Сайқымазақ

Атын атап, түрін түстемей-ақ түсінерсіз деп ойлаймын. Қаланың қызы боп киінген танымал актер ауылға келін боп түседі де, жабайылардың ордасына келгендей болып, ауылдың әр тіршілігін мазақ ете отырып, көрерменге кино ұсынады. Табысы жақсы екенінің айғағы десек те болады, осы фильмнің жылда жаңасы шығады. Сол көрерменнің ішінде ауылдыңда адамы бар екеніне күмән жоқ. Жұртпен қосыла отырып мәз болады. Сол жерде ол кімге күліп отырғанын ұғына ма екен? Әй, қайдам, білмей отырған шығар. Намысты қазақ емес пе, білсе бұлай қарап отырмас еді.
Шындығында, қалалықтардың да түп тамыры ауылдан шыққанын ұмытпау керек. Осы жерде ойланар бір қазақ болмағаны ма дейсің... Өз елінің салтын, өмірін мазақ етіп, шала қазақ кино түсірсе өнеріне тәнті боп қолдайды да, қайдағы бір есерсоқ Боратқа ашуланған кейіп танытады. Бұл жерде мына картинаны көруге болады: сайқымазақтың киімін киіп, білгенін істейді де, өзіне қарап күлген адамға жұдырық түйеді. Жалған намыстың жалшысы. Бұл кино бір мысалы десек болады. Сюжеті бөлек болғанмен мазмұны ұқсас кинолар көп. Қазір бір көрген киноны қайтып көргің келмейді. Тәуелсіздік алмай тұрып түсірілген кинолардан қазақтың мырза көңілін көріп марқайып қаласың. Ал, қазір керісінше, өзіңді қор санап мойныңды ішіне тығасың. Айтқандай-ақ қазақтың киносында екі сюжет бар: бірі ауылдың қызы қалаға барады немесе қаланың қызы ауылға келеді. Осыған қарап ойлайсың, кинотүсірушінің фантазиясы төмен бе, әлде халықтың талғамы төмен бе?
Әйгерім ӘБІЛҚАСЫМ