БАЛА «ОНЛАЙН», АТА-АНА «ОФЛАЙН»
Есжанов Манарбек Маратбекұлы – жергілікті полиция қызметінде жиырма жылға жуық еңбек етіп келеді. Қоғамдық тәртіпті сақтау және заңдылықты нығайту мақсатында қызметтік міндетін адалдықпен атқарғаны үшін: ҚР ІІМ-нің №2, 3 дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, 1 дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төс белгісімен, «Қазақстан полициясына −25 жыл» медалімен мараппатталған. ҚР ІІМ–нің 2 рет «Құрмет грамотасын» иеленген. Он төрт жылдан бері кәмелетке толмағандардың ісімен айналысып келеді. Отбасылы, 5 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр.
Қызылорда облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Манарбек ЕСЖАНОВ:
− Манарбек Маратбекұлы, жасөспірімдермен жұмыс істеп келе жатқаныңызға қанша жыл болды?
− Жалпы полицияда жиырма жылға жуықтады. Ал кәмелетке толмағандар ісімен он төрт жылдан бері айналысып келемін.
− Сіздің қызметтік міндетіңізге не кіреді?
− Қызметімнің негізгі бағыты − облыс көлеміндегі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының қызметін ұйымдастыру, бақылау жасау. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға, зерделеуге, жоюға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырамыз. Профилактикалық есепте тұрған кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс пен құқық бұзушылықтың себептері мен жағдайларын зерделейміз. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында қылмыстардың, құқық бұзушылықтардың және қадағалаусыздықтың алдын алу, жолын кесу жөніндегі кешенді операцияларды, рейдтік тексерістерді дайындауға және өткізуге қатысамыз. Жасөспірім − қоғамның қолдауды қажет ететін бөлігі. Сондықтан барлық органдармен, ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейміз.
− Жасөспірімдер не үшін қылмыс жасауы мүмкін?
− Жалпы кәмелетке толмағандардың қылмысқа бару себептерін талдау барысында олардың әлеуметтік жағдайының төмендігі көп әсер еткенін аңғардық. Үйде оған келдің-ау, кеттің-ау деп ешкім көңіл бөлмеген соң оқуға ынтасы төмендейді. Үйге барғысы жоқ. Сосын өзімен қатар жанына жақын достарын жинап алып, көшеде жүргенді тәуір көреді. Ойын-сауық орындарында бейберекетсіз жүру салдарынан кездейсоқ қылмысқа ұрынады.
− Көбіне қандай қылмыс жасайды?
− Жасөспірімдер арасында орын алған қылмыстардың басым көпшілігі ұрлық, бұзақылық, алаяқтық, тонау қылмыстары. Қылмыстылықтың алдын алу мақсатында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде кәмелетке толмағандармен барлығы 2 528 құқық бұзушылық анықталған болса, қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 163 жасөспірім ұсталып, олар бейімдеу орталығына орналастырылды. Араларында 15-і 14 пен 15 жасқа енді толғандар. Екі қыз бала бар. Бәрі есепке алынды. Енді учаскелік полиция инспекторларымен қайта қылмыс жасамауы үшін жұмыс істеп жатырмыз.
− Түнгі тентектерге тыйым бар ма?
− Түнгі уақытта сағат 23:00-ден 06.00-ге дейін заңды өкілдерінсіз жүргені үшін 2101жасөспірім ұсталды. Балаға көңіл бөлмей, бей-жай қарағаны үшін 23ата-ана Әкімшілік кодекстің 127-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл төледі. Ата-анасының тәрбиесіне көнбейтін, білім алудан жалтарып, өз бетімен жүргісі келетін 5 жасөспірім болды. Оларды девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатына орналастырдық.
− Кәмелет жасқа толмағандарды түнде күтіп тұратын кәсіпкерлерге де шара көріле ме?
− Әрине, заңның талабына мойынсұнбай кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 47әкімші, оларға темекі бұйымдарын сатқан 12 сатушы және алкоголь өнімін сатқан 14 сатушыны әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жинақталған құжаттар сот қарауына жолданды.
− Құқық бұзушылықтың алдын алу үшін қандай шаралар ұйымдастырып жүрсіздер?
− Кәмелетке толмағандар арасында қылмыстылық пен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Жасөспірім – Заң – Қауіпсіздік», «Мен және менің полицейім» атты кең көлемді акциялар өтіп, «Жасөспірім» атты жедел-профилактикалық шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар облыстық полиция департаментімен «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы Қызылорда облыстық филиалымен бірлесіп кәмелетке толмағандар, оның ішінде полицияның есебінде тұрған және қолайсыз отбасыларында тәрбиеленетін балалар арасында футболдан, арқан тартудан жарыстар өтті. Бұдан бөлек, күнделікті әсіресе аптаның демалыс күндері, «Түнгі қала»және «Квадрат» әдісімен локальды рейдтік шаралар жүргіземіз.Оларды патрульдік полиция қызметкерлерінің және учаскелік полиция инспекторларының қызметтік автокөліктерімен және жұмысымен таныстырамыз. Мұндағы мақсат тәртіп сақшыларының қызметін, әрі тентек балаға қалай жол көрсететінін көріп, сабақ алсын дейміз.
− Қаңғыбас балаларды қайдан таптыңыздар?
− Үстіміздегі жылдың 5 айында кәмелетке толмағандар арасында хабар-ошарсыз кетудің 16 дерегі тіркелді. Жедел учаскелік және ювеналды полиция инспекторлары мен патрульді полиция нарядтары іздеуге жұмылдырылды. Көп қабатты үйлердің аулаларын, шатырлары мен жертөлелері, салынып жатқан ғимараттардың аулаларын, ойын-сауық орындары және саяжайлар тексерілді. Бәрін таптық. Аман-есен ата-аналарына тапсырдық. Жақындарына хабар бермей жүре берген. Ақшалары таусылған соң әркімнің үйінде немесе достарымен болған. Әрқайсысының оқиғасы әртүрлі. Бәріне де ортасы, әлеуметтік желілер, қоғам әсер етеді ғой.
− Жасөспірімге ғаламтор әсер етеді деп қалдыңыз. Практикаңыздан мысал келтіре аласыз ба?
− Балалар өздеріне ғаламтордың қаншалықты әсер етіп жатқанын байқамайды. Олар тамақ ішпесе де, ғаламторға қол жеткізеді. Әлеуметтік желідегі әрбір ақпаратқа олар сенгіш келеді. Бөтен адам шақырса да бара қалады. Оны қылмысқа итермелейтін ақпарат алуы да мүмкін. Мекен-жайынан таппаған баланы әлеуметтік желіден табамыз. Сабаққа бармаса да парақшасы әркез онлайн болып отыратын балалар бар. Ал ата-аналарды табу қиын. Әлеуметтік желі арқылы бір-бірімен байланысып қана қоймай, құмар ойындарына, қаржылық, діни ұйымдарға қосылып кетуі мүмкін. Сондықтан балаға бірінші кезекте ата-ана қамқорлығы керек.
− Кәмелетке толмағандар ісінде қандай өзекті мәселе бар?
− Бүгінде біздің жұмысымызда кездесетін ең өзекті мәселе түнгі мезгілде баланы ұстаған соң, оның ата-анасын таппай қаламыз. Шақырғанда келмейтін ата-аналар бар. Үйіне апарамыз. Үйінде де жоқ болып шығады. Кейбірі ауылдың балалары болса, енді бірінің ата-анасы қыдырып кеткенін білеміз. Баласы осылай далада жүреді, ата-ананың бейқамдығына қайран қаламыз. Әрбір ата-ана баланың алдындағы жауапкершілігін сезіну керек қой. Білім беру ұйымдарында ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторлары ОПД-нің Жергілікті полиция қызметі басқармасымен әзірленген «Балалардың қауіпсіздігі мен ата-аналардың жауаптылығы» атты жадынамалар таратылды. Онда балалардың қауіпсіздігіне мән беру және ата-аналардың жауаптылығы заңмен көзделгені жазылған. Осындай алдын ала түсіндірме жұмыстарынан соң қылмыстар саны азайып келеді.
− Сіздің көз алдыңызда дұрыс жолға түскен балалар, оңалған отбасылар болды ма?
− Әрине. Тәртіп сақшыларының жұмысынан соң тәртіпке көніп, сабағынан қалмай, ата-анасына да құлақ түріп оңалған балалар бар. Балалардың құбылмалы көңіл күйде жүретін уақыты ғой. Бұл кезеңде ата-аналардан, жақындарынан көп қамқорлық керек. Біздің ескертулерден соң баласының алдындағы жауапкершілікті сезінген ата-аналар бар. Айыппұл төлеу де әсер еткен шығар.
− Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Гүлбану МАҚАЖАН