«Қауіпсіз тағам таңда!» ұранымен екі айлық акция басталды
Қызылорда облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің ұйымдастыруымен 2019 жылдың 17 мамырынан бастап «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Қызылорда облысы бойынша филиалымен бірлескен «Қауіпсіз тағам таңда!» атты екі айлық акция бастау алды. Мақсаты – халық арасында қауіпсіз тамақтануды қалыптастыру, өндірілетін және сатылатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жедел ішек жұқпаларының, топтасқан тамақтан уланудың алдын алу.
Акция барысында базарларда, сауда үйлері мен сауда қатарларында жиналатын халық пен жеке кәсіпкерлер, сатушылар арасында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттығы саласындағы өндірілетін және сатылатын өнімдердің қауіпсіздігі, Кеден одағының тағам өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын техникалық регламент талаптарының сақталуы, жедел ішек, тамақтан улану ауруларының алдын алу барысында жеке бас және қоғамдық гигиенаны сақтау және тұтынушыларды сапасыз тағам өнімдерінен қорғау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Аталмыш шара аясында экспресс-тәсілдерін қолдана отырып, тұрғындардың ұсынуы бойынша сатып алған тағамдарының санитариялық нормативтерге сәйкестігін тексеру, жеміс-жидек, көкөніс өнімдері құрамындағы нитрат қалдықтарының мөлшерін анықтау, дайын өнімдерге бактериялогиялық зерттеу жүргізу бойынша тегін қызметтер көрсетілді.
Нитрат қалдықтарының мөлшерін анықтауға жеміс-жидектерден – банан, алма, құлпынай, шабдалы, көкөністерден – қызанақ, қияр, болгар бұрышы, барлығы 20 сынама алынып, 1 сәйкессіздік анықталды. Шабдалының құрамындағы нитрат қалдықтары мөлшерден тыс болып шықты. «Қауіпсіз тағам таңда!» акциясы облыс көлемінде 2 ай бойы жалғасатын болады.
Қызылорда облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті