Халық болып күресуіміз қажет
Елімізде заңсыз есірткі өсіруге қолайлы өңірлердің бірі – Қызылорда облысының аумағы болып табылады. Аталған өңірде өсірілетін марихуана сапасы Жамбыл облысының Шу алқабында өсірілетін кендір шөптің сапасымен салыстырғанда жоғары бағалануда. Мәселен, Еуропаның Нидерланды елінде марихуананы шегу, «пайдалану» мемлекет тарапынан заңдастырылып, халық жиналатын кафе-барлардың ас мәзірінде беріледі екен. Сол мәзірге көз жүгіртсеңіз «Кызылординка» атауымен белгілі есірткі түрін байқауға болады. Аталған есірткі түрі сапасы жоғары болғандықтан Еуропа тұрғындары тарапынан ерекше сұранымға ие екендігі белгілі болды. Алайда, қазіргі уақытта жат-пиғылдылардың заңсыз әрекетіне қарсы тұратын сала қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз екені рас. Есірткі өсіруге және таратуға итермелейтін негізгі себептер: материалдық тұрғыдан қызығушылықтың болуы және тұрақты жұмыстың жоқтығы болып табылады. Қазіргі уақытта жоғарыда көрсетілген заңсыз іс-әрекеттердің алдын алу мақсатында есірткі бизнесімен айналысу – ауыр қылмыс екендігі жөнінде тұрғындарына түсіндіру бойынша жұмыс жасауда.
Жасөспірімдердің осы жолға түсіп, тығырыққа тірелуінің себебі неде? Қатыгез әлемде пана іздеген бала ақша табу мақсатында есірткі сатып күнелткендердің құрығына оңай-ақ түседі. Бала іші-бауырына еніп, жылы сөйлейтін жылпостарға бауыр басып, дегеніне көне береді. Жеткіншектер үнемі әр нәрсеге, әркімге еліктегіш. Жұлдыздардың ішінен өзіне ұнағанын пір тұтады. Егер оның жұлдызы есірткінің дәмін тартып көргенін білсе, ол да қалыспауға тырысады. Еліктеудің де жөні бар, қазақ «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деп бекер айтпаған. Өнеріне табынамын деп, өмірінен үлгі алудың қажеті жоқ. Өнерімен көпшілікті тәнті етіп жүрген, үлгілі жанұяның мүшелері де есірткінің жетегінде кете барады. Нашақорлық өмірдегі қиындыққа шыдамаған, сәтсіздікке төзе алмаған адамнан шығады. Нашақорлар бір мезеттік рахат үшін бүкіл өмірін сарп етуге дайын. Бір рет шегіп немесе иіскеп көрген адамның нашаны өз еркімен тастап кетуі мұң. Сондықтан осы бастан есірткіден бойымызды аулақ ұстайық! Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қол жеткізген бейбіт, тыныш заманды орнату қаншалықты қиын болса, осы орнаған тыныштық пен бақ-береке қонған ұлтымызды сақтау да қиын. Ендеше нашақорлық, есірткі алқаптарын өсіру ұлтымызды, оның ішінде жастарымызды жоятын қару екенін түсініп, бүкіл халық болып күресуіміз қажет, қазірде бізге әрқашан тәртіптік жүйеде бірлік керек.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА