Сот жүктемесін оңтайландыру бағытындағы өзгерістер

Енгізілген өзгерістерге сай, соттардан дау тудырмайтын істерді алып тастайтын бірқатар нормалар енгізілді. Соның негізінде сот орындаушыларының әрекеттерін санкциялау, бірқатар даусыз талаптарды нотариустарға беру және т.б. іс-әрекеттер іске асырылуда.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде оңайлатылған өндірістің тек екі санаты ғана қалдырылады. Қалғандарының барлығы бұйрық арқылы іс жүргізу санатына көшеді.
Заңда сот жүктемесін оңтайландыру мақсатында істерді соттан прокуратураға беру жөніндегі өзгерістер мен толықтырулар да бар. Атап айтқанда, оңайлатылған (жазбаша) тәртіпте қаралатын он санаттағы талап сотта бұйрық өндірісімен қарауға; нотариустің атқарушылық жазба жасауы үшін сот бұйрығы шығарылатын тоғыз даусыз талап, сот орындаушыларының бірқатар қаулыларын санкциялау сот қарауынан алынып, прокуратураға берілді.
Атқарушылық жазбаны қолдануға қатысты енгізілген өзгерістер нотариустардың атқару жазбасы арқылы ақшалай міндеттемелерді өндіріп алу мүмкіншіліктерін кеңейтті. Азаматтық процестік кодексте көзделген 18 бұйрық арқылы іс жүргізу өндірісінің 9-ы нотариатқа берілді. Олар орындау мерзімі басталған жазбаша мәміле бойынша еңбекақыны өндіріп алу, ломбардтардан кепіл затын өндіріп алу, лизинг нысанын талап ету, коммуналдық төлемдер мен ПИК төлемдері бойынша берешекті өндіріп алу, жалға алу төлемдері және басқа да тек нотариустармен қаралатын даусыз талаптар.Сондай-ақ нотариусқа жүгінген тұлғаның шығындары борышкермен өтелетіндігі, ал есептелген, бірақ төленбеген еңбекақы өндіріп алу туралы талап бойынша өтініш білдіргендер нотариустың қызметіне ақы төлеуден босатылатындығы жөнінде толықтырулар енгізіліп отыр.
Мұндай өзгертулер мен толықтырулар сот жүктемесін азайтып қана қоймай, даусыз талап арыздар бойынша сотқа жүгінген тараптардың уақыт және қаржы шығындарының азаюына септігін тигізері анық. Сондықтан заңдарға енгізілген өзгерістерге мән беріп, артық қағазбастылықтан арылуға ұмтылуға шақырамын.
Ардақ Смағамбетова
Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісінің
Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы