БАЛА ДЕГЕН АҚ ПАРАҚ, НЕ ЖАЗСАҢ СОНЫ ОҚИСЫҢ
Мақпал Жәкебаева, ардагер ұстаз:
Бүгінгі ғылым бала тәрбиесіне баса назар аударады. Ата-ана, мұғалім, психолог тіпті бүкіл қоғам баланы дұрыс тәрбиелеудің жолын іздеуде. Заман талабына лайық тұлға тәрбиелеудің сан түрлі тәсілі болса да, бұрынғының орны ойсырап тұрғандай сезіле беретіні бар. Алпысты алқымдаған Мақпал апаймен осы тақырыпта ой бөліскенімізде, алты баланы үздіктер қатарында тәрбиелеген ана көп түйінді тарқатты. 40 жыл өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұстаз әңгімені әріден бастап, қоғамның қазіргі қалпымен байланыстырды.
Махаббатсыз дүние бос...
‒ Балалық шағым Арал ауданындағы №87 разезьде, Алтықұдық деп аталатын шағын ауылда өтті деп бастады апа әңгімесін. ‒ Әкем Жауынбай Жакебаев 46 жыл теміржол саласында бригадир қызметін атқарды, шешем үй шаруасындағы қарапайым адам еді. Менің адамгершілігі мол, абыройлы тұлға болып қалыптасуыма әуелі Алла, содан соң ата-анамның қосқан үлесі зор екені даусыз. Өйткені біздің отбасымызда ата-ананың бір-біріне деген сыйластығы жоғары еді, тіпті үйде дауыс көтеру деген болған емес. Бала күнімде бір-біріне айқайлап сөйлесу, жанжалдасу дегенді естімеген маған өмірдің бәрі сондай керемет көрінетін. Әрі үйдің кенжесі болған соң, мені бір әулет емес, бүкіл ауыл еркелетіп өсірді. Бұл да ата-анамның ел алдында абыройлы болуының арқасы шығар деп ойлаймын.
Жалпы ата-ана баланы емес, алдымен өзін тәрбиелеу керек деген қағиданы жиі естиміз. Расында, ата-ана тәрбиелі болса, бала соны көріп өседі, есейе келе көргенін қайталайды. Мен де кішкентайымнан зерек болдым. 40 жыл мектепте мұғалім болып жұмыс істедім. Осы жыл аралығында басшылық тарапынан болсын, әріптестер арасында болсын бірде-бір рет ескерту алған емеспін. Сосын тапсырма берілген бойда кейінге шегерместен орындап қоятынмын. Ашық сабақ болады десе дереу жоспар құрып, көрнекілік дайындауға асығу мен үшін өзгермейтін дағды еді. Әрі менде үнемі бірінші болу керек деген қағида бала кезден қалыптасқан (күліп). Солай болды да. Жас күнімнен өзім де, балаларым да алдымен адамгершілігі мол, шыншыл, кішіпейіл болу керек деп талап қойдым. Мен өзі жүрегінде «жылуы» бар адаммын. Хакім Абайдың «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деген ғибратты сөзін өзіңде білесің ғой?! Жалпы қай ортада болмасын барлық дүниені сол күйінде қабылдап жақсы көремін, қандай жұмысты қолға алсам да шын махаббатыммен беріліп жасаймын. Бала тәрбиесі де сол секілді, оған жақсы көретініңді жеткізе алсаң, сездірте алсаң, тіпті керемет. Сондықтан адам жүрегінде алдымен махаббат болу керек. Балаға деген махаббат, ата-анаға деген махаббат, досқа деген махаббат... Сол махаббаттың арқасында адам үлкен жетістікке жетеді. Бұл ‒ менің өмірлік қағидам, басшылыққа алған негізгі ұстанымым.
Баланы құрсақтан тәрбиелейді
‒ Енді бала тәрбиесіне келейік, жоғарыда ордалы отбасында өскенімді айттым. Сонда түсінгенім, баланы тәрбиелеудің ерекше жолын іздеп, қамығудың қажеті жоқ, тек ата-ана алдымен өзін тәрбиелесе болғаны. Қазақта «баланы құрсақтан тәрбиелейді» деген аталы сөз бар. Бала туған күннен бастап оның тәрбиесін бір сәтке қадағалаусыз қалдыруға болмайды. Ең алдымен баланы жөргегінде таза ұстауың керек, жағдайын толыққанды жасауың қажет. Жағдайы бар бала тыныш болады. Мұның бәрі елеусіз көрінсе де, бала тәрбиесі осындай маңызды дүниелерден құралады. Ал қазіргі жас ата-аналар баласы бірінші сыныпқа барғанда бірден әріпті үйретемін деп төпелеп, содан кейін жақсы оқушы, жақсы адам шығарамын деп ойлайды. Бірақ ол кезде бәрі кеш болатыны белгілі ғой. Баланы құрсақтан тәрбиелеу деген осы. Балаға ес білгеннен бастап ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіріп, шешім қабылдауға үйрету керек. Қазір ата-ананың сексен пайызы баласын тыңдата алмайды дейсің. Неге? Өйткені ата-ана баланы еркелетемін деп «болады, болмайды» деген ұғымды үйретпейді, баланың дегенін жасайды. Содан бала санасында «барлық кезде ата-анама дегенімді істете аламын» деген ой қалыптасады. Бізде баланың жағдайын жасадық, тамағын тоқ қылдық, киімін ел қатарлы еттік, бірақ «дұрыс, дұрыс емес» деген дүниенің ақ-қарасын ажыратып үйреттік. Сосын менің бала тәрбиесіндегі талабым қатты болу керек, балаларым менің ойымнан шығу үшін жақсы болуға тырысады. Мысалы, қай-қайсысына да тапсырма берсем, менің көңілімнен шыққанша олар нәтижеге талпынады, тырысады. Менің шаруа барысында «иә, болады ғой» деп жүрдім-бардым қарамайтын жақсы әдетім бар, бұл жауапкершілік баланы ұқыптылыққа, тазалыққа үйретеді. Балаға осылай тапсырма беру арқылы, жауапкершілікті түсіндіру арқылы дұрыс тәрбиелеуге болады.
Бала жетістікке жету үшін қолдау беріп «сен осы жарыстан жеңіп шығасың» деп сөзбен болсын сенім білдірудің маңызы зор. «Қолыңнан түк келмейді» деген пікірді естіген бала ешқашан дамымайды, сол күйінде тұйық, өзін-өзі қабылдай алмайтын адам болып ержетеді. Сондықтан баланы мақтап, кішкене болсын еңбегін ескерудің пайдасы оның ертеңіне сенім береді. Мен өз тәжірибемде балаларымның болмашы жетістігіне дейін мақтап отырамын, содан кейін барып кемшін тұстары жөнінде пікірімді айтамын. Содан болар бала тәрбиесінде «мені тыңдамады» деген түсінік болған емес. Әрі балаға «мына кітапты оқы, мынаны жаз» деп ешуақытта үйреткен емеспін, бірақ ата-ана ретінде бағыт-бағдар беріп отырдым.
Құм арасындағы Қыз Жібек
‒ Тағы бір ескеретін жайт, балаға ойын ашып жеткізуге, еркін сөйлеуге ерік беру керек. Кішкентай күннен ортасында мәдениетті, орнымен сөйлейтін әдет қалыптастыра білген дұрыс. Бұл дағдыны да айтып қалыптастырмайсың, сенің бойыңда болса бала өзі-ақ қабылдайды. Мысалы, мен оқу бітіріп, жұмысқа орналасқан уақытта мектепке арнайы тексеру келді. Сол кезде мен жөнінде «ауылдық жерден Қыз Жібекті көрдік. Қыз Жібек деген құмның арасында жүр екен» сөз тарап кетті. Мен кейін жасым ұлғайғанда білдім, адамдар менің сұлулығыма тамсанып тұрған жоқ, одан гөрі менен инабатты, қазақ қызына тән қасиетті көріп, соған риза болған ғой. Біз үлкеннің алдынан кесіп өтпей, сыпайы сөйлеп, біреудің ісіне араласпай өмір сүру керек деп өстік. Менің бойымдағы осы қасиеттер мен айтпасам да, қыздарыма берілді. Сондықтан өзіңнің бойыңда жоқ қасиетті бала ешқайдан ала алмайды деп сеніммен айта аламын, ‒ деп Мақпал апай әңгіме тақырыбын мектеп тәрбиесіне ауыстырды.
Үздік оқушыны үздік мұғалім ғана тәрбиелей алады
‒ Бала тәрбиесінде мұғалімнің еңбегі өте маңызды екенін білесіңдер. Бірақ ата-ана мұғаліммен бірлесіп жұмыс істеу қажет. Олар бірлеспеген жерде бір жақты тәрбиемен керемет оқушы шықпайды. Мұғалімнің берген тапсырмасын ата-ана бағыт-бағдармен толықтырады. Болмаса баланың мектеп білімін алып кететіндей қабілеті болу керек. Қазір мектеп мұғалімдерінің білім сапасы төмен екені жайлы айтылады. Мұғалім жақсы болмаған жерде бала қайдан керемет болады?! Өзінің білімі мен мәдениеті төмен мұғалім оқушыға қандай тәрбие береді? Міне, осы мәселе бізді ақсатып тұр. Бүгінде ақылы оқудың арқасында екінің бірі мұғалім атана береді. Біздің кезеңде үздік оқыған адам ғана мұғалім болатын. Ал қазір екімен оқыған, әріп танымайтын оқушы институт бітіріп, ауыл оқушыларына сабақ береді. Қоғамдағы білім мен мәдениеттің төмен болуы осы қателікте жатыр. Үздік оқушыны үздік мұғалім ғана тәрбиелей алады. Сондықтан баланың үлгерімі мен тәрбиесі жақсы болсын десең, мұғалімнің де білім сапасын қадағалау керек. Ал ол үшін білімді оқушы ғана мұғалім болу қажет. Бірақ мұндай жүйенің қашан орнары мен үшін де белгісіз жағдай.
Бала жүрегіне жылу сыйлаңдар...
‒ Біз балаларымыздың білімді екенін, еңбектенсе кез келген жетістікке жете аларын дастарқан басында жиі талқылап айтып отырамыз. Әкесі де, мен де жоғары білімді адамбыз. Қоғамдағы маңызды оқиғалар мен елдегі басты жаңалықты бірге талқылаймыз. Адамгершілік қасиет жөнінде жиі әңгімелесеміз, себебі адам биікке шығу үшін бойында иман, әділдік, сүйіспеншілік қасиет болу керек. «Адамның жақсысы сүйіспеншілікпен қарағандар» дейді ақын Абай. Сүйіспеншілік болған ортада ғана адамдар бір-бірін түсіне алады. «Қорықпаймын түсінігі жоқтардан, жүрегі жоқ адамдардан қорқамын» деген Бауыржан Момышұлы. Түсінігі жоқ адамнан бұрын жүрегінде жылуы жоқ адам қоғамды құртады. Сондықтан бала жүрегіне ең алдымен жылу сыйлау керек.
Баланы үнемі ұрып-соғу арқылы тәрбиелеу уақыт өте келе оны ауру қылады, ойын айта алмайтын, жасқаншақ, әке көзінше бәрін ретімен жасап, сыртта басқаша амалдайтын адам болуға әкеледі. Әрине отбасыда тәртіп те болу керек.
Қазір кейбір жастардың мәдениеті төмен, адамгершілігі аз. Олар тәрбиелеген бала кейін қандай адам болып шығады? Мені осы мәселе алаңдатады. Жалпы қазақтың салт-дәстүрін ұстанған қыз бен жігіт болашақта жақсы ата-ана болатынына сенемін. Бізге сол ұлттық құндылық пен қасиет жетіспей жатыр ғой. Мен Аллаға шүкір, балаларымды үлкен еңбекпен алдыма мақсат қойып тәрбиеледім. Барлық балам мектепті де, университетті де үздік нәтижемен бітірді. Сондай жетістікке жетсе де олар қарапайым. Өйткені әкесінің де, менің де бойымда қарапайымдылық бар. Бәрі соның нәтижесі деп ойлаймын.
«Бала деген ақ парақ, не жазсаң соны оқисың». Сол ақ параққа әдемі нәрсені ғана жазуың керек, сонда балаң ер жеткенде жақсы туынды оқисың деген сөз ғой. Сондықтан жас ата-аналарға айтарым, аманатқа берілген «ақ парақты» тек ізгі дүниемен толтырыңыздар, ‒ дейді Мақпал Жәкебаева.
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА