» » ТАУ ІШІНДЕГІ ЖАҢҒЫРЫҚ

ТАУ ІШІНДЕГІ ЖАҢҒЫРЫҚ

  – Жарайды. Тек бір ғана оқиға. Тағы сұрамаңдар. Кеш болды, Пари, ертең бізді ұзақ жол күтіп тұр. Жақсылап тынығып алуың керек. Сен де Абдулла. Біз жоқ кезде бар үміт сенде, балам. Анаң мен қарындасыңа көз қырыңды салып жүр. Ал енді тыңдаңдар.
Ертеректе, жер жүзінде дәулер (құбыжық), джиндар, алыптар өмір сүрген уақытта Баба Аюб есімді кедей болыпты. Ол отбасымен Майдан-Сабз атты ауылда тұрған. Бала-шағасын асырау үшін ол күн демей, түн демей еңбектеніпті. Таңнан кешке дейін жер қазып, егіннің соңында жүреді. Қолы құрғап, жара басқан алақандары жиі қанайтын. Түнде жүзі жастыққа тиісімен, ұйқыға батады. Ол ғана емес, ауыл тұрғындарының барлығының жағдайы қиын еді. Дегенмен солтүстікте тұратын адамдардың жолы болды. Ол жақта жеміс ағашы, түрлі гүлдер бар, ауа да, су да тап-таза. Ал Майдан-сабз – жасыл алқап, атына заты сай келмейтін бақытсыз мекен еді. Аптап ыстық жел азаннан-кешке дейін көзді шаңға толтырады. Оның үстіне ауыз су тапшы.
Дегенмен Баба Аюб өзін бақытты санайтын. Себебі оның отбасы бар. Ол әйелін қатты жақсы көреді. Қол жұмсамақ түгілі, дауысын көтермейтін. Айтқан кеңесіне құлақ түріп, жанында жүргеніне шүкірлік ететін. Бағына қарай, оның қолда қанша саусақ болса, сонша баласы бар – 3 ұл, 2 қыз. Қыздары – тәрбиелі, инабатты, ұлдары – ержүрек, шыншыл, еңбекқор болатын. Балалары әкесіне қолғабыс еді.
Барлығын бірдей жақсы көрсе де, іштей Баба Аюб кенжесіне ерекше ықыласпен қарайтын. Үш жасар Кайс кез келгенді өзінің көкшіл көзімен, сыңғырлаған күлкісімен баурап алатын. Енді жүре бастаған кезде ол күні бойы бір орында отырмай, әрі-бері жүруді қатты ұнататын. Тіпті түнде де бәрі ұйықтап жатқанда ұйқылы-ояу орнынан тұрып, өзі соны білместен далаға шығып кететінді шығарған. Үй іші осыған қатысты қатты алаңдайды. Құдыққа түсіп, не жоғалып кетсе, я болмаса жортып жүретін жыртқыштың бірі сүйреп кетсе, қайтпек?! Барлық әдісті қолданып көрді, нәтиже жоқ. Егер Кайс түнде тұрса, қоңыраудың дауысы үй ішіндегі біреуді оятар деген сеніммен амалы таусылған Баба Аюб қозысының мойнындағы кішкентай қоңырауды алып, Кайстың бір аяғына байлап қойды. Уақыт өте Кайстың түнде жүруі азайды. Десе де ол қоңырауды ұнатып қалғаны соншалық жылап, аяғынан алдырмады. Баба Аюб әбден шалдығып үйіне кірген сәтте алдынан сыңғырлаған қоңыраумен Кайс жүгіріп шығатын. Дастарқан басында отырғанда Баба Аюб балаларына қарап, олардың үйленгенін, өніп-өскенін көруді армандайтын. Сол кезде ол бұдан да үлкен отбасының әкесі атанады.
Бірақ Абдулла, Пари, Баба Аюбтың бақытты күні соңына таяды. Майдан-Сабзқа дәу келді. Ауылға жақындаған сәтте оның қадамынан жер қозғалады. Ауыл тұрғындары бұл дауысты естісімен қолындағы күректерін тастап, жан-жаққа қашты. Әркім үйіне қарай жүгіріп, есігін кілттеп алды. Ақыры дәудің қорқынышты қадамы тоқтады. Оның көлеңкесінен Майдан-Сабзтың аспаны тіпті көрінбей қалды. Тұрғындардың айтуынша, оның басында үлкен мүйіз бар, көзі қып-қызыл, арқасы мен құйрығын қалың қара жүн басқан. 
Майдан-Сабз халқы қорқыныштан дыбыс шығармай, әр тұрғыны іштей дұға етті. Себебі олар дәудің үй алдына тоқтап, шатырды ұрса, бір бала беру керегін білетін еді. Дәу баланы дорбасына салып, айқайлап, жылағанына қарамастан алысқа алып кетеді. Ол баланы енді ешкім көрмейді. Егер үй іші баланы беруден бас тартса, дәу үйдегі бүкіл баланы өлтіреді.
Ол баланы қайда апарады? Биік таудың бөктеріндегі қамалға. Оған жету үшін ауқымды алқаптан, бірнеше шөл даладан, екі тау жотасынан өту керек. Көбінің айтуынша, қамалдың іші түрлі пышаққа, сырты отқа оранған құдыққа толы.
Дәу кімнің шатырын дүрсілдетіп ұрғанын сезген боларсыңдар? Оны естіген Баба Аюб үрейден айқайлап жіберді, әйелі тұрған жерде тапжылмай қалды. Себебі таңға дейін отбасы құрбанды белгілеу керек.
Сол түнгі Баба Аюб пен әйелінің жан азабын қалай жеткізейін? Бір де бір ата-ананың басына мұндай таңдау түспесін. Түні бойы екеуі көз жасына ерік беріп, үйдің ішін кезіп шықты. Ақыры Баба Аюб пішіні бірдей бес тас алып, әрқайсысына балаларының есімін жазып шықты. Тасты сөмкеге салып, әйеліне ұсынды. Әйелі сөмкеде улы жылан көргендей тартынып, басын әрі-бері шайқай берді.
– Қолымнан келмейді. Таңдай алмаймын.
– Мен де, – деді Баба Аюб. Дегенмен терезеден күннің алғашқы шуағы көрінді. Уақыт тығыз. «Қолды аман алып қалу үшін, саусақты кесуге тура келеді» деген оймен балаларына қарады. Көзін жұмып, қолын сөмкеге салды.
Қай тасты алғанын түсінген боларсыз? Есімін көргенде Баба Аюб жүзін көкке көтеріп, жалбарына бастады. Жүрегі екіге бөлініп, Кайсты қолына алды. Екі қолымен әкесін қапсыра құшақтаған бала ештеңені түсінбеді. Тек сыртқа шығарып, әкесі есікті «тарс» жапқан кезде ғана бір жамандықты іші сезді. Баба Аюбтың көзінен жас тоқтаусыз ақты. Есіктің ар жағындағы бала жылап, кішкентай қолымен есікті ұрып, ашуын өтінді. Баба Аюб сыбырлаған дауыспен «Кешір мені, кешір мені» деген сөзді қайталай берді. Дәудің қадамының қорқынышты дауысы жақындай түсті. Шыңғырған Кайсты дорбасына салып, ауылдан алыстай берді. Бәрі бітті. Айнала тып-тыныш. Тек Баба Аюбтың тоқтаусыз жылап, кешірім сұраған дауысы ғана естіледі. 
– Абдулла, қарындасың ұйықтап қалды. Оның аяғын жауып қой. Мүмкін бүгінге жетеді? Жоқ? Жарайды.
Қай жеріне келіп едім? А, иә. Қырық күн қайғыру. Күнде Баба Аюбтың көршілері үйінде барын әкеліп, қайғысына ортақтасып, көңіл білдірді. Баба Аюбтың алғыс айтуға шамасы келмеді. Күні бойы бір бұрышта отырып, ауылдағы қуаңшылықты жойғысы келгендей тоқтаусыз жылай берді.
Арада біраз уақыт өтті. Ауылда су азайды. Табу да қиындады. Бірақ Баба Аюбтың жағдайы өзгермеді. Ол жұмыс істемеді, дұға жасамады, тіпті тамақ ішпеді. Күні бойы бір бұрышта отырып, алыстағы тауға қараумен күн кешті. Әйелі мен балалары оның отбасына оралуын тіледі. Қалған екі ұлы оның орнына егін екті. Ол көршілермен тілдесуді азайтты. Себебі оның ойынша, адамдар оны сырттай сөз етеді. Баласын өз еркімен бергені несі? Нағыз әке құбыжықпен шайқасатын еді. Тіпті отбасын қорғау жолында өлетін еді. Кештердің бірінде осы ойын әйеліне айтты.
– Ешкім ондай ештеңе айтып жүрген жоқ. Сені ешкім қорқақ деп ойламайды, алаңдама, – деп жауап берді әйелі.
– Мен естіп жүрмін ғой.
– Бұл өзіңнің дауысың, – деді әйелі.
Десе де ауыл тұрғындарының, расында, оны әңгімеге қосып жүргенін айтпады. Бірақ көбі оны есінен адасты деп ойлайтын.
Күндердің күнінде бұл сөздің шын екенін Баба Аюбтың өзі дәлелдеді. Таң ата сөмкесіне бір-екі нан салып, аяғына кебіс киіп, үйінен кетіп қалды. Ол ұзақ жүрді. Түнде үңгірде ұйықтады. Жеміс ағаштары бар алқапқа келгенде көлеңкесінде тынықты. Наны таусылған соң қолына түскенді жей берді. Бірде жидек, саңырауқұлақ тапса, бірде мүлде аш жүрді. Жолда кезіккен жан қайда бара жатқанын сұрағанда, бірі мазақ қылып күлді, бірі қорқыныштан қаша жөнелді, енді бірі сыртынан дұға етті. Аяғындағы кебісі жыртыла бастағанда ол оны жіппен байлап қойды. Жіп үзілгенде, ары қарай жалаңаяқ кетті. Осылайша ауқымды алқаптан, бірнеше шөл даладан, екі тау жотасынан өтті. Әйтеуір, дәудің биік қамалына келді.
– Қайсысыңның дәтің жетті? – деген қатты дауыс шықты, Баба Аюб есікке тас лақтырғанда.
– Мен Майдан-Сабздан келдім, – деді ол.
 – Өз еркіңмен келгеніңе қарағанда, өмір сүріп жалықтың ау деймін? Саған не керек?
– Мен сені өлтіруге келдім.
Есіктің ар жағы тынышталып қалды. Сосын шынжырлардың дыбысы шығып, есік ашылды. 
– Сенімдісің бе? – деді дәу.
– Екеуміздің біріміз бүгін өлеміз, – деп жауап берді Баба Аюб.
Қаласа бір сәтте қолына алып, ажал құштыруына болар еді. Бірақ дәу әлденені күткендей байғұс шалдың басынан аяғына дейін шолып шықты. Киімі жыртылып, үсті шаң басқан, аяғы қансырап, денесінде сүйегі ғана қалыпты. Десе де оның көзінен бір тамшы да қорқыныш байқалмайды.
 – Сен мені кенже ұлымнан айырдың. Мен үшін жалғандағы ең қымбат дүниені алып кеттің, – деді Баба Аюб.
– Өмірің ше?
– Сен оны әлдеқашан алғансың. 
– Ондай болса, саған көрсетерім бар.
Дәу үлкен сарайға қарай бет алды. Көп бөлменің қасынан өткеннен кейін олар үлкен залға келді. Залдың бір бөлігінде қабырғамен бірдей перде тұр. Ол пердені ашқанан кейін Баба Аюб биік шынының ішінде керемет бақшаны көрді. Бақшаның іші түрлі жеміс-жидекке, гүлге, ағашқа толы. Жердің барлығы мәрмәр таспен безендірілген. Бірнеше су бұрқағы атқылап, бақшаға ерекше көрік береді. Ол өмірінде мұндай әсем орынды көрмеген.
Бірақ ол сол бақшаның ішінде жүгіріп жүрген балаларды көргенде таңғалысын жасыра алмады. Олар бір-бірін қуып, шаттанып ойнап жүр. Баба Аюб көзімен іздей берді, іздей берді. Бір сәтте тапты. Ұлы Кайс тірі екен. Бойы да, шашы да өсіп қалыпты. Оның үстінде тап-таза ақ жейде мен қара шалбар. Екі досының артынан бақытты күйде жүгіріп жүр.
– Кайс, – деп сыбырлады Баба Аюб, қолын шыны қабырғаға қойып. Одан кейін бар дауысымен айқайлап, шақыра бастады.
– Ол сені естімейді де, көрмейді, – деді дәу. 
– Мен ештеңе түсінбедім.
– Мен сенің махаббатыңды сынадым. Сен одан абыроймен өттің. Бұл сенің сыйлығың.
– Ал егер мен басқасын таңдағанымда, болмаса ешқайсысын бермегенімде ше, – деп айқайлады Баба Аюб.
– Ол кезде мен барлық балаңды өлтіретін едім. Себебі әлсіз адамның баласы – қашанда қарғысқа ұшыраған. Өзінің ар-ұятының азабынан қорқып, баласына өлім тілеген адамның ұрпағы қашан да бақытсыз. Сен сондай ауыр азапты таңдадың. Сол үшін мен сені құрметтеймін.
Баба Аюбтың қолындағы орақ жерге құлады. Аяғы дірілдеп, өзі де жерге отыра кетті.
– Сен оның есінде жоқсың, – деп жалғастырды сөзін дәу. – Ол бұл жерде бақытты. Үстінде таза киім. Тамағы да жақсы. Бұл жақта оған жазуды, оқуды үйретеді.
– Мен оны көргім келеді, – деді Баба Аюб.
Құбыжық оның жанына құм сағатын қояды. Абдулла, ол қандай сағат екенін білесің ғой?
– Егер сен оны алып кеткің келсе, ол бұл жерге ешқашан қайтып келмейді. Алып кетпеймін деп шешсең, сен бұл жаққа қайта аяқ баспайсың. Құмның бәрі төгіліп болған соң жауабыңды айтасың, – деп дәу кетіп қалды.
Баба Аюб тағы да қиын таңдаудың алдында тұр. «Алып кетемін» деп ойлады бірден ол. Қанша уақыт бойы баласын құшағына басуды аңсамап па еді? Десе де... Оны алып кетсе, Майдан-Сабзта оны қандай өмір күтіп тұр? Өзі секілді таңнан кешке дейін күрекпен алысады. Оның өзінде ауылдағы өзге балалар секілді шөлден өліп қалмаса. Болашағы жарқын жерден алып кетсең, өкінбейсің бе, Баба Аюб? Бірақ баласы тірі ғой. Енді мұны біле тұра сағынбауы мүмкін емес. Баба Аюб жылады. Жердегі сағатты алып, бар күшімен лақтырып жіберді. Сағат жүздеген бөлшекке бөлініп, ішіндегі құм шашылып кетті.
– Қатыгез қанішер, – деді Баба Аюб дәудің қасына келгенде.
– Менің орнымда болсаң, қатыгездік пен қайырымдылықтың түсі бір екенін ұғынасың. Таңдау жасадың ба, – деді дәу күрсініп.
Баба Аюб қолындағы орағын беліне байлап, басы салбырап, есікке қарай беттеді.
– Мынаны ал, – деді дәу шал жанынан өте бергенде, – қайтар жолда міндетті түрде іш.
Баба Аюб ұлын күткендей үйінің алдында енді күнде әйелі отырады. Ауылдың тұрғындары Баба Аюб туралы өткен шақта айта бастады. Бірақ әйелі күдерін үзбей, дұғасын қайталай берді. Сондай кештердің бірінде Майдан-Сабз тауларынан келе жатқан адам сұлбасын байқады. Бастапқыда ол оны қайыр сұрайтын жарымжан деп ойлады. Жақындаған кезде ғана күйеуін таныды. Қуаныштан орнынан түрегеліп, таныс жанға қарай жүгірді.
Оны тамақтандырып, жуындырып болған соң жан-жағында көршілері жиналып, сұрақтың астына алды.
– Қайдан келдің, Баба Аюб?
– Не көрдің?
– Саған не болды?
Баба Аюб олардың біріне де жауап бере алмады. Себебі тау-тасты кезіп, шөл даладан өткенін, алып бекіністі, сарайды, оның ішіндегі бақшаны, балаларды, бірін де есіне түсіре алмады. Түс секілді өте шықты.  Кайс туралы сұрағанда Баба Аюб «ол кім?» деп таңырқайтын. Себебі дәу берген дәрінің көмегімен ол Кайс есімді ұлы болғанын ұмытып қалған.
Одан кейін де біраз уақыт өтті. Майдан-Сабзтағы қуаңшылық азайып, жаңбыр жиі жауа бастады. Топырақ та құнарланып, түрлі ағаш, жеміс, көкөніс өсе бастады. Халқының әл-ауқаты жақсарды.
Абдулла, сен мүмкін «ауылдың жанынан шашы қара, бойы ұзын, көзі көкшіл жігіт өтпеді ме? Ауыл тұрғындарымен, тіпті Баба Аюбтың өзімен тілдеспеді ме?» деп сұрайтын боларсың. Өкінішке қарай, жоқ балам. Бірақ Баба Аюб ұлдарының үйленіп, қыздарының тұрмысқа шыққанын көрді. Өзі армандағандай немере сүйіп, шөбере көріп, үлкен отбасының атасына айналды.
Десе де кей түні Баба Аюб ұйықтай алмайтын. Кәрі болса да, таяққа сүйеніп, өзі жүре алады. Сондай ұйқысыз түннің көбінде әйелін оятып алмайын деп ақырын төсегінен тұрып, далаға шығатын. Түнгі ауаны терең тыныстап, аспандағы жұлдыздарға қарағанды ұнатады. Өткен өмірін еске алып, ұл-қызы, жары, отбасының барына шүкіршілік етіп, сағаттап далада отыратын. Желдің уілдеген дыбысына құлақ түріп, түнгі құстардың дауысын жиі тыңдайды.
Кей кездері оған басқа да дыбыс естілгендей көрінетін. Оның құлағына қайта-қайта кішкентай қоңыраудың сылдырлаған дауысы келеді. Ол қозы мен қойлар ұйықтап жатқанда бұл дауыстың қайдан шығатынын түсінбейтін. Кейде дауыстап іздейді:
– Кім бар мұнда? Қане, көрін.
Бір рет те жауап қайтпады. Баба Аюб осы қоңыраудың дыбысы естілгенде жүрегі белгісіз мұңға шомылатынын байқайтын, бірақ себебін түсінбейді. Дегенмен уақыт алға жылжыған сайын бұл мұң азая бастады. Өмірдегі барлық дүние секілді бұл да өте шықты.
Міне, балам, ертегінің соңы. Ал енді демалайық. Шамды өшір де, көзіңді жұм. Ертең бізді ұзақ жол күтіп тұр.
Халед ХОССЕЙНИ
Аударған: Әсел БЕГМАН
07 маусым 2018 ж. 1 277 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031