» » » SMART CAMPUS − SMART STUDENT

SMART CAMPUS − SMART STUDENT

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
Қуаныш Қойшығұлұлы – техника ғылымдарының кандидаты. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің физика-математика факультетінде «Ақпараттарды өңдеу мен басқарудың компьютерлік жүйелері» мамандығын меңгерген. И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетіне аспирантурада білім алған. Республикалық «ХХІ ғасыр оқытушысы» және «ЖОО үздік оқытушысы-−2013» конкурстарының жеңімпазы. Қызылорда облысының «Жыл ғалымы» номинациясының иегері. Ол 80-нен астам ғылыми еңбек, 1 патент, 6 авторлық куәлік, 1 оқу құралы, 4 әдістемелік құралдың авторы. Жары Айжанмен бірге үш бала тәрбиелеп отыр.
Қуаныш ДӘУРЕНБЕКОВ, «Болашақ» университетінің ректоры:
− Бүгінгі студенттің бойынан қандай қасиеттер көргіңіз келеді?
− Әрбір студент креативті ойлау қабілетін дамытып, теория мен тәжірибені ұштастырып, өз білімін нарықтық қоғамда пайдалана алса қандай жақсы. Мамандық бойынша білім алып қана қоймай, жан-жақты болса әрине өзіне пайдалы. Әрбір жастың бойында жақсы қасиет бар. Тек жұмыс істей білу керек. Сыр елінде де Билл Гейтс пен Стив Джобстар өсіп келеді. Жігері жасымай, құр тасымай, білімге, ғылымға бет бұрса қуанамыз. Ізденімпаз, белсенді, өресі биік өскелең ұрпаққа әркез жол ашық.
− Жастармен жұмыс жасау қиын деп жатады. Сіздің пікіріңіз?
− Қиын емес. Тек бір бағытта, бір мақсатта жастардың өзімен бірлесіп отырып әрекет етсе, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Мен ректор ретінде олардың ортасынан алыстап кетпеуге, әркез жақын болып, түрлі шараларға бірге қатысып, жобаларды бірлесіп орындауға тырысамын. Жастарға бұйрық беретін басшыдан гөрі, жан дүниесін ұғатын дос керек. Олардың сеніміне сызат түсірмеуге күш саламын.
Еліміздің жоғары оқу орындарында қандай актуалды мәселе бар?
− Ең бірінші нарық сұранысына сай мамандарды дайындау мақсатында білім беру бағдарламасының құрылымына назар аудару қажет. Дипломмен қатар, кәсіби бағытта әлемдік талапқа сай сертификаттар алып, тәжірибе тұрғысынан білім жетілдіру қажет. Жуырда Елордада  Есеп және аудит мамандығы студенттері үшін 1С Бухгалтерия курстарын қосымша оқу арқылы Халықаралық BOOKKEEPER сертификатын алу мақсатында «Болашақ» университеті мен экономикалық бағытта курстар ұйымдастыратын аккредиттеуден өткен "Зерде" оқу орталығы келіссөз жүргізді. Енді экономикалық бағыттағы студенттер университет дипломымен қатар практикалық маңызы зор халықаралық сертификат алып шығады.
«Болашақ» университетін таңдауға тиіс үш жайтты атап өтсеңіз.
− 42 бакалавриат, 6 магистратура мамандықтары бойынша білім беретін "Болашақ" университетін таңдауға себеп көп. Біріншіден, әлемдік талапқа сай заманауи кампуста оқу мүмкіндігі бар. Екіншіден, әлемге танымал жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, тілдік білімді де арттыруға болады. Қазіргі таңда Оксфорд  бизнес колледжімен келісімге келдік.  Аталмыш  колледждің есебінен 20 студент тегін оқу курсынан өтіп келуге мүмкіндік алады. Үшіншіден, қызықты студенттік өмір. Түрлі мәдени-сауықтыру шаралары жолға қойылған.
− Жаңашылдық дегенде не айтар едіңіз?
− Бірінші кезекте академиялық еркіндікті қалыптастарып, студенттердің өзін-өзі басқару жүйесін, университеттің білім беру бағдарламаларын жұмыс берушімен бірлесіп жүргізу, нарық талабына сай мамандар дайындау, университеттегі ашық ресурстарды дамыту жүйесін айтуға болады. Ұлттық ашық білім беру платформасына ендік. Кәсібилікті арттыру үшін университет Ресейдегі Синергия университетімен екіжақты келісімге келген. Бұл өзара әріптестік қос дипломдық білім беру жүйесі аясында өрбиді. Әзірге педагогика және психология, дефектология, ақпараттық жүйелер мамандығында білім алатын озат оқу­шылар келісімге сай екі жыл Болашақ университетінде, екі жыл Синергия университетінде білім алуға мүмкіндік алмақ. Мұнан өз­ге университет Эразмус+ бағдарламасы аясында халықаралық кредиттік ұтқырлықты, білім алу­шылар мен оқытушылардың ЖОО-мен бірлескен халықаралық білім алмасу бағдарламаларын қолға алып отыр. Осы бағыттағы жұмыстарымыз жалғасады.
− Тамыз кеңесінде көтерілген мәселелердің ішінде сіздің көңіліңізге ерекше қуаныш ұялатқаны қайсысы болды?
− Басты ерекшелік Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы болды. Президент өз баяндамасында елдің көңіліндегі мәселелерді дөп басты. Конференцияда көпті қуантқаны − әліппе қайтадан оқулық ретінде енетін болды. Ахмет Байтұрсынов енгізген бұрынғы үлгіге көшеміз. Жалақы екі есеге артады. Ағылшын тілін оқытуда Президент ата-ана пікірі ескерілу керек деген тоқтамға келді. Тек 11 сыныпта мамандық таңдайтын оқушылар жоқ емес. Енді министр 7 сыныптан бастап балаға кәсіби бағыт беріледі деді. Ұлттық ғылыми кеңестің жұмысы жандану керек. Ғылымға бөлінген қаржы ашықтығына мән беріледі. Педагог мәртебесі туралы заң 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін қабылданады. Қыркүйекке дейін Парламент қарауына жіберіледі. Әрбір айтылған жаңалық еліміз үшін маңызды. Жалпы Президенттің педагогтарға жанашырлық танытуы қуантты.
− Жаңа оқу жылын жаңа кампуста бастайсыздар. Заманауи  ғимарат туралы айтсаңыз?
− "Болашақ" университеті алғаш кірпіші қаланған сәттен бастап білімде бәсі жоғары оқу орнына айналуды мақсат етті. Бірінші кезекте «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі экономика ғылымының докторы, профессор Бақберген Сәрсенұлы әлемнің озық жоғары оқу орындарымен танысып, заманауи оқу орны біздің аймақта да болсын деп өз идеясын жүзеге асыруда. Кампустың жобасын өзі сызған. Қызылордадағы ең биік ғимарат. 11 гектар жерді құрайтын жаңа кампус­та жеке оқу корпустары, студент­тер үйі, профессор-оқытушылардың тұрғын үйі, балабақша,  800 орындық 2 жатақхана құрылысы, 1100 орынды конгресс хол, ойын сауық орталығы, стадион, дендросаябақ, шеберханалар, медициналық факультет ғимараты, емхана т.б. нысандар салынатын болады. Елімізде бренд ретінде қалыптасқан оқу орны болатынына сенемін. Smart campus заманауи үлгідегі озық университет ретінде сапа менеджменті бойынша алға қойып, бәсеке жолында төтеп берер кадрларды даярлау – негізгі мақсатымыз.
− Оқу орнындағы мамандықтарда өзгеріс бар ма?
−Бұрын­ғыдай емес, қазір мамандықтар ин­теграциясына көштік. Яғни нарық сұранысын ескере отырып, маман даярлаймыз. Мәселен, бұрын құрылысшы маманы даярланса, ендігіде ІТ құрылысшы, ІТ заңгер, ІТ қар­­жыгер, ІТ педагог біліктілігін алып шығады. Біз осы үшін 4 не­гізгі мамандықты таңдап алдық. Яғни құрылысшы, заңгер, қаржыгер, педагогика мамандықтары жаңа бағытта­ғы интеграция жүйесіне сай оқы­тылады. Ғылым, білім және инновациялардың өзара интеграциясы аясында әлеуметтік-экономикалық және интеллектуалды капиталды дамытуға үлес қос­амыз. Уни­верситеттегі "Балжансай" агробиологиялық орталығы, "Астаукөл" орталығы, жылыжай студенттердің ғылымды практикамен ұштастыруына жағдай жа­сайды. Сонымен қатар студент­тердің стартап жобаларын коммерцизациялауға бағыт­тал­ған "Bolashak Startup" инновациялық идеяларды жүзеге асыру орталығы жұмыс істеп тұр. Мұның бәрі ғылымды бизнеспен бірік­ті­ру мақсатында жасалуда.
− Бүгінгі жасқа бірінші кезекте тіл үйрену қажет пе, әлде кәсіп бастағаны жөн бе?
− Қай тілде болсын сауаттылық керек. Кәсібилік өздігінен келмейді. Кәсіп ашу да, тіл үйрену де артық емес. Тіл білсе, өз кәсібін әлемдік аренаға шығара алады. Ақпарат алып, зейінін дамытып қана қоймай, халыққа шапағаты тиеді.
Қазір қай жерде де оқу ақысы шарықтап барады. Бұған алып-қосарыңыз бар ма?
− Оқу ақысы нарық бағамына сай өзгеріп отырады. Барлық нәрсе сапалы болу керек. Оқу жабдықтары студенттерге қолайлы заманауи үлгіде болу керек. Біздің студенттер еңсесі тік, білімді болу үшін барлық қажетті құралдармен қамтуға тырысамыз. "Болашақтың" материалдық-техникалық базасын жетілдірумен қатар,  оқуға талпынысы жоғары, белсенді студенттерге университет тарапынан гранттар тағайындау ісі де жолға қойылған. 3 бірдей студент Президент стипендианты атанды. Облыс әкі­мінің гранты негізінде 64 студент білім алуда. 50 студент ІТ эшелон бағдарламасы аясында тегін оқуға мүмкіндік алды. Мұнан бөлек,  университет студенттеріне арнап құрылтайшылық грант бөлінбек. 2 студентке ІТ бағытында ректор гран­ты тағайындалған. Мұның бәрі − сапалы білім алуға ұмтыл­ған талантты жастарды сапалы кадр болуға үндейтін қадамдар.
− Оқу орны жыл сайын бос лауазымдарға конкурс жариялайды. Бұл кадрлар тұрақсыздығы ма әлде...
− Білім нарығына сапалы кадр даярлап, өркениетті қоғамға қажет азаматтарды түлеп ұшыратын оқу ордасы нарықтан өз орнын тапты. Оқытушы жоқ емес, бар. Тек уақыт талабына сай, озық ойлы, біліктілігі мен білімін тұрақты түрде жетілдіріп отыруды ойлайтын, ізденімпаз үміткерлерді шақырамыз. Бәсекелестік артқанда оқытушылар құрамы да осал болмауы шарт. Университет имиджін қалыптастыруда сапалы кадрдың алар орны зор. 
Сұхбаттасқан Гүлбану МАҚАЖАН
22 тамыз 2019 ж. 2 260 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930