет!