» » » Гүлжан Жансүгірова, «Абылай хан» атындағы жоғары колледжінің директоры: Баланың алдына түспеу керек

Гүлжан Жансүгірова, «Абылай хан» атындағы жоғары колледжінің директоры: Баланың алдына түспеу керек

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
Гүлжан Орынбасарқызы 1988 жылы 29 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. №120 Ж.Жабаев атындағы мектепте білім алған. Қызылорда инженерлік-экономикалық институтын «Есептеу техникасы бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын «Абылай хан» атындағы колледжінде информатика пәнінің оқытушылығынан бастаған. Әр жылдары мониторинг бөлімінің маманы, колледж директорының оқу жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. Бәсекеге қабілетті, зерделі, ой-өрісі кең жастарды тәрбиелеуге, білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін облыстық білім басқармасының, Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатымен марапатталған. Бірнеше ғылыми еңбектің авторы. Техника ғылымдарының магистрі. Отбасылы.

−Колледждің басшылық қызметіне тағайындалғаныңыз құтты болсын! Жауапты жұмыс сізден нені талап етуде?
− Білім саласында он жылдан аса еңбек етіп келемін. Басшы боламын дегенге дейін ұжымның ортасында тәжірибе жинадым. Жаңа ғасырдың ұрпағын тәрбиелеуде білім ордасын басқаруға жүктелер міндет те, талап та жоғары. "Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады", демекші, жақсы басшы болуға күш салудамын. Қай ортада болмасын білікті басшы, ізгілікке толы еңбек жолында тұғырынан түспеген, тәжірибелі мамандар әркез сыйлы. Мен де заман ағымына сай жаңашылдықты жақсы көремін. Креативті ойлау, жастармен бірге болу − басты мақсатымыз.
− Ұстаздар қауымына тоқталып өтсеңіз?
− Маман даярлау жұмысына өмірін арнаған ұстаздарымыз көп. Барлығы дерлік жоғары санатты. Ұлы педагог К.Д.Ушинскийдің: «Егер сіз өзіңізге лайықты мамандықты сәтімен іздеп тауып, оған жан-тәніңізді салсаңыз, бақыт сізді өзі іздеп табады» деген сөзі бар ғой.Заманға сай өзгерістерді оқу орнына енгізу барысында ғылыми-техникалық прогрестің шыңына шыққан өркениетті елдердің тәжірибесін тиімді пайдаланып, ұстаздардың біліктілігін арттыру жолға қойылған. Біздегі оқытушылардың барлығы ақылы мен қайратын тең ұстап, білімі мен біліктілігін шыңдап, үздіксіз ізденіс жолында аянбай еңбек етіп жүрген ардақты жандар.
− Жастармен жұмыс жасау қиын ба?
− Жоқ. Қиын емес. Керісінше қызық. Мен де отыздан енді астым. Өзімді жаспын деп есептеймін. Сондықтан әркез жастардың жанынан табылуға, оларды тыңдап, қолымнан келгенше демеу болуға тырысамын. Басшымын деп есігімді жауып алып, тек бесінші күні кіріңдер деп отырмаймын. Жастармен кездесуді өз кабинетімде ұйымдастырамын. Менен қысылмай, ойларын еркін айтсын деп арнайы орындықтар кіргізіп қойдым. Жас адам арманшыл, жаңа идеяларға толы. Олармен өткен әрбір кездесу ерекше әсер қалдырады. Терең ой да, жарасымды қалжың да осы ортада. Олармен жұмыс барысында өзімнің басшы екенімді ұмытып кетемін. Белсенді студенттеріміз барлық сайыстарға жұмыла атсалысады.
− Жұмыс істеу барысында қандай мәселелер туындайды?
− Олар тез өкпелегіш келеді. Сабақта қабағы ашылмай отырса, не болды екен деп жақын сөйлессек, «папам көліктің кілтін бермеді, өлгім келеді» дейді. Осындай болмашы дүниеге бола өздерін төменге тастай салуға дайын. Сондықтан біз колледж психологінің жұмысын жіті бақылаймыз. Осындай мәселелерді бірлесіп шешеміз. Оқытушыларға да айтамын, бірден сабақ беріп кетпей, бірінші баланың қас-қабағына қарап, жағдайын сұрап шығыңыздар деп. Психолог әрбір әлсіздік танытқан жаспен жеке жұмыс істейді. Жастар эмоцияға тез беріледі.
− Ата-аналармен байланыс қаншалықты маңызды?
− Қанша бала болса, олардың артында сонша ата-ана бар. Бірі «балама сөйлемеңіздер» десе, енді бірі, «тәртібі, оқу үлгерімі сіздерге аманат» деп кетеді. Сондықтан біз барлық ата-ананы тыңдап, бірлесіп жұмыс жасауға шақырамыз. Көбіне баланың алдына түспеңіздер. Сабағын өзі оқып, өзі нәтижеге жетіп үйренсін деп айтып отырамын. Түрлі тренингтер де жүргіземіз.
− Шәкірттеріңіздің қандай жетістіктерін айта аласыз?
− ІT салаға қызығушылығы бар студенттерге арналған арнайы кабинеттер жасақтадық. «ГРАНД МАСТЕР» бағдарламалау мектебінің директоры Алмат Қуанышбаевпен келісім орнатылды. Білікті маман келіп біздің студенттерге жаңа технологияның қыр-сырын үйретіп, жаңа бағдарламалауды да таныстырады. Алмат Жомартұлының жетекшілігімен жастар біршама жетістіктерге жетуде.
− Оқу орнының имиджін қалай көтеруге болады?
− Сапалы білім арқылы имидж көтере аламыз. «Тәрбиесіз берілген білім − адамзаттың қас жауы» демекші, шәкірттерге алдымен үлгілі тәрбие бере отырып, заман талабына сай азамат болып қалыптасуына ықпал ету керек. Кешегі бүлдіршін бүгінгі студент, ертеңгі − ел азаматы. Тәуелсіздігіміздің болашақта гүлденуі, баянды болуы үшін саналы ұрпақ, сапалы кадрлар дайындау басты мақсатымыз. Осы орайда ұстаздар қауымына зор міндет жүктеліп отыр. Жас ұрпақты саналы азамат, ұлт болашағының түп қазығы ретінде тәрбиелеп шығарсақ, оқу орнының да мерейі әркез үстем болмақ.
− Колледжде бұрын жатақхана бар еді. Қазір неге жоқ?
− Студенттердің әлеуметтік жағдайы басты назарда. Ата-аналар тарапынан да көптеген өтініштер түсуде.Құрылтайшылар да жаңа заман талабына сай жатақхана салуды жоспарлап отыр. Бүгінде барлық жоба-сметалық құжаттары әзір. Студенттердің жаңа жатақханасы 2021 жылы пайдалануға беріледі.
− Қандай әдебиеттерді оқисыз?
− Көп оқимын. Кітап оқу қоршаған ортаны, дүниені және өзіңді тануға көмектеседі. Ойды дамытады. Кітап оқу талдауға, сараптауға, өзіндік пікір қалыптастыруға үйретеді. Шаршап тұрсам да кітапты қолға аламын. Қазір тарихи кітаптарды оқып жүрмін.
− Адамдар бойында қандай қасиетті жоғары бағалайсыз?
− Адалдық. Адам бойындағы таза ниеттен артығы жоқ. Жеке өмірде де, ұжымда да адалдықтың орны айрықша. Қай істе, қандай жағдайда болмасын барынша әділ болып, адалдық танытуға тырысамын. Өзгелерден де соны күтемін.
− Өмірді қайта бастау мүмкіндігі туындаса кім болар едіңіз?
− Дәрігер болар едім. Бала күнімде дәрігер болуды армандадым. Ата-анамның мені басқа қалаға оқытуға жағдайы болмады. Алайда біздің аймақта жоғары медициналық оқу орны болмаған соң педагогика саласын таңдадым.
− Бақыттысыз ба?
− Аллаға шүкір, бақыттымын!
− Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Гүлбану МАҚАЖАН

31 қазан 2019 ж. 1 220 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031