ЖҮРЕККЕ ЗАҚЫМ КЕЛСЕ, ҚАЛПЫНА КЕЛМЕЙДІ
Аймақта 2007-2009 жылы ҚРкардиологиялық және кардиохирургиялық көмектi дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама аясында 2009 жылдың 6 желтоқсанында облыстық медицина орталығының құрамында кардиологиялық орталық ашылған еді. Биыл талай науқастың жүрегін дертінен айықтырып, өмір сыйлаған орталыққа он жыл толды. Осы орайда облыстық медициналық орталықтың кардиолог дәрігері Гүлнұр Оспановамен тілдесудің сәті түсті.
Гүлнұр ОСПАНОВА, кардиолог:
– Кардиологияның күрделі ғылым екенінен хабардармыз. Ал сіз салаға келуге қалай тәуекел еттіңіз?
– Медицинаға бала кезімнен қызықтым, әрі бұл таңдауыма ата-анам да қарсы болмады. Әрине оқуға түскен бойда кардиолог болам деп ойлаған жоқпын. Медициналық оқу орнында бесінші курсқа дейін жалпы білім беріледі, содан кейін ғана емдеу және операция жасау бөліміне ауысатынын білесіз. Көп жағдайда ер адамдар хирургияға, ал қыз бала терапияға жақын келеді. Себебі әйел адамдар науқаспен тез тіл табыса алады. Бесінші курстан соң облыстық медициналық орталыққа интернатурадан (дәрігерлердің оқуды бітірген соң клиникаларда сынақтан өтуі – ред) өтуге келдім. Жалпы менің кардиолог болуыма облыстағы кардиологиялық орталықтың негізін қалаушы Жаңабай Ырысбаев есімді дәрігердің ықпалы мол болды. Мен интернатура кезінде қабылдау бөлімінде терапевт болып кезекшілікке тұрдым. Сол кісі мені шақырып алып, «сенің кардиолог болғаның дұрыс, біз сені оқытамыз» деп сол бөлімге ауыстырды. Кейін кардиология бөлімінде маман көбейіп кеткен соң, ревмотология саласын оқимын деп шештім. Бірақ тұрмысқа шыққаннан кейін қайта кардиологияға ауыстым. Қазір облыстық медициналық орталықтан бөлек, Interteach мекемесінде жұмыс істеймін. Облыстық медициналық орталықтағы жұмыс уақыты түскі 16.00-ден таңертеңгі 08.00-ге дейін жалғасады. Жалпы облыс бойынша жүрек тамырларын тексеретін ангеограф аппараты сол орталықта ғана бар. Сондықтан инфаркт, жүрек ұстасымен ауыратын науқастар мұнда жиі келеді.
– Облыстық медицина орталығының құрамында кардиологиялық орталық қалай ашылды?
– Бастапқыдакардиологияның бір ғана бөлімі болғаны рас. Одан кейін жоғарыда айтып өткен Жаңабай Ырысбаев мамандарды жинап, жаңа бөлімдерді ашуға тырысты. Алдымен жан сақтау бөлімі, кейін кардиологиялық орталық болып құрылған соң ашық операция жасайтын жаңа бөлім ашылды. Одан соң хирургиялық науқастарды қалпына келтіретін бөлім құрылды. Сондай-ақ жүрек талмасы және жедел келетін науқастарға арналған кардиология №1, №2 бөлімшелері де іске қосылды.
– Көпшіліктің жиі шағымданатын дерт түрі қайсы?
– Жүрек ұстамасы, артериялық қан қысымы тәрізді шағыммен тұрғындар жиі келеді. Қазір қан қысымы көп кездесетін аурудың алдыңғы сатысында тұр. Өйткені науқас аурудың салмағын бірден сезінбейді, шағым да айтпайды. Тек скрингтік тексерілуден өткен кезде ғана біліп жатады. Ал кей тұрғындар қан қысымы бар екенін біле тұра емделмей уақыт создырып жүріп алады. Бейқамдықтың соңы жүректің кеңеюі мен жүректің созылмалы жетіспеушілігіне, кейде инсултьке алып келеді.
–Қазір жасөспірімдер арасында да бұл аурудың жиі кездесетінін естиміз... Жүрек ауруы жас талғай ма?
– Өкінішке қарай, жүрек ауруын жас ерекшелігіне қарай бөле алмаймыз. Мысалы, жақында ғана 24 жасар қыз жүрек ұстамасымен тексерілуге келді. Зерттей келе науқас жүрегінің үш тамыры да бітеліп қалғаны белгілі болды. Аурудың пайда болу себебін анықтауға Нұр-Сұлтан, Алматы қаласына барғанмен ешқандай нәтиже шықпады. Енді науқастың жүрек тамырларын операция арқылы ауыстыру қажет.
– Жүрек қан тамырының бітелуіне не әсер етеді?
– Ағзадағы ұйыған қан мен артық май бірігіп, қан ағысында жүректің тамырын бітеп тастайды. Егер тамыр толық бітелсе, адам инфарктқа ұшырайды немесе жүрек бұлшықеті жансызданып өле бастайды. Егер тамырдың бітелуі елу пайыздан төмен болса, дәрімен емдеуге тырысамыз, ал 50-60 пайыздан жоғары болса тамыр қабырғасына кеңітетін аппарат салуға тура келеді. Ал жүрек мұндай жағдайға төзбейтін болса, жүрек тамырын операция арқылы ашып, аяқта орналасқан тамырды ауыстырып салады.
– Операциядан соң науқастың өмір сүру ұзақтығы қаншаға созылады?
– Ол науқастың күтіміне байланысты. Егер ем қабылдаушы адам дұрыс тамақтанып, қатаң режимді ұстаса қалыпты, әрі ұзақ өмір сүреді.
– Жүрекке ота жасалған сәтте өзге ағзаға зиян келмей ме?
– Ота жасалу барысында болмаса, одан кейінгі уақытта ағзаға қауіпті емес. Көп жағдайда біз емнің пайдалысын таңдауға тырысамыз. Медицинада бауыр, асқазан ауруын емдеу мүмкіндігі жоғары. Ал жүректің бір аймағына зақым келсе ол ешқашан қалпына келмейді. Сондықтан әр адам жүрегін сақтауы тиіс.
– Жүрек ауруына күйзеліс көп әсер ете ме әлде оның басқа да себебі бар ма?
– Әрине ұйқысыздық, шектен тыс мазасыздану, стресс жүрекке салмақ түсіреді. Егер жүрек ауруы тұқым қуалайтын болса, ол отбасы мүшесінің бәрінде кездесуі мүмкін. Сондай-ақ дұрыс тамақтанбау, жануар майын жиі қолдану, фас-фуд тағамдарын тұтыну ағзада холестериннің көбеюіне алып келеді. Холестерин көбейсе, жоғарыда айтқанымдай жүрек тамыры бітеле бастайды. Қимыл-қозғалыстың аздығы да жүрек қызметін нашарлатады. Ал ревматизм кезінде инфекцияның әсерінен жүрек қақпашалары желінеді. Көп жағдайда қант диабеті диагнозымен ауыратын науқастың да жүрек қызметі бұзыла бастайды.
– Әдетте аурудың алғашқы белгісінде кеуде тұсы шаншиды деп айтамыз ғой... Бұл қаншалықты дұрыс?
– Иә, егер адам баспалдақта немесе тегіс жерде тез жүргенде кеуде тұсы ауырып, тынысы тарылса, ентігетін болса дәрігер көмегіне жүгіну керек. Себебі қазір тұрғындарда жүрек ұстамасы жиі кездеседі.
– Қазір қыс айы. Суық тигізу де жүрекке әсер ете ме?
– Әрине, жүректің инфекциялық аурулары миокардид, эндокардид суық тигеннен пайда болады. Ағзада бактерия көбейп, иммунитет әлсірегенде ауру өршіп кетеді де, жүрек бұлшықеті қабынады. Сондықтан жүрек ауруына салғырт қарамаған жөн.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Сұқбаттасқан Г.ЖҰМАДИН