ЖАРҚЫНБЕК ЖОЛАМАНОВ, "ҚАЙСАР U-21" КОМАНДАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ: "БАЙҚОҢЫР" МЕН "ҚАЙСАРҒА" ЛАЙЫҚТЫ ОЙЫНШЫЛАРДЫ ШЫҒАРУҒА ƏРЕКЕТ ЖАСАЙМЫЗ
Соңғы жылдары Сыр футболының дамуында қарқын байқалады. Мұны "Қайсар" футбол орталығына қатысушы өрендерден-ақ байқауға болады. Бүгінде орталықта 500 ден аса балғын футболшылар аладоптың әліппесін үйренуде. Жалпы Сыр аяқдопшыларында жақсы стимул қалыптасқан. Ол қандай дейсіздер ғой? Жасөспірімдер жақсы ойын қалыптастырса, "Қайсар U-21" командасына шақырту ала алады. Ал "Қайсар U-21"-ден түлеп ұшқандар Бірінші лигада "Байқоңырдың" намысын қорғайды. Бірінші лигада бағы жанғандар бас команданың қатарын толықтырады. Теңбіл доп шеберлерін түлетуде бапкердің еңбегі орасан зор деп айтпасақ та белгілі. Ендеше "Қайсар U-21" командасының бас бапкері Жарқынбек Жоламановпен сұхбаттасқанды жөн көрдік.
– Жарқынбек, "Қайсардың" жастар құрамын 3-маусым қатарынан жаттықтырып келесіз. Әу баста команданы қолға алған сәттегі қойған жоспарларыңыз жүзеге асып жатыр ма?
– Қандай қызметкерболмасын жаңа жұмысына кірісер сәтте жоспар құрады. Бұл барлық салада бар формула. Командаға келер сәтте менде де жаңа жоспар мен ойлар болды. Ең алдымен команданы жаңадан жинақтау керек болды. Өйткені өтпелі кезеңнің сәтінде тағайындалдым. Ашығын айтқанда фарм клубтарда екінші лигада 21 ден асқан футболшыларға рұқсат берілмейді. Сондықтан 15 пен 18 жас аралығындағы жасөспірім футболшыларды шақырып, орталықтан іріктеп алдым. Біріншікте бұрын-соңды бақ сынап көрмеген соң алғашында көп жеңіліске ұшырадық. Дегенмен маусымның екінші жартысында шәкірттерім шыңдала түсіп, жеңіске жете бастады. Менің ең бірінші жоспарым "Байқоңыр" мен "Қайсарға" сапалы ойыншылар даярлап шығару болды. Аз да болса о бастағы жоспарларым орындалып келеді. Өткен жылы командадағы үш шәкіртім Қазақстан жастар құрамасына шақырту алды.
– Команданың биылғы құрамына тоқталайықшы. Қандай өзгерістер бар? Жалпы маусымаралық үзілісте жаңа футболшылар қатарға қосылған болар?
– Биыл құрамды 60 пайызға жаңарттық. Өткен жылғы құрамнан 6 ойыншымыз "Байқоңырға" шақырту алды. Футбол орталығындағы балғын футболшыларға мүмкіндік бермекшіміз. Сонымен қатар аймағымызда дүниеге келіп, өзге өңірге көшіп кеткен футболшыларды іздеп, Шымкент және Алматы қаласынан таптық. Мысалы, "Қайрат" академиясынан Нұрзат Мақсатұлын, "Оңтүстік Академиядан" Дарын Ергешовты алдырттық.
– Биыл біріншілікке қатысатын командалардың санын көбейгенін байқадық. Дегенмен әлемдік дертке байланысты чемпионаттар кейінге қалдырылды. Қараша айына дейін 22 команда қатысатын чемпионатты аяқтау мүмкін емес секілді. Біріншілікке байланысты қандай да бір идеяңыз бар шығар?
– Елімізде ауа-райы қараша айының басына дейін жақсы болады. Бұл дегеніміз осы аралықта футбол ойнауға мүмкіндік болады деген сөз. Яғни қарашаның бел ортасына дейін біріншілікті аяқтаған жөн. Дегенмен аталған мəселемен айналысатын арнайы мамандар бар. Ең бастысы, қандай формат болса да біз дайынбыз.
– Әлемдік дертті тежеу мақсатында жаттығу алаңдарына тиым салынғаны белгілі. Шәкірттеріңізді қандай әдіспен жаттықтырып жатырсыз?
– Мемлекет басшысының төтенше жағдайларға байланысты қаулысынан кейін онлайн режимге көштік. Бүгінде ғаламтордың көмегімен бағыт бағдар беріп, үй ішінде жаттығу жүргізіп жатырмыз. Бастысы, еліміз жаман індетпен күресте жеңіп, әдеттегідей алаңға оралсақ деген тілегіміз бар.
– Футболда тұрақты құраммен жетістікке жетесің деген қағида бар. Бірақ біз жаңа толқынға да көңіл бөлуіміз тиіс. Сондықтан құрамның жиі жаңаруы бізге кері әсерін тигізбейді деп ойлаймын. Ең бастысы, шәкірттеріме үміт артамын жəне оларға сенемін. Биылғы біріншілікте жоғары орындарға таласып, "Байқоңыр" мен "Қайсарға" лайықты ойыншыларды шығаруға əрекет жасаймыз.